Абай айтқан дүниенің кетігіне кірпіш боп қалануда ең бірінші қажет нәрсе – еңбек. Толарсақтан саз кешпесе де, еңбек күшімен несібе тапқан жандардың бәсі қашанда биік. Биыл – «Жұмысшы мамандықтары» жылы. Мемлекет басшысы еңбек адамына құрмет көрсетуге шақырған еді. Әрине, еңбек адамын қадірлеу толастамайтыны анық.
Бүгінгі оқушыларға еңбектің жемісі турасында насихат айту да маңызды.
Осыған орай мектеп оқушылар қаладағы бірқатар кәсіптік нысандарды аралап қайтты.
Бұл бастама жұмысшы мамандардың қоғамдағы беделін арттырып, кәсіптік бағытты дамытуға мүмкіндік бермек. Бүгінде құрылыс, энергетика, өндіріс, сауда және ауыл шаруашылығы саласындағы қарапайым еңбеккерлердің жұмысы дәріптеліп, салаға қызығушылық танытқан жастардың жаңа толқыны қалыптасып келеді. «Жұмысшы күні» деп аталған іс-шара республикалық көлемде аталып өтуде. Жоба аясында мектеп оқушылары мамандық бағыттары бойынша қаладағы ірі кәсіпорындарға экскурсия жасап, өндіріс орындарының ішкі жұмысымен танысады.
Аймақ бойынша мектеп оқушылары ең алдымен «Orda Glass LTD» ЖШС-нің шыны зауытына барды. Қысқа уақытта қуатты кәсіпорынға айналған мекеме өткен жылы 6,7 млрд теңгені құрайтын энергия үнемдейтін жаңа құрылғылармен толықтырылған. Өндіріс көлемі де 2 есеге артқан зауыт өнімдері Ресейге, Өзбекстанға, Қырғызстанға және Тәжікстанға экспортталуда.
Оқушылар мұнан кейін ірі кәсіпорынның бірі – «Жан-Арай» ЖШС-нің күріш ақтау зауытының жұмысын көрді. Мұндағы техникалық мүмкіндіктер, өндіріске қажетті құрылғылар мен жұмыс процесі экскурсия мүшелеріне толық таныстырылды. Шара барысында жастар жұмысшы мамандарымен сұрақ-жауап алмасты.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!