Сейсенбі, 18 наурыз, 22:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№20,2133
18.03.2025
PDF мұрағаты

«Orda»  – Жұмысшы мамандар  ұстаханасы

18.03.2025

165 0

«Orda» жоғары колледжі – уақыт тала­бына сай бәсекеге қабілетті, кәсіби маман даяр­­лауды мақсат еткен оқу орындарының бірі.  Іргетасы 2001 жылы қаланып, осы жылдар ішінде жеткен жетістігі аз емес. Уақыт талабына сай жыл сайын жаңарып келе жатқан оқу орнының жұмысшы маман даярлауда өзіндік орны бар. Мұның бәрі ұжымдағы оқытушылар мен студенттердің бірлескен, үндескен жұмыстарының нәтижесі.

– Колледж 2001-2002 жылы «Қызылорда заң» колледжі болып ашылып, «Құқықтану» мамандығы бойынша 127 талапкерлер қабылдаған. Содан кейін 2004-2005 оқу жылында «Кеден ісі», «Банк ісі», «Салық ісі», «Бастауыш сыныпты оқыту», «Аударма ісі», «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі», «Экономика, бухгалтерлік есеп және аудит» мамандықтары ашы­лып, колледж атауы «Қызылорда гуманитарлық заң колледжі» болып өзгертілді. Оқу орны 2020 жылы «Orda» жоғары колледжі мемлекеттік емес білім беру мекемесі болып атауын өзгертті, – дейді «Orda» жоғары колледжінің директоры Гүлжамила Досжанова.

«Orda»  – Жұмысшы мамандар  ұстаханасы

Қазір колледжде 2048 студент білім алуда. Жыл сайын мұнда еңбек нарығындағы сұранысқа сай маман­дықтар толығуда. 20 жылда білім орда­сы талай биіктерді бағындырды. Оқу орны халықаралық білім кеңістігіне еркін қанат жая бастады. Жыл өткен сайын жаңа мамандықтар қосылып, колледждің оқу-материалдық базасы жаңарды. Уақыт сұранысына сай білім алушылар саны жылдан-жылға артты. Автомобиль көлігіне техникалық қыз­мет көрсету, жөндеу және пайда­лану мамандығына сұраныстың көбеюіне байланысты колледж ба­засында биылғы оқу техникалық жөн­деу орталығы қолданысқа беріл­ген. Электроника – ІТ саласының, робототехника, мехатроника сияқты ғылымдардың негізі. Сол себепті оқу орнында «Электроника» құзыреттілік орталығы ашылған. Алдағы уақытта колледж студенттерін ғана емес, басқа да оқу орындарының оқытушыларына, студенттеріне арналған курстар, тәжіри­белік сабақтар өткізу жоспарлануда.

Колледж білім алушыларына жал­пы үш әлеуметтік төлем жүргізіледі. Олар: мемлекеттік шәкіртақы, ыстық тамақ­қа бөлінген қаражат және ауылдық елді-мекендерден оқуға түскен білім алушылар үшін қалааралық  темір­жол және автомобиль көлігінде жеңіл­дікпен жол жүруді қамтамасыз  ету қағидаларына сәйкес жол жүруге өтем­ақы  төленеді. 

– Колледжімізде соңғы жылдары студенттердің басым көпшілігі ІТ және автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайда­лану мамандығына таңдау жасап, оқу­ға қабылданды. Осы мамандықтарға қызығушылық артып, соған сай білім беруді мақсат еттік. Бұл мақсатта автокөлік, ІТ саласы бойынша Германия, Швейцария елдерінен ар­найы эксперттер шақырдық. Олар соңғы технологиялар бойынша  үш апталық курс өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті. Оқытушыларымыз қайта даяр­ланып, біліктілігін  арттырды. Соңында «Халықаралық тәжірибе – колледж кеңістігінде» атты баспасөз мәслихаты  өтті. Іс-шараға  колледждің ақпараттық технология мамандары, автокөлік жөндеу саласының оқы­ту­шылары, өндірістік оқыту шебер­лері мен олардың шәкірттері қа­тысты. Швейцариядан келген ІТ ма­маны Уолтер Шмуц «Ақпараттық қауіпсіздік», «Бағдарламалық қамта­масыз ету» бейін­дері бойынша дәріс беріп, өз тәжірибесімен бөліссе, авто­мобиль жөндеу маманы Манфред Циглер көлік жөндеудің қыр-сырын айтты. Колледж әлемдік білім беру кеңістігіне қосылу жолында ілгері қадам жасауда. Білім беруді әлемдік стандарттық деңгейге көтеру, бәсекеге қабілетті жаңа буын қалыптасты­ру, білім беру қызметі нарығынан орын алу, жетекші отандық және шетелдік білім беру мекемелерімен тең дәрежеде қарым-қатынас орнату мақсатында «Орда» жоғары колледжі академиялық ұтқырлық бағытын­да Қырғызстан Республикасы, Қыр­ғызстан халықаралық универсалды колледжімен, ИСИТО колледжімен, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлт­тық университетімен, Халықаралық ІТ және бизнес колледжімен меморандумға қол қойды. Оңтүстік Кореяның  Sokuluk Sejong оқу орны басшысы Лю Бенг Ил мырзамен әріптестік байланыс ор­натты. Сонымен қатар Түрік елінің оқу орындарымен келіссөз жүргізуде,  – дейді колледж директоры.

Жаңа Қазақстанды құруда әрбір жас өз үлесін қосуы тиіс. Мемлекеттің дамуына өзін­дік қолтаңба  қалдыру  мақсатында бүгінгі ұрпақ білікті де білімді маман иесі болуға талпынуы қажет. Осы тұрғыда колледж сту­денттері алдына айқын мақсат қойған.

Мәселен, автокөлікке техника­лық қызмет көрсету мамандығы бойынша 3-ші курс студенті Айболат Мұхамедияр болашақта машина жөн­деу кәсібін ашуда мақсат еткен.

«Orda»  – Жұмысшы мамандар  ұстаханасы

– Мамандық таңдау – өмірдегі маңызды ше­шімдердің бірі. Қоғамда әр мамандықтың өз орны бар. Бірі білім берсе, енді бірі емдейді. Ал үшін­шісі адамдардың күнделікті өмірін жеңілдетуге үлес қосады. Солардың бірі – көлік жөндеушілер. Бұл ма­мандықтың да адамға тигізер көмегі көп. Осы мамандыққа қатты қызық­тым. Мен мамандығымды кәсібіммен байланыстырғым келді. Болашақта машина жөндеу бойынша кәсіпті қолға алу жоспарда бар. Осы кезде дейін бұл салада көптеген қажетті дүниені үйрендім. Сондай-ақ таныстарымның көлігі бұзылып қалса, тәжірибелік тұрғыда білгеніммен көмектесемін. Бұл қызмет маған ұнайды, – дейді ол.

Бұл оқу орында қазіргі уақытта студентті кәсіби маман етіп шығару мақсатында жүйелі жұмыс жүруде. Оқу орны қоғамға  қажетті жұмысшы мамандарды даярлауда өз үлесін қоса бермек. Осы уақытқа дейін жеткен жетістігі аз емес. Мәселен, облыс бойынша өткен «Үздік колледж – 2009» байқауында «Үздік» номинациясын иеленген. Сон­дай-ақ Оңтүстік өңірлердегі оқу орын­дары ішінен «Алтын көшбасшы»  сертификатына иеленген. Одан бө­лек «WorldSkills Kazakhstan-2024» ұлттық чемпионатында «Мобильді ро­бототехника» құзіреттілігі бойынша Ертай Абылайхан мен Абдугани Исмоил  «Үздік маман» атағын жеңіп алған.

– Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл маман­дықтың мәртебесі артып, жастардың қызығушылығын оятады деп ойлай­мын. Ең бастысы әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруы тиіс. Біз де қоғамға жаны ашып, шын еңбек ететін нағыз еңбек адамдарын дайындауды мақсат етіп отырмыз, – дейді «Orda» жоғары колледжінің директоры Гүлжамила Досжанова.

Жұмысшы мамандықтары жылы қоғамда еңбек­қорлық пен кәсіпқой­лық идеясын ілгерілетуге ықпал етеді. Бұл тұрғыда мектеп қабырғасынан үлкен өмірге алғаш қадам басқан жас­тың білікті маман болып қалыптасуына баулитын кәсіптік білім беретін оқу орындарының атқаратын рөлі зор. Осы жыл еңбек адамдарына деген ерекше құрметтің белгісі ретінде есте қалары анық.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

Суретті түсірген

Нұрболат Нұржаубай

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: