Дүйсенбі, 25 қараша, 04:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Отбасы – мемлекеттің алтын тірегі

24.08.2024

263 0

Отбасындағы құндылықтарды жаңғыртуға, өнегелі отбасы өмірін насихаттауға, шығармашылығын шыңдауға бағытталған «Мерейлі отбасы» байқауы биыл да өз жалғасын тапты.
Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мерекелік жиында бірқатар отбасының мерейі өсті.
Қасиетті құндылығымыздың қарашығындай болған дәстүрімізді дәріптеп, ата-анасын ардақтап, өмірдің әр саласында өзін көрсете білген отбасылар баршылық. Олардың жарқын ісі жалғасын тауып, кейінгіге өнеге болуы керек. Осы негізде 11 жыл бұрын бастау алған байқау бүгінге дейін талай шаңырақты шаттыққа бөледі. Бүгін де соның жарқын үлгісін көрдік.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жеңімпаздарын қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев құттықтады.
– Отбасылық құндылық Отанымыз үшін әрқашанда қымбат. Әрбір отбасы бақыты – еліміздің бақыты. Сол үшін қаншама ата-ана еңбек етіп келеді. Қалалық кезеңге 36 отбасы үміткер ретінде қатысып, құрылған комиссия шешімімен 6 отбасы іріктеу кезеңіне жолдама алды. Отбасы тұрақтылығы демографиялық өсімнің бірден бір қағидасы десек, үлгілі шаңырақ иесі болу әрбір азаматтың міндеті, мемлекет жауапкершілігі. Жыл өткен сайын азаматтардың елімізде өмір сүру сапасын арттыру үшін кешенді шаралар қабылданып, нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Оған дәлел әлеуметтік төлемдер көлемі ұлғайып келеді. Қарқынды жүріп жатқан құрылыстар, демалыс орындары, әлеуметтік салалардағы қолдаулардың барлығы да ел-халықтың игілігі үшін жасалуда, – деді бөлім басшысы.
Ұлттық байқаудың шарты бойынша жүзден жүйрік шыққан 3 отбасы жүлделі орынды иемденіп, 3 отбасы арнайы номинация иегері атанды.
Қоғамдағы, рухани өмірдегі белсенділігімен топ жарып, қанатын кеңге жайған әулет Қызылжарма ауылдық округінің тұрғындары Жарқынбековтер отбасы І дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал бірлік пен ынтымақтың үлгісін паш еткен қарауылтөбелік Жайсаңбаевтар отбасына ІІ дәрежелі диплом табысталса, ІІІ дәрежелі дипломды өздерінің ерекше белсенділігімен көзге түскен Қошқаровтар отбасы иеленді.
«Өнерлі отбасы» номинациясымен Сыр елінің өнеріне қомақты үлес қосып жүрген тасбөгеттік Ұлықпановтар отбасы, «Темір жол династиясы» номинациясымен темір жол саласына еңбегі сіңген қала тұрғындары Байсұғұловтар отбасы, ал «Өнегелі әулет» номинациясымен өз өнерлерімен көпшілікті тәнті еткен қызылөзектік Досановтар отбасы марапатталды.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: