Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ҚР оқу-ағарту министрлігі орта білім саласында «Оқуға құштар мектеп» жобасын қолға алды.
Бұл жоба өскелең ұрпақты бала кезінен кітап оқуға дағдыландыру, халық арасында оқу мәдениетін қалыптастыру, ел болып әлемдегі ең көп кітап оқитын он елдің қатарына енуді мақсат етіп отыр. Қала мектептерінде жаңа жоба жүйелі жүзеге асуда.
Жаңа жобаның жетістігі
Нәлқожа Ергешбаев атындағы №172 орта мектебі – «Оқуға құштар мектеп» жобасын қолға алып, білім мен тәрбиені қатар өркендеткен тұғырлы білім ордасы. 2023-2026 оқу жылында тірек мектебі ретінде «Балалар кітапханасы» бағдарламасы аясында «Оқитын мектеп – табысты мектеп» жобасын жүйелі түрде іске асырумен ерекшеленіп, қала мектептерінің арасында көш бастап тұр.
Еске сала кетейік, жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру, көркем әдебиет арқылы жан-жақты ойлауын дамыту, бойына рухани-адамгершілік құндылықты сіңіру және отбасылық оқу мәдениетін қалыптастыру. 2024-2025 оқу жылындағы педагогикалық ұжым құрастырған 1-4 сынып оқушыларына арналған «Оқитын мектеп – табысты мектеп» әдістемелік құралы облыстық сараптамадан өтіп, республикалық сараптамаға ұсынылған.
– Мектепте оқушыларға кітап оқуға қолайлы орта қалыптастыру, оқу мәдениетін дамыту және заманауи білім беру инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында бірқатар материалдық-техникалық жабдықтар алдық. Мәселен, акт залға LED экран, барлық оқу кабинетіне интерактивті панель, кітапханаға кітаптарды дезинфекциялау құралы, 47 заманауи үлгідегі парта мен орындықтар алынды. Оқушылардың денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және спорттық ойынды дамыту мақсатында мектепке шағын футбол, баскетбол және волейбол алаңы салынды. Бұл игілікті істер оқушылардың оқу белсенділігін арттыруға, кітап оқуға ынталандыруға, цифрлық сауаттылығын дамытуға және білім беру үдерісін заманауи талапқа сай ұйымдастыруға бағытталды. Үш жыл ішінде жоба аясында жүйелі жұмыс жүргізілді. Кітапханада 75 іс-шара, 9 кітап көрмесі, ақын-жазушылармен 6 кездесу, 7 кітап оқу акциясы, 12 кітапхана сабағы, 6 буккроссинг іс-шарасы ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Дебат» жобасы бойынша – 12, «Мектеп театры» бағыты бойынша 18 іс-шара өтті. Көркем әдебиетті оқытуға байланысты 24 байқау ұйымдастырылып, оған ата-аналар белсенді қатысты, – дейді мектеп директоры Мария Байділдаева.

Бұған қоса жоба аясында көркем әдебиеттер мен балалар басылымы 204 сабақ пен сыныптан тыс жұмыстарға енгізіліп, 35 зерттеу сабағы, 34 сынып сағаты, 21 сыныптан тыс шара өткізілген. «Quiz Doda» жобасы бойынша 5-11 сыныптармен айына 2 рет, «Bilgen Doda» жобасы бойынша 2-4 сыныптарда айына 1 рет, «Жылжымалы тақта» жобасы аясында 5-11 сыныптарда айына 2 рет сабақ жүргізілген. «Lesson Study» зерттеу сабағы педагогикалық кеңестің шешімі негізінде білім сапасы төмен сыныптарда жүйелі өткізілген.
2024-2026 жылдары «Менің сүйікті кітабым» республикалық челленджі қолдау тауып, оқушылар Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», Абай Құнанбайұлының «Масғұт», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармалары насихатталған.
Тағы бір айта кетерлік ақжолтай жаңалық, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Мәрзия Аяпова «Оқитын мектеп – табысты мектеп» жобасы аясында білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталып, мектептің абыройын асқақтатса, «Айгөлек» журналының 25 жылдық меретойында 2 «А» сынып оқушылары Жансу Махамбетқали мен Нұрасыл Серікбай байқау қорытындысымен ҚР Оқу-ағарту министрінің «Алғыс хатымен» марапатталған.
1-4 сыныптар бойынша республикалық балалар баспасөзіне жазылу көрсеткіші 150 оқушыға жетіп, буккроссинг аясында 15 оқушы 15 кітап, 20 мұғалім 40 кітап алмасып, мектеп кітапханасының қорына 30 кітап сыйға тартты.
2024 жылы облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен мектеп базасында «Оқуға құштар мектеп жобасы: оқушылардың оқу сауаттылығын қалыптастыру мен жетілдірудегі рөлі» тақырыбында облыстық семинар, «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім беру» тамыз кеңесі аясында «Балалар кітапханасы – оқитын ұлт қалыптастыру» тақырыбында облыстық секция отырысы, «Білімге жаңа серпін: жасанды интеллект дәуіріндегі интеграцияланған пәндер» тақырыбында қалалық ғылыми-әдістемелік семинар, Ұлттық кітап күніне орай «Оқушылардың кітап оқу мәдениетін бастауыш сыныпта қалыптастырудың әдіс-тәсілдері» тақырыбында облыстық семинар, Оқу-ағарту министрлігінің республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының ұйымдастыруымен «Тәжірибе. Ізденіс. Даму: Көркем әдебиетті жаратылыстану пәндері арқылы оқытудағы заманауи тәжірибелер» тақырыбында республикалық семинар өткізілсе, қаңтар айында облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен ZOOM платформасында «Көркем әдебиет арқылы жаратылыстануды таны» және бастауыш сыныптарда жобаны дамытуға арналған облыстық әдістемелік отырыс өткізілген.
Аталған іс-шаралар барысында көркем әдебиетті жаратылыстану-математикалық пәндермен байланыстыру, STEAM-білім беру технологиясын қолдану, жобалық оқыту мен цифрлық құралды тиімді пайдалану бағытындағы тәжірибе алаңына айналған мектепте пәнаралық байланыс арқылы оқушылардың ғылыми тілін дамыту, сыни ойлауын жетілдіру, зерттеушілік және шығармашылық қабілетін арттыру бағытында нақты нәтижеге қол жеткені көңіл қуантады.
Жобаның төрт негізгі бағыты – баспасөзге жазылу мәдениеті, сабаққа әдебиетті енгізу, сыныптан тыс жұмыс және «Отбасыммен оқимын» бағыты тұрақты жолға қойылып, ай сайын, тоқсандық және жылдық жоспар жүзеге асып келеді.
Бұл іргелі жұмыс нәтижесі биылғы оқу жылы Нәлқожа Ергешбаев атындағы №172 орта мектебі үшін білім мен ғылымда, өнер мен спортта жарқын жетістікке толы табысты кезең болғанын айғақтайды. Жыл бойы оқушылар түрлі деңгейдегі зияткерлік сайыстарда, ғылыми жобаларда, шығармашылық байқау мен спорттық жарыста жоғары нәтиже көрсетіп, білім ордасының абыройын асқақтатқан.
– Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңіне қатысқан 5 оқушының 2-і жүлделі орын алды. 9 «Ә» сынып оқушысы Балнұр Нұрлыбекова «Техника» бағыты бойынша ІІ орын, 11 «А» сынып оқушысы Назерке Бақытжан «Өлкетану» бағыты бойынша ІІ орын жеңіп алды. 2-7 сынып оқушылары арасында өткен «Зерде» республикалық зерттеу жобалары мен шығармашылық конкурсында Данияр Мақсатұлы «Тарих, өлкетану» секциясы бойынша қалалық және облыстық кезеңде І орын иеленіп, республикалық кезеңде ІІІ орын иеленді. Бұл жоба жетекшісі Балнұр Жарасбекова мен ұстазы Құндызай Түменбаеваның еңбегі.
Республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінен 2 оқушы І орын алып, облыстық кезеңге жолдама алса, 11 оқушы ІІ орын, 6 оқушы ІІІ орын иеленді. Облыстық кезеңде Сая Қосылбай «Құқық негіздері» пәнінен ІІІ орын иеленіп, мектеп қоржынына тағы бір жетістік қосты, – дейді мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Мәрзия Аяпова.
Шығармашылық бағытта да мектеп оқушылары жоғары нәтиже көрсетіп, өздерінің жүйріктігін дәлелдеп келеді. Мәселен, облыс әкімінің жүлдесі үшін өткен «Сыр лигасы» жобасында «Жайдарман» ойындарының облыстық кезеңінде «Тас Париж» командасы І орынды жеңіп алғаны жетекшісі Мария Байділдаеваның тынымсыз еңбегінің жемісі. «Жеті өнер жұлдыздары» республикалық шығармашылық конкурсында «Мереке» домбырашылар ансамблі бас жүлдені иеленді. Бұл, әрине, жетекшілері Мария Байділдаева мен Еркін Базарбаевтың еселі еңбегі.
Психологиялық-педагогикалық қолдау маңызды
Білім ұясында 2025 жылдың қазан айында «Инклюзивті білім беруді дамыту округтері» жобасы аясында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеттері ашылды.
Мектеп директоры Мария Байділдаеваның айтуынша, жаңа кабинеттер заманауи талапқа сай екі бағытта жабдықталған. Бірінші кабинет – оқу үдерісіне арналған цифрлық және инновациялық технологиямен қамтамасыз етілген. Мұнда балалардың танымдық және зияткерлік қабілетін дамытуға бағытталған мультимедиялық бағдарлама, интерактивті айна, сөйлеуді дамыту тренажері, бейімделген компьютерлік құрал және басқа да цифрлық құрылғы тиімді қолданылуда.
Екінші кабинет – ойын және релаксациялық аймақ. Бұл бөлімде балалардың эмоциялық жай-күйін тұрақтандыруға, ұсақ моторикасын, қимыл-қозғалыс белсенділігін және әлеуметтік дағдысын дамытуға арналған түрлі ойын құралы мен сенсорлық жабдықпен қамтылған. Аталған екі кабинет өзара үйлесімді жұмыс істей отырып, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға кешенді психологиялық және педагогикалық қолдауда жетістік алаңына айналған.
Бұл кабинеттердің ашылуы ерекше білімді қажет ететін балалардың дамуына ықпал еткен. Нәтижесінде ұстаз Мөлдір Нұрылдаеваның жетекшілігімен «Шексіз өмір» республикалық фестивалінің облыстық кезеңінде Осман Айнабек І орын, Нұрсұлтан Әбдуғафаров ІІ орын иеленді. Бақыткүл Әлмаханованың жетекшілігімен «Жұлдызай-2025» ұлттық инклюзивті ойынында Ұлжан Бақтыбай үстел теннисінен облыстық және республикалық кезеңде І орынға табан тіреді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс нәтижесінде оқушылардың оқу жылдамдығы мен сөздік қоры артып, пәнге қызығушылығы мен сауаттылығы артқан. Ата-аналардың оқу процесіне қатысу белсенділігі күшейіп, отбасылық оқу дәстүрі қалыптаса бастаған.
Сапалы білім – білікті мұғалім
Қазіргі білім беру жүйесінде мұғалімнің кәсіби деңгейі мен біліктілігі – сапалы білімнің басты кепілі. Осы бағытта Н.Ергешбаев атындағы №172 орта мектептің педагогикалық ұжымы өз білімін үнемі жетілдіріп, кәсіби дамуға ерекше көңіл бөліп келеді.
2025-2026 оқу жылында мектепте барлығы 80 мұғалім еңбек етеді. Ұжымдағы педагогтердің басым бөлігі жоғары білімді. Атап айтқанда, 71 мұғалім жоғары білімді, ал 6 педагог магистр дәрежесіне ие. Бұл көрсеткіш мектептегі кадрлық әлеуеттің жоғары екенін аңғартады.
Сонымен қатар мұғалімдердің кәсіби санаттары да жылдан-жылға артып келеді. Бүгінде мектепте 17-педагог-зерттеуші, 27-педагог-сарапшы қызмет атқарады. Ал педагог-шебер, педагог-зерттеуші және педагог-сарапшы санатындағы мұғалімдердің жалпы үлесі 55 пайызды құрайды. Бұл – білім ордасында тәжірибелі әрі кәсіби мамандардың көп екенін көрсететін маңызды көрсеткіш.
«Мұғалім – мектептің жүрегі» деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай мұғалім тек білім беріп қана қоймай, оқушылардың жан-жақты дамуына, шығармашылық қабілетінің қалыптасуына үлес қосып келеді. Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған жұмыстар, түрлі семинарлар мен байқауларға белсенді қатысу – мектеп ұжымының даму жолындағы маңызды қадамның бірі.
Мұғалім жетістігі – шәкірт білімі мен тәрбиесінде, оның жүрегіне ізгілік ұялатуында. Мұғалімнің басты жетістігі – өз пәнін сүюі, үздіксіз ізденісі және шәкірттерінің жетістігіне қуана білуі.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!