Сәрсенбі, 04 желтоқсан, 12:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№96-2106
03.12.2024
PDF мұрағаты

«Отбасы банк» тек баспана мәселесін шешпейді

03.12.2024

232 0

«Өз үйім – өлең төсегім» дейтін жұрт үшін баспана жайы қашанда өзекті. Жылы да, жайлы пәтерде емін-еркін өмір сүруді кімнің болса да армандайтыны анық. Ал баспаналы болу үшін бүгінде мүмкіндік көп. Елімізде тұрғын үй мәселесін шешуде «Отбасы банк» АҚ жүйелі жұмыс істеуде. Осы орайда «Отбасы банк» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары  Дастан Тасыбаевпен банктің қызметі, баспана алудағы мүмкіндіктер жайында сұхбаттасқан едік.

«Отбасы банк» тек баспана мәселесін шешпейді

– Дастан Нұриддинұлы, енді бір айдан соң жылды қорытындылаймыз. «Отбасы банктің» биылғы жоспары қалай орындалды?

– Отбасы банк 2024 жылы өз қызметін табысты жалғастырып, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін дамытуда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Депозиттер мен салымшылар санының өсуі бойынша 2024 жылдың алғашқы тоғыз айында банк 350 029 жаңа депозит ашты. Бұл азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға деген ынтасын байқатады. Бүгінгі таңда «Отбасы банк» Қазақстандағы ипотекалық несиелердің 53 пайызын қамтамасыз етіп, экономикалық белсенді халықтың 29 пайыздан астамын жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар банк әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырды. Оның ішінде «Ұмай» бағдарламасы аясында 3 661 қазақстандық әйел тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, несие сомасы 41,3 млрд теңгені құрады. Тағы бір ерекше айта кетер жайт, 2024 жылы «Отбасы банк» тұрақты даму саласындағы жетістіктері үшін Sustainable Fitch агенттігінен «3» деңгейлі ESG рейтингін алды. Бұл банк қызметінің экологиялық, әлеуметтік және басқарушылық аспектілерге сәйкестігін растайды. Биыл жыл қорытындысы бойынша банк салымшылары 200 АЕК-ке дейінгі жинақ сомасына 20 пайыз мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақы алады. Анығын айтқанда, салымшы 738 400 теңге жинақтаған жағдайда 147 680 теңге сыйлықақыға тең. Салымшылар 31 желтоқсанға дейін депозиттерін толықтырып, осы мүмкіндікті пайдалана алады. Жалпы алғанда, «Отбасы банк» 2024 жылы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін дамытуда және халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсартуда нәтижеге қол жеткізді деуге болады.

– Халықтың баспаналы болуына мемлекеттік, өңірлік бағдарламаның үлесі қандай?

– Тұрғындарды баспанамен қамтуда мемлекеттік, өңірлік бағдарламаның тиімділігі зор. Мәселен, Қызылорда облысының жастарына арналған «Сыр жастары» бағдарламасы бар. Бұл бастама аймақ жастарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді мақсат етеді. Бағдарламаның негізгі шарты бойынша қатысушылардың жасы 18-ден 35 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының азаматы және соңғы екі жылда Қызылорда облысында тұрақты тіркеуде болуы қажет. Сонымен бірге кемінде 1 жыл жұмыс өтілі болуы тиіс. Бағдарлама аясында баспана 18 млн теңгеге дейін, 19 жыл несие мерзімімен беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5 пайыз (ЖТСМ 5,2%-дан 5,7%-ға дейін). Басты талап бастапқы жарна қарыз сомасының 10 пайызын құрауы керек. «Сыр жастары» бағдарламасына денсаулық сақтау, білім беру, бюджеттік сала, мәдениет, спорт, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, журналис­тер, әлеуметтік сала мамандары, ұлттық холдинг­тер мен компаниялардың жергілікті филиалда­рының қызмет­керлері, екінші деңгейлі банктер, құрылыс, қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету саласының қызметкерлері қатыса алады. Өтініштер мен қажетті құжаттар электронды түрде «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы kezekte.kz сай­тында қабылданады. Бағдарламаға құжат қабылдау өткен жылы қазан айында басталды. Бүгін­де бұл бағдарлама арқылы 100-ден астам жас отбасы жеңілдетілген ипотекалық несие алып, баспаналы болу мүмкіндігіне ие болды. Қызылорда облысында тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымын дамыту қарқынды жүзеге асуда. Соңғы үш жылда құрылыс көлемі 5 есе­ге өсіп, 2024 жылы 863 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс орталығының аумағы кеңейіп, жаңа шағын аудандар пайда болды. Сырдария өзенінің сол жағалауында 65 көпқабатты тұрғын үй салынып, 3 мыңға жуық отбасына баспана кілті табысталды. Жалпы Қызылорда облысында тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымын дамыту бағытында кешенді шаралар қабылданып, халықтың баспана мәселесін шешуге айтарлықтай үлес қосылуда. Сондай-ақ «Отау» және «Наурыз» ипотекалық бағдарламасын да тиімді бағдарлама ретінде айтуға болады. Бұл бағдарлама бойынша соңғы 5 жылда өзінің және отбасы мүшелерінің атында үйі жоқ 35 жасқа дейінгі ел азаматтарына беріледі. Бастапқы жарна 20%, несие мөлшерлемесі 9%-ды құрайды. Қала, облыс орталығының тұрғындары үшін І, ал аудан, ауыл азаматтары ІІ нарықтағы үйді ала алады. Қазіргі таңда «Отбасы банк» тарапынан ауылға, моноқалаларға басымдық беруде. Бұл ретте ауылға көшкісі келетін азаматтар үшін жоғарыда аталған бағдарлама мен «Асыл мекен» бағдарламасы тиімдірек. Соңғы бағ­дарлама бойынша бастапқы жарна ретінде 10 пайы­зын салса, 5 пайыздық мөлшерлемемен несие рәсім­деуге болады. Баспана алғысы келетін тұрғындар үшін мемлекеттік бағдарламаның игілігі зор.

– Жалпы көпшілік отбасы банкті тек үй алумен байланыстырады. Банктің басқа да қызметі, мүмкіндіктер туралы айтсаңыз?

– Иә, «Отбасы» банк ипотекалық банк болған соң көбі солай ойлайды. Бірақ «Отбасы банк» тек баспана мәселесін шешпейді. Мәселен, үй алумен қатар, білім алу үшін де ақша жинақтауға болады. Қазір «Ақыл» білім депозитін ашу арқылы балаңыздың болашақта білім алуын қаржыландыра аласыз. Яғни, 12 пайыз пайыздық мөлшерлеме, одан бөлек мемлекеттен жалпы санатқа 5 пайыз, тұрмысы төмен отбасы үшін 7 пайыз сыйақы түседі. Осы орайда айта кету керек, «Ұлттық қордан» балаларға аударылатын қаражатты 18 жастан кейін осы депозитке салуға да болады. Одан бөлек, тұрғын үйді субсидиялауға да мүмкіндік бар. Егер сіз жалдамалы пәтерде тұрсаңыз, оның 50 пайызын өзіңіз, 50 пайы­зын банк арқылы мемлекет төлейді. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы, жинақтаушы зейнетақы қорындағы жарнаны шекті мөлшерінен асқан жағдайда пайдалану қызметі де «Отбасы банк» арқылы  жүзеге асырылады.

– Қоғамда «Отбасы банктен» ипотекалық үй алғанда азаматтардың депозитте жинаған ақша­сына да несие пайызы қосылады деген әңгіме айтылып жүр…

– «Отбасы банк» («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) тұрғын үй құрылыс жинақ жүйе­сін іске асырады. Бұл жүйе 80 жылдан астам уақыт бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан Еуропа елдерінің тәжірибесінен алынған. Бұл ел­дегі қаржылық және экономикалық жағдайға қара­мастан, азаматтарға тұрғын үй жағдайларын қол­жетімді тәсілмен жақ­сартуға көмектесетін өзара көмек кассасының бір түрі. Қазақстанда тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі 500 мыңнан астам азаматқа тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесті. Бұл жүйе – біреулер ақша жинап жатқанда, екіншісі несие алатын мүмкіндігі болады деген қағидат бойынша жұмыс істейді. Азаматтардың жинақтары «Отбасы банкке» 3,5 пайыздан 8,5 пайызға дейінгі қолжетімді мөлшерлемелер бойынша несие беруіне мүмкіндік береді (ЖТСМ 3,6%-дан басталады). Ипотекалық кредиттеу нарығында тұрғын үй несиесі бойынша мұндай мөлшерлемелерді тек «Отбасы банк» ұсынады. Салымшылардың жинақтары бұл жүйенің тұрақты және кемшіліксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Төмен мөлшерлеме бойынша несие алу үшін банк салымшысы депозитте кем дегенде үш жыл бойы несие сомасының 50 пайызын жинақтауы тиіс. Бұл тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі жұмысының міндетті талабы. Салымшылар ақшасын кемінде үш жыл жинауы, жүйе үшін жұмыс істеуі тиіс. Осы қаражаттың көмегімен банк басқа қазақстандықтарға баспаналы болуға көмектеседі. Үш жылдық жинақтау туралы талап «Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы» заңда жазылған. Егер банк депозиттерде 50 пайызды жинақтау жөніндегі талапты алып тастаса, онда жинақ жүйесі жұмысын тоқтатады. Бұл жағдайда қазақстандықтар қолжетімді талаптар бойынша несие алу мүмкіндігінен айрылады. Үш жыл бойы күтіп, ақша жинағысы келмейтін, бірақ қолында тұрғын үй құнының 50 пайызы бар қазақстандықтардың да «Отбасы банктен» несие  алатын мүмкіндігі бар. Бірақ олар қалай болғанда да, тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесі туралы заңға сәйкес, үш жылдық жинақтау мерзіміне шыдамдылық танытуы тиіс. Сондықтан мұндай тұтынушылар өзінің қолда бар 50 пайызын банктегі депозитке аударады. Осы 50 пайыз жинақ шотында болған кезде оған банктің сыйақысы және 200 АЕК-тен аспайтын сомаға 20 пайыз мөлшерінде мемлекет сыйлықақысы есептеледі. Сондықтан бұл ақша тұтынушы үшін де жұмыс істейді. Тұтынушы өз депозитінің «жетілгенін» күткен уақытта банк оған аралық заем береді. Қарыз атауының өзі бұл уақытша несие екенін көрсетеді. Ол қажетті соманың 100 пайызы мөлшерінде беріледі. Тиісінше, мұндай кредит бойынша пайыздар барлық берілген сомаға, яғни 100 пайызға есептеледі. Бұл жағдайда кредит бойынша пайыз жоғары, яғни 6,5 пайыздан 8,5 пайызға дейін болады (ЖТСМ 6,2%-дан басталады). Депозитке кем дегенде үш жыл толғаннан кейін қарыз алушының осы депозиттегі ақшасының 50 пайызы аралық заемды өтеу есебіне жұмсалады. Содан кейін ол тұрғын үй заемына ауысады. Бұл дегеніміз, несие бойынша мөлшерлеме жылдық 3,5 – 5 пайызға дейін төмендейді (ЖТСМ 3,6%-дан басталады). Ал пайыз тек несие қалдығына есептеледі. Тек «Отбасы банкте» несие мөлшерлемесін төмендету опциясы бар. Бұл фактор қарыз алушы үшін «кредиттік шаршау» жағдайын болдырмайды. Несие беру кезінде банктің әрбір тұтынушысы шартқа және төлемдер кестесіне қол қояды. Кестеде несие үшін төлем бойынша барлық ақпарат – банктің сыйақысын, негізгі борышты, қалдықты төлеу мөлшері көрсетіледі. Сондай-ақ банк сыйақысының жалпы сомасы көрсе­тіледі. Яғни банк несие төлеу жөніндегі деректерді жасырмайды және қаржылық айла-амалдармен айна­лыспайды. Отбасы банктің барлық өнімдері мен қызметтері заң шеңберінде іске асырылады. Банктің пайдасына келетін болсақ, ол дивиденд түрінде жыл сайын жалғыз акционер – «Бәйтерек» холдингіне төленеді. Банкте қалатын пайданың бір бөлігі тұрғын үй төлемдерін алушыларға, ғалымдарға, 35 жасқа дейінгі жас қазақстандықтарға несие беруге жұмсалады. Осылайша, биыл «Отбасы банк» өз пайдасының бір бөлігін өзінің «Отау» бағдарламасын іске асыруға бағыттайды. Бұл бағдарлама 7 жылға жоспарланған және осы кезеңде банк 50 мың азаматқа тұрғын үй мәселесін шешуге көмектеседі.

– Бүгінде халыққа ең тиімді ипотекалық бағдарлама қандай?

– Отбасы банкте түрлі санат бойынша көптеген бағдарлама бар. Мәселен, тұрғын үй кезегінде тұрғандар үшін бұрынғы «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» бағдарламасын, атында үйі болса да 2-3 үй алуға мүмкіндік беретін «50-50», «30-70» бағдарламасын айтуға болады. Баспаналы болғысы келген азамат өз санатын нақтылауы қажет. Өз санаты бойынша барлық бағдарлама тиімді деуге болады.

– Халыққа ипотекалық үй алу, депозитке ақша жинау, шот ашу сынды  жұмысты  көбіне банк кеңесшілері атқарады. Облыста отбасы банктің қанша кеңесшісі бар? Банк кеңесшісі болу үшін не істеу керек?

– Қазіргі күні облыс бойынша 60-қа жуық банк кеңесшісі бар. Олардың құзыретіне бұрын тек депозит ашу ғана болса, қазір несиеге де өтінім бере алады. Егер сіз несие алатын болсаңыз, банк бөлімшесіне барып, кезек күтудің қажеті жоқ. Қаладағы 5 кеңес беру орталығы бар. Сондағы кеңесшілердің көмегіне жүгінуге болады. Банк кеңесшілері қажет жағдайда жұмыс орныңызға барып та қызмет көрсете алады. Олар депозит ашқаннан бастап үй алғанша сізге көмек береді.

– Ақша жинамай үй алуға мүмкіндік бар ма?

– Өкінішке қарай, болмайды. Банктың бұрынғы атауына сәйкес жинақ болуы шарт. «Ұмай» бағдар­ламасы арқылы бұрын бастапқы жарнасыз үй алу мүм­кіндігі қарастырылған еді. Қазір 20 пайыз бастапқы жарна салу міндеттелген.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: