Сенбі, 20 желтоқсан, 01:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97 (2209)
20.12.2025
PDF мұрағаты

Отандық фильмдер көрерменге ой сала ма?

20.12.2025

32 0

Соңғы жылдары отандық кино саласы көз ілеспес қарқынмен дамып, ай сайын жаңа туынды жарық көріп келеді. Бір қарасаңыз, бұл қуанарлық жайт. Алайда «саны бар да, сапасы жоқ» деп сын айтушылар да бар. Шынымен, бүгінде фильмдердің көптігінен олардың атауын шатастырып алатын жағдайға жеттік. Кино түсіру сәнге айналғандай. Хайп қуып, танылуды мақсат еткен жобалар бірінен соң бірі жарыса жарыққа шыға бастады. Бір қызығы, мұндай фильмдердің басты кейіпкерлері блогерлер, әншілер, танымал жұлдыздар. Соған қарамастан, кинотеатр залында қай кезде де көрерменге лық толы. Демек, продюсерлер халық талғамын дөп басуды меңгерген секілді. Көрерменге ой салар отандық фильмдерге шолу жасамас бұрын, кино көру мәдениеті туралы айтқанды жөн көрдік.

Кинотеатрда жалғыз емессіз…

Бірде құрбым екеуміз киноға бардық. Артқы қатардан орын алдық. Жанымызда отырғандар кино көруге емес, әлеуметтік желіге видео жүктеп, «сторис» түсіруге келгендей әсер қалдырды. Қараңғы залда телефон жарығын  жарқыратып, тоқтаусыз видео түсіреді. Амалсыздан көз жұма қарадық. Ендігі мәселе – кинотеатрға бір дорба тамақпен келу. Әдетте, кинотеатрда попкорн жеу қалыпты жағдай саналады. Бірақ бір дорба тамақ, бургер, суши, пиццаны арқалап келетіндер бар. Әрі киноға кешігіп кіріп, мазалайтындар да жетерлік. Мұнымен қоймай, көпшілік ортада телефонмен сөйлесіп, «тик-ток» көріп отыратындар аз емес. Енді бірі кинотеатрға кішкентай баласын көтеріп, кейін оны жұбатумен әлек. Бір сөзбен айтқанда, кинотеатр тамақтану орны, балабақша және фото-видео студияға айналған десек артық айтқандық емес.

«Ауруды» көру ауыр

Соңғы уақытта талқыға түскен туындылардың бірі – «Ауру» фильмі. Бұл –  қоғамда қызу пікір туғызған, психологиялық тұрғыдан ауыр, мазмұны терең фильм. 21 жасқа толмағандарға рұқсат етілмеуінің себебі де осы. Қызығушылық танытып, фильмге кіру үшін тіпті жалған куәлік көрсетіп кіруге мәжбүр болып жатыр. Солардың бірі – біз. Фильм екі ғашықтың хикаясынан басталғанымен, негізгі айтар ойы, сезім жетегіне еріп, асығыс шешім қабылдаудың қаупі туралы көрерменге ой салады.  Әсіресе, қыз баласына жігіттің арбауына, уақытша сезімнің құрбаны болмау керектігін жеткізеді. Басты кейіпкер – шын мәнінде манипулятор, абьюзердің рөлінде ойнайды. Қызғаныш, шектен тыс бақылау, эмоционалды қысым бәрі де токсикалық қатынастың көрінісін ерекше сипаттайды. Екі жас сезімге ерік беріп, той жасау үшін банктен миллиондаған несие алады. Той бітеді. Қонақтар тарайды. Екі сағат той үшін алған несие ғана өздерімен қалады. Ендігі міндет – қарыз төлеу. Жас отбасы жұмыс істегенімен, айлығы шайлығына жетпей қиналады. Банктің қоңыраулары, нанға ақша таппайтын кез фильмнің алғашқы минуттарында-ақ көрсетіледі. Бір қызығы, бұл фильм қоғамдағы мәселелерді бір кадрдың ішіне сыйдырған. Қызық әлі алда. Ел қатарлы өмір сүрген жас жұбайлар енді тығырыққа тіреледі. Кенет Азамат (күйеуі) ақша үшін үйіне туыстарын жинап, Таңшолпанды «жаман аурумен» ауырады деп айтады. Әрине, Таңшалпон қарсылық білдіреді. Қарсыласады. Күйеуіне бұл әрекеті дұрыс еместігін жеткізеді. Амал бар ма? Қор ашады. Қайырымдылықпен қалай айналысады? Ең алдымен не істейді? Азамат Таңшолпанның шашын алуға көндіреді. Арбаға таңады. Жалған диагноз жаздырып алады. Блогерлермен байланысқа шығады. Өзі «кеше үйленген жас отбасымыз, жарымнан айырылып қалғым келмейді» деп аянышты кейіпте жарияға жар  салады. Қайырымдылыққа ақша жинала бастайды. Қарыздарын жабады. Әрі қарай өзі ауырады. Ақшаның ауруы. Тіпті Таңшолпан мен Азаматтың жанашырлары да пайда болады. Үйінің алдына хат тастап кетіп, қонжықтар қалдырып, тез сауығып кетуіне тілекші болғандар саны артады. Түрлі ұсыныстар түсе бастайды. Бірақ  мына нәрсені ескеру керек: Таңшолпанның дені сау. Күйеуінің қысымымен ол ауру адамның рөлін ойнауға мәжбүр. Алайда жанашыр халық, демеушілер 250 млн теңге жинап, Кореяға емделуге ұсыныс білдіреді. Фильм жарнамаға назар аудартады. Бұл қоғамның тағы бір өзекті мәселесі. Біз блогер, әнші, жұлдыздар жасаған жарнама­ның бәріне сенеміз. Бірақ кейде олардың өзі жарнаманы тексер­мей, миллиондаған ау­ди­­ториясына жарнамалай са­­ла­ды. Оны көрген халық сене­ді.  Фильмнің тағы бір айтары осы. Әлеуметтік желідегі жылтыраған дүниеге сене берудің қажет еместігін айғақтайды. Бұл ұсынысты естіген Азамат «жоқ» деп айта алмайды. Қайырымдылыққа  деп жинаған 250 млн теңгені қабылдайды. Әрі қарай кино нағыз шытырманға айналады. Әдетте, ұрылар бай адамдарды тонайтын еді. Қазір қор ашып, қайырымдылыққа деп жинаған ақшаны да тонайды екен. Ауру-сырқау мүгедектерді тонаушы қыз бен жігіт Азамат пен Таңшолпанның қалтасындағы ақшаға көз салады. Үйіне барады. Тонамақшы болады. Бірақ әккі ойлары жүзеге аспайды. Әрі қарай фильм қақтығысқа айналады. Соңы өліммен аяқталады. Ақшаны ұрламақ болған қыз бен жігітті Азамат өлтіреді. Денесін суға тастайды. Мұны көрген Таңшолпан психологиялық жарақат алады. Фильмнің тағы бір желісі – досының қастандығы. Азаматтың байып, дандайсып кеткенін көре алмаған досы үйіне Диана есімді қыздың анализдерін жабыстырып кетеді. Себебі Таңшолпаның анализі Диана есімді ауру қыздың анализі еді. Мұны көрген Азамат досын да аямайды. Оны да өлтіруге бекінеді. Ал осының бәрін көрген Таңшолпан күйеуінен қашуға мәжбүр болады. Ақыры, әйелі өліп тынады. Есінен адасқан Азамат жаңа өмір бастамақшы болып, Кореяға кетуге бел байлайды. Қайтыс болған әйелін бояндырып, тіпті киіндіріп банкке апарып, ақшаны алады. Кореяға қашып бара жатқан сәтте Азамат ұсталады. Иә, фильм шытырман оқиғаға толы.

Әлі талқыланатын тұсы көп. Фильм қоғамдағы жараның бетін ашып берді десек, артық айтқандық емес.

– Фильм сіздерге қатты әсер етіп жатса, айтарым өмір сондай. Өмірдің өзі оңай емес. «Ауру» фильмі өкінішке орай, цензураға ұшырады. Тек түнгі оннан кейін ғана 21 жастан асқандар ғана көре алады. Барлық кинотеатрда 22:00 ден кейін ғана көрсетіледі. Сол үшін де фильмді күндізгі сеанстарға қайтарып жатырмыз. Бірақ ол үшін кейбір эпизодтарын алып тастап, цензурадан қайта өткізуге тура келеді, – дейді фильм режиссері Айтөре Жолдасқали.

Цензура демекші, фильмге бойкот жариялап, көрсетілімнен шектеу керек деп жазғандар да жетерлік. Себебі фильмде зорлық-зомбылық, психологиялық қысым жоғары. Спорт комментаторы, «Асылтас» қорының директоры Рауан Оқас тредстегі жазбасында  фильмге қатысты пікірін білдірді.

– Сау адамды ауру қылатын фильм екен. Кино сыншы емеспін, талдауға уақытым да жоқ. Алайда қарапайым көрермен ретінде айтарым, бұл туынды жүйкеге айтарлықтай салмақ түсіреді. Прокаттан алып тастаса, жақсы болар еді. Касса жинау мақсатында көрерменге ойына келген дүниені тықпалай беру дұрыс емес. Режиссердің мұндай мазмұндағы фильмді қандай оймен түсіргені түсініксіз. Зорлық, қан, боқтық сөздерге толы фильмнің кинотеатрлардан көрсетілуіне қалай рұқсат берілген? Министрлік араласып, көрсетілімін шектеуі тиіс. Бірақ, өкінішке қарай, бізде жоғары жақ дер кезінде әрекет ете бермейді ғой, – дейді ол.

Отандық фильмдер көрерменге ой сала ма?

«Жездуха Кореяда»

«Жездуха Кореяда» фильмі – өзге елге барып, оңай табыс табамын деп жүріп алданып қалған талай жастың тағдырын шынайы суреттейтін комедиялық драма. Туындыда адамгершілік, сенім, алдау, өмір сынағы және жат жерде жалғыз қалған жанның күйзелісі сипатталады. Фильмнің оқиғасы Қазақстаннан бастау алады. Жас отбасы қанша оқыса да, мамандығы болса да тұрақты жұмыс таба алмайды. Ол «орын жоқ», «танысың болмаса қабылдамаймыз», «ақша берсең, жұмысқа орналастырамыз», «бос орынға адам алып қойдық» деген жауаптардан шаршайды. Әр мекемеде пара сұрау, таныс-тамырсыз жұмысқа тұрудың қиындығы оларды мезі етеді. Осындай қысым мен әділетсіздіктен жалыққан олар шетелден жұмыс іздеуге мәжбүр болады. Бір жағы жұрттың әңгімесі де тыным бермейді. «Шетелде жарты жыл жұмыс істеп байып, Қазақстанға келіп жағдайымды жасап аламын» деген жарнаманың жетегінде кетеді.  Үміт арқалап, Кореяға аттанған отбасы жақсы айлық, жеңіл жұмыс және «бәрін өзіміз жасаймыз» деген жалған уәделерге сеніп кетеді. Бірақ алаяқтардың құрығына түседі. Алғашында делдалдар күтіп алып, жаңа жұмыс орнын көрсетіп, тіпті «жұмысқа орналас­тыру үшін» деп ақша сұрап алады да, кейін байланысын үзіп, оларды құжатсыз, ақшасыз, жат жерде жалғыз қалдырады. Әлгі жұмыс берушілерді таппай қалады. Жат елдегі жан қиналысы, шыдамның таусылған сәті, алданғаннан кейінгі шарасыздық көрерменді ойландырмай қоймайды. «Жездуха Кореяда» фильмі тек шетелге кеткен жандардың басынан өткен ауыр оқиғаны ғана емес, қоғамға да үлкен ой тастайды. Жемқорлық, жұмыссыздық, әділетсіздік, арман қуып өз елінен жыраққа кетуге мәжбүр болған жастардың тағдыры – бұл фильм көтерген мәселелер. Туынды көрерменге әр қадамын ойланып істеуге, табыс оңай келмейтінін жеткізеді.

Психолог Асыл Қанабаеваның пікірінше, жастар ұзақ сюжетті фильмді көре алмайды. Яғни фильм басталар сәттен-ақ көрерменге ой салуы қажет дейді.

–  Бүгінде жас­тардың фильм­ге деген талғамы ай­тар­лықтай өзгерген. Бұ­рын баяу дамитын, ұзақ сюжетке құрылған туындыларға қызығушылық басым болса, қазір көрермен жылдам ақпаратқа бейімделген. Бұл жағдайдың негізгі себебі әлеуметтік желілердің ықпалы. Жастар тез басталып, оқиға желісі шапшаң дамитын фильмдерді көрген тиімді деп санайды. Қазіргі қоғамдағы стресс деңгейінің жоғары болуы жастарды комедия, романтикалық сериал­дарға жиі жүгінуге итермелейді. Олар ой салмайтын, шаршатпайтын контентті көбірек таңдайды. Сонымен қатар көрермен визуалы әдемі, сапалы түсірілген дүниелерді талап етеді. Инстаграм эстетикасына үйренген буын үшін кино желісі басталған сәттен-ақ түсінікті болу керек, – дейді ол.

Қорыта айтқанда, отандық фильмге сұраныс жоғары. Тек көрермен талғамын таба білу керек.             

Айдана Бахтияр

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: