Жексенбі, 04 мамыр, 00:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32,2145
03.05.2025
PDF мұрағаты

От – жалында шыңдалған жан

03.05.2025

41 0

1939 жылы 23 тамыздағы Германия мен КСРО арасындағы шабуыл жасаспау туралы келісімді фашистік Германия 1941 жылы 22 маусымда бұзып, соғыс жарияламастан КСРО аумағына тұтқиылдан басып кірді. Гитлердің бұл соғыстағы басты мақсаты өзі жасаған стратегиялық «Барбаросса жоспары» арқылы соғысты қысқа мерзім ішінде (3-4 ай) аяқтап, нәсілдік таза мемлекет құру арқылы әлемдік үстемдікке жетуге деген ұмтылысы еді. Кеңес Одағы адамдарының патриоттық сезімдері әрине, бұл жоспарға қарсы тұра білді. Қазақстандық жауынгерлер Кеңес әскері құрамында Украинаны, Белоруссияны, Балтық бойын, Шығыс Еуропа халықтарын Гитлердің тепкісінен азат етті. Міне, осылай Кеңес халқы мен оның Қарулы күштері бұдан 80 жыл бұрын адам баласының қас жауы фашизмді талқандап, өз елінің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғап, Еуропа халықтарын фашизмнің қанды шеңгелінен құтқарып, жеңімпаз халық атанды. Жалпы екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс Кеңес одағына өте қымбатқа түсті. Елде 27 млн-нан астам адам майданда қаза тапты.  Соғысқа  1 200 000 қазақстандық аттанып, олардың жартысынан көбі елге оралған жоқ. Соғыс оты шарпымаған шаңырақ қалмады.

Қаһарлы күндерде соғыс даласына аттанған майдангер­лер қатарында аймақтың қауіпсіздік саласында қызмет атқарған, бүгінгі таңда дүниеден озған батыр ағаларымыз да болды. Солардың бірі де, бірегейі соғыс жылдарындағы аға лейтенант Прмағанбет Жолаушыұлы Үдербаев болатын. Ол 1918 жылдың мамыр айының 20 жұлдызында Қызылорда облысы Сырдария ауданы Сұлутөбе ауылында дүниеге келген. 1936 жылы Сұлутөбе ауылдық мектебін бітіргеннен кейін, Қызылорда теміржол  техникумына түсіп, осы оқу орнын 1940 жылы бітірген. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Прмағанбет Үдербаев ағамыз небәрі 21 жаста болған еді. Бозбалалық шағын соғыс алаңында өткізген ол әскер қатарына 1941 жылы қыркүйекте алынып, Прибалтика әскери округінің 2-ші армиясы 943-бөлек батальонының бөлімше командирі, одан кейін Калининград майданының, Прикарпатск әскери округі байланыс  полкінің бөлім­ше командирі, Ленинградта телеграфтық-экс­плуатация­лық ротасының аға желілік механигі лауазы­мында болған. Жеңіс күнін Ленинград қаласында қарсы алған. Туған жерге араға жеті жыл салып, 1947 жылы оралған.

Соғыс жылдарындағы ерен ерлігі үшін  Прмағанбет Жолаушыұлы Үдербаев  екі мәрте «Қызыл жұлдыз», екі мәрте 1-ші және 2-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен қатар, өзге де 14 медальмен наградталған.

Майдангер елге оралысымен еңбекке етене араласып, Сырдария аудандық кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Қызылорда облыстық мемлекеттік қауіпсіздік  саласына Прмағанбет Үдербаев 1949 жылдың маусым айында шақырылды. Бұл арнаулы салада қызмет атқарған жылдары жедел уәкіл, тергеуші, бөлімше басшысына жүктелген міндеттерді өз деңгейінде, абыроймен атқарды. Аты аталған қызметтен 1959 жылы шекті жасына келуіне байланысты «подполковник» әскери шенінде зейнеткерлікке шықты. Жолдасы Күлпаш Сүлейменова екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеген.

Мен КГБ (мемлекеттік қауіпсіздік комитеті), кейін КНБ (ұлттық қауіпсіздік комитеті)  саласына 1981 жылдың қаңтар айында жұмысқа шақырылып, Минск  қала­сындағы КГБ СССР жоғарғы мек­тебіне оқуға жіберілдім. Жоғар­ғы мектептегі оқуымды аяқтап, Қызылорда облыстық мемлекет­тік қауіпсіздік комитеті бас­қармасына 1982 жылдың қаңтар айында қыз­метке жолдама алдым. Сол жылдары басқарма қабырғасында күнде­­лікті жұмыстар­мен қатар, дата­лы күн­дерге арналған сал­та­натты жи­налыстар өтетін еді. Бұл жиналыстарға басқарманың жеке құрамымен бірге мен білетін  соғыс ардагерлері, аға  буын чекистер:  Ақай Альменов, Николай Шастов, Төлеген Ідірісов, Алексей Кузменко, Прмағанбет Үдербаев, Николай Прачкин, Сергей Галкин, Әбдібек Карібаевтар да шақырылатын. Сонымен қатар ардагерлер басқармада өтетін жас буын қызметкерлерді жеке құрамға қабылдау рәсіміне және оларға патриоттық тәрбие беру ісіне белсене араласып тұрды. Олар көпшілік алдында өздерін өте қарапайым, ізетті және мәдениетті ұстайтын. Соғыс туралы жұмған аузын ашпайтын.

Осындай кезекті салтанатты іс-шара 1983 жылдың желтоқсан айының 20 жұлдызында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) құрылған күніне арнап  өткізіліп, бір топ жас буын офицерлер – біздерге, соғыс ардагерлері өз қолдарымен чекистік жолдама мен жеке табельді қару – пистолет Макарованы тапсырған болатын. Кезегім келген сәтте қару мен жолдаманы ардагер-чекист  Үдербаев Прмағанбет Жолаушыұлы ағамыз өз қолымен маған тапсырып, қызметіме сәттілік тілеген еді. Мен де өз тарапымнан ол кісінің сенімін ақтап, жұмыс бабында ұятқа қалдырмайтынымды, еліміз бен жеріміздің біртұтастығы, оның қауіпсіздігін сақтау ісіне аянбай қызмет ететіндігімді білдірдім. Мемлекеттік және Ұлттық  қауіпсіздік сала­сындағы отыз жылға жуық өткізген әскери өмірімдегі қол жеткізген жетістіктерім, оның ішіндегі басшылық қызметтерде абыройлы болып, мерейімнің үстем болуы Прмағанбет Жолаушыұлы ағамыздың сол кездегі маған арнаған ақ тілегі мен ықылас-пейілінде болса керек деп ойлаймын.

От пен оқтың ортасынан аман-есен оралып, мемлекеттік қауіпсіздік қызметінде абырой биігінде болып, өзінен кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық із қалдырған аяулы азамат 1992 жылдың шілде айында дүниеден озды.

Қалдыбек Жанәліұлы,

ҚР ҰҚК құрметті ардагері

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: