Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 18:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Оқырман хаты: 3 миллионды 22 жылға алдым

10.02.2024

830 0

Сурет: Н.Нұржаубай

Оқырмандардың есінде болар, газеттің №10 (3 ақпан, 2024) санында «Несие пайызы төмендей ме?» деген мақала жарияланған еді. Бұл тақырып оқырманның басым бөлігін елең еткізсе керек. «Несие пайызы төмендесе жақсы болар еді» деп тілек білдірген оқырмандар қатары аз болған жоқ. Соның бірі – қала тұрғыны Клара Бисенова. «Несие пайызы арзандаса 20 жыл бойы төлеп келе жатқан қарызымнан құтылар ма едім» дейді ол. Қала тұрғынынан несиені не үшін, қанша көлемде алғанын сұрадық.

– 3 миллион теңге ипотекалық несиені 22 жылға алдық.

– 3 миллион ба? Қателесіп тұрған жоқсыз ба? – дедік біз таңғалып.

– Иә, 3 миллион. Жолдасым 3 бөлмелі үй алу мақсатында 2007 жылы 3 миллион теңге несие алған. Соны әлі төлеп келе жатырмыз. Несие кестесіне қарап қоямыз. Әзірге азаяр түрі жоқ.

– Қай банктен алдыңыз?

– «БТА Ипотекадан» алдық. Кейін ол банк жабылып, «Халық» банкке қосылды. Қазір сол кесте бойынша «Халық» банкке төлейміз.

– Айына қанша төлейсіз?

– 33208 теңге.

– Сонда 3 млн теңгені неше млн етіп қайтарасыз?

– 9 млн етіп қайтарамыз. 3 бөлмелі үйімізді енді 9 млн-ға сата да алмайтын шығармыз. Ескі үй ғой, 1971 жылы салынған.

– ….

Оқырманға әрі қарай не деп жауап берерімізді білмедік. Бар болғаны 3 млн теңгені 22 жылға бөліп, халықты қанаған банктің іс-әрекетіне күлеріңді не жыларыңды білмейсің. Әлде несие аларда есептей білмеген қарапайым тұрғынға күлеміз бе? Мұндайда қаржылық сауаттылық туралы айтып, халықты кінәлайтынымыз шындық. Алайда халықты да кінәлай алмайсың. 2007 жылы әлі ипотекалық несие дегенді дұрыс түсіне қоймаған халық үшін ең бастысы бір баспанам болса деген тілек ғана болды. Дәл сол сәтте 3 миллионды ешкім қарызға бере алмайтыны да белгілі. Ал банктің үй алу үшін қарыз беруі сол уақытта жұртқа тегін баспана бергендей әсер қалдырғаны да рас. Қалай болса да, өз баспанасы болғанына қуанған ел дәл сол кезде оны неше есе етіп қайтарам дегенді есептеген де, ойлаған да жоқ. 2007 жылдан бері қанша рет инфляция болып, теңге қанша рет құнсызданса да, қарапайым тұрғын үшін 3 млн теңгені 22 жыл бойы төлеу оңайға соғып тұрмағаны белгілі. Әрине, біз қаржы маманы немесе банк қызметкері емеспіз. Дегенмен несие кестесіне қарап 3 млн теңгенің 22 жылға қалай бөліп төлеуге болатынын  бүгінде аты да, заты да жоқ «БТА Ипотеканың» қалай ойлап тапқанын талдап көрелік. Банк несиені бастапқы кезде 16,5 пайызбен берген. Бұл кезде несие алушы айына 45268 теңге 17 тиын төлеген. Кестеде көрсетілгендей, оның 752 теңге 54 тиыны негізгі қарыз болып саналса, 44515,63 теңгесі банктің сыйақысы ретінде банк шотына түсіп отырған. Ал 23 айдан кейін несие пайызы 11 пайызға төмендеген. Әрине, бұл қарыз алушы үшін қуанышты хабар. Бұл кезде несие алған адам ай сайын 33208 теңге 63 тиын төлей бастайды. Бұл кезде негізгі қарыз көлемі де сәл де болса көбейген. Яғни несиеге төлеген соманың 3800 теңге негізгі қарызды жабады да, 29000 теңгесі банктің сыйақысы. Негізінен банктің сыйақысын төлеп, негізгі қарызды 700 теңгеден бастап жапқан несие төлеушінің «тиындап» төлегені 22 жылдан соң 3 млн 237 мың 500 теңгеге толады. Ал бұл кезде банктің сыйақысы өскен үстіне өсе түсіп, 22 жыл дегенде 5 млн-ның үстіне шығады. Бір тұрғынның 22 жыл бойы бел жазбай еңбек етіп төлеген несиесінен банк 9 млн пайда тапты. Ал 22 жылда қарыз қамытынан босаған тұрғын 20 жыл бұрын сатып алған ескі үйін 9 млн-ға сата алмайды. Себебі 22 жылда үй де ескірді, өзі де қартайды.

– Құдай қаласа, 2026 жылы несиемізден құтыламыз. Бірақ 3 бөлмелі үйімізді 9 млн-ға сата алар ма екенбіз? Мұндай бағаға өтпейтін шығар. 1971 жылы салынған үй. 50 жылдан асып кетті. Енді ол үйді кепілге де алмайды ғой. Бас аман болсын, төлеп жатырмыз. Несие пайызы төмендесе, бәлкім, одан да ертерек жауып тастауға мүмкіндік болар ма деген үміт қой, – дейді қала тұрғыны Клара Бисенова.

Осы орайда бұл мәселе бойынша экономист пікіріне сүйенгенді жөн көрдік. Белгілі экономист Мақсат Халық банктің несие пайызы өте жоғары екенін айтады.

– Банктің несие пайызы өте жоғары және ұзақ жылға берілгендіктен солай болып тұр. Бұл егер «Отбасы» банк арқылы рәсімделген болса, әлдеқайда пайызы төмен болар еді. Несие сол кездегі «БТА» банкпен рәсімделген және басында несие 16 пайызбен берілсе, кейін 10-11 пайызға түсірген. Бірақ ұзақ жылға берілгендіктен, өте көп қаражат төлеуге тура келген. Сондай-ақ несие төлеудің тең бөліп төлеу емес, ануитеттік жолы таңдалған. Сол себепті бірінші кезекте негізгі қарызды өте аз қаражатпен жауып, сонша жыл бойы несиенің пайызын ғана төлеп келеді деп айтуға негіз бар. Ал негізгі қарыз ұзақ жылдан соң ғана жабылуда. Сондықтан тұрғын несиенің ауырпалығын өзіне алып отыр деп айтуға негіз бар. Қазір, міне, банктің өзі де жоқ, бірақ несиені әлі өндіріп отыр. Әрине, менің ойымша, несиені ертерек жауып тастауға тырысу керек немесе өзге банктер арқылы қайта қаржыландыру бойынша тиімді жолдарын қарастыру керек. Яғни қысқа мерзімде, әлдеқайда төмен пайыздармен алуға болады, – дейді экономист.

P.S Бүгінде елде «Қарызсыз қоғам» жобасы қарқынды жүруде. Басты мақсат – халықтың қаржылай сауатын арттыру, өз табысын басқаруға үйрету. Осы орайда халықтың ғана емес, халық есебінен күн көрген банктердің де жауапкершілігін қараса, несиені негізсіз қымбат пайызбен емес, тиімді жолдарын ұсыну қажет екені талап етілсе, қарыздан қиналған елдің жүгі жеңілдер еді.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: