Дүйсенбі, 25 қараша, 04:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Отбасы – құндылықтар бастауы

07.09.2024

477 0

Әлемде әрбір ұлттың қастер тұтатын асыл мұрасы болады. Ол мұраның ғасырлар бойы құндылығын жоймай бүгінге жетуінің астарында да үлкен сыр бар. Оның сыры – әрбір отбасындағы құндылықтың өмірдегі тәрбие негізіне айналуында. Елдің ел болып қалыптасуы, қоғамның қарыштап дамуы, мемлекеттің биіктерге өркендеуі ең алдымен отбасы тәрбиесіне байланысты. Ұрпақ тәрбиесіндегі отбасылық құндылықтың мемлекет деңгейінде дәріптелуі қашанда маңызды.
«Отбасы күні» 2013 жылдың қыркүйек айынан бастап 10 жыл шамасында дәстүрлі сипатта атап өтіліп келеді. Осыған орай өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Анаға тағзым орталығында көшпелі брифинг өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қатысып, мереке аясында аймақта өткізілетін шараларға кеңінен тоқталды.
Биылғы жылы елімізде «Отбасы күні» мерекесін тойлау жаңаша үлгіде өткізілмек. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен арнайы тұжырымдама бекітіліп, 2-8 қыркүйек аралығында әр күнге тақырыптық бағыттар қойылды. Мәселен мерекенің алғашқы күні «Отбасылық дәстүрлер: тарихымызды сақтаймыз, болашақты құрамыз» деп аталса, 3 қыркүйек – «Отбасын жоспарлау», 4 қыркүйек – «Саналы түрде ата-ана болу», 5 қыркүйек – «Дені сау ұрпақ», 6 қыркүйек – «Мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі», 7 қыркүйек – «Отбасылық әл-ауқат», 8 қыркүйек – «Отбасылық демалыс: бақытты болашаққа инвестиция» деген тақырыпта өткізілмек.
– Ұлттық тәрбиенің, адамгершілік пен имандылықтың, ізеттілік пен парасаттылықтың бастау бұлағы – отбасы. Елімізде отбасы институтына қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді. Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі жыл сайын өсуде. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен алтын құрсақты аналарымыздың 17 мыңға жуығы «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иелері, 34 мыңға жуығы көп балалы отбасылар. Отбасыларды мемлекеттік қолдау мақсатында, оның ішінде жас отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешуге көмек көрсету аясында облысымызда «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы қабылданды. Нәтижесінде жыл басында 60 жас отбасы қоныс тойын тойлады, жыл соңына дейін тағы 40 жас отбасыға пәтер кілттері табысталады деп жоспарлануда. Өздеріңіз білетіндей, өткен аптада, облыстық «Мерейлі отбасы-2024» Ұлттық конкурсы облыстық кезеңінің жеңімпаздарын салтанатты құттықтау шарасы өтіп, 11 бала, 47 немере, 66 шөбере, 2 шөпшек тәрбиелеп отырған Бектаевтар отбасы бас жүлдені иеленді. Ендігі кезекте, Бектаевтар отбасы 6 қыркүйек күні Астана қаласында өтетін республикалық «Мерейлі отбасы» конкурсында бақ сынайды. Республикалық кезеңнің жеңімпазы болатынына сеніміміз зор. Бектаевтар отбасына елдік додада сәттілік тілейміз. Дана халқымыздың «Отбасы – тәлім мен тәрбиенің бұлағы» деген өсиет сөзін жадымызда ұстап, отбасындағы асқар әкелер, абзал аналар, балғын балаларымыз аман болсын деген тілікпен, сіздерді отбасы күнімен құттықтаймын, – деді Шахмардан Асқарұлы.
Отбасы – жеке құндылықты қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы. Балалардың санасына ұлттық құндылыққа деген көзқарасты, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, даналық сөзді, тәрбиенің жоғарғы үлгісін сіңіретін де отбасы. Сондықтан отбасы алтын ұясының тұғыры берік, ғұмыры ұзақ болғай!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: