Баласы әкесін ұрып, таяқтап жатқан видеосы қоғамды дүр сілкіндірді. Бұл оқиға қоғамда отбасындағы тәрбиенің артта қалып бара жатқанын көрсеткендей. Жағдайды талқылаған жұрт мұндай оқиғаның болуына о бастан тәрбиенің дұрыс берілмегендігін айтып пікірталас туғызды.
Иә, қазіргі таңда қоғамда болып жатқан зорлық-зомбылық әрекеттері бізді толғандыруы тиіс. Себебі әрбір ата-ана баланың өсіп-өнуіне, тәрбиесіне жауапты. «Баланың теріс қылықтары отбасындағы зорлық-зомбылықты көріп өскеннен басталады», – дейді мамандар.
Күн сайын қатыгездіктің, зорлық-зомбылықтың күшейіп, жағдайдың ушығып бара жатқанын көз көріп, құлақ естіп отыр. Отбасылық ұрыс-керіс, адамдардың бір-біріне қастандық жасауы азаймай тұр. Бейбіт ел, ынтымағы жарасқан халық болғанымызбен қатыгездік қаптап барады. Үлгілі отбасын құру, жібі түзу жан болу адамның өз қолында емес па? Олай болса бір-бірімізге қорлық көрсетуге неге асықпыз.
Әкенің бала тәрбиесіне араласуы отбасындағы басты құндылық
Әке. Бұл сөз кім-кімге болса да жақын, жүрекке жылы тиетін сөз. Әкенің бала үшін орны әрқашан биік, жоғары. Ол сол шаңырақтың бар ауыртпалығын көтереді. Әке – бала үшін асқар тау. Ол отбасы мүшелерінің қамқоры. Осындай асқар тау әкенің неге тауы шағылды. Өз баласынан таяқ жеп жатқан әкенің халі қоғамның әлсіз тұстарын көрсеткендей болды. Мұндай жағдай қайталанбас үшін, ер азаматқа, әкеге деген құрметті арттыра түсу қажет.
Асқар таудай жанның арқасында оқыдық, тоқыдық, отбасын құрдық. Қазіргі таңда бес баланы тәрбиелеп, олардың жауапкершілігін арқалап отырған анамын. Осы орайда, балаларыма әкені сыйлауды, оны құрметтеп отыруға мән беріп келемін. Көп нәрсе отбасында алған тәрбиеге тікелей байланысты. Мәселен, қазір шаңырақтардың көбінде әйелдердің үстемдігі байқалады. Кей үйлерде тіпті отағасыға деген құрмет те аз. Мұның себептері санқилы еркек не жұмыссыз, не табысы мардымсыз. Қалай десек те, отбасындағы тізгінге ие бола алмай жүрген ер-заматтар аз емес. Ал үйде осындай «тәрбие» көріп өскен, әкесін адам деп санамайтын, шешесінің айтқанына ғана құлақ асатын ұлдан ертең жігерлі жігіт, айбынды азамат шығады дегенге қалай сенесіз? Сол үшін де отбасылық тәрбиені қайта қалпына келтіруіміз, әулеттегі әке рөлін, ер-азамат бағасын орнықтыруымыз қажет-ақ.
– Ең алдымен бір маңызды жайтты атап өткім келеді, барлық отбасындағы жағдай бірдей емес. Кей отбасыларда әкелер бала тәрбиесіне белсенді қатысып, үлгі болып жүр. Дегенмен, қазіргі қоғамда әкенің рөлі әлсіреп бара жатқанын байқауға болады. Бұған бірнеше фактор әсер етеді: әкелердің отбасын асырау үшін өзге қалада немесе шетелде жұмыс істеуге мәжбүр болуы, олардың бала тәрбиесіне күнделікті қатысуын азайтады. Сондай-ақ қоғамда әлі де бала тәрбиесі ананың міндеті деген түсініктің басымдығы әкенің белсенділігіне кедергі келтіреді. Сонымен қатар кей ер адамдардың әкелік жауапкершілікке психологиялық тұрғыда дайын болмауы да олардың эмоционалды қолдау көрсетуін шектейді. Сондай-ақ қазіргі медиакеңістікте әкені тек асыраушы ретінде ғана көрсететін немесе оның беделін төмендететін бейнелердің жиі кездесуі қоғамдағы жалпы көзқарасқа әсер етіп отыр, – дейді отбасылық психолог Уәлихан Өмірғалиұлы.
Отбасылық құндылықты жоғары бағалайтын біздің қоғамда әке мен ананың, баланың қарым-қатынасына қатысты мәселе аса өзекті. Себебі, өскелең ұрпақ тәрбиесінде әкенің ықпалы зор. Отбасының рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы әкеге байланысты. Ықпалды күш пен сабырлықтың иесі болып табылатын да – әке. Яғни, ер адамның өсиеті мен тәлім-тәрбиесінің маңызы ерекше.
– Бала тәрбиесінде әкенің рөлі өте маңызды және оны ешқандай жағдайда елеусіз қалдыруға болмайды. Себебі әке – бала үшін ең алғашқы ер адамдық үлгі, мінез-құлық пен жауапкершіліктің, еңбексүйгіштік пен табандылықтың символы. Әкенің махаббаты мен қолдауы баланың өзін-өзі бағалауына, сенімділігіне, болашақта дұрыс қарым-қатынас орната білу қабілетіне тікелей әсер етеді. Ұл балалар әкеден ер азамат болуды, табандылық пен жауапкершілікті, эмоцияны басқаруды және еңбектің қадірін білуді үйренсе, қыз балалар әкеден ер адамдарға деген дұрыс көзқарас, қамқорлық пен сыйластықты көреді, бұл олардың өзін бағалауын арттырып, болашақта сенімді қарым-қатынас орнатуына негіз болады. Зерттеулерде көрсеткендей, әкенің белсенді қатысуы баланың психоэмоциялық дамуы мен әлеуметтік бейімделуіне оң әсер етіп, оған қауіпсіздік, сенім және тұрақтылық сезімін береді. Сондықтан әкенің бала тәрбиесіне араласуы тек отбасының емес, тұтас қоғамның болашағына ықпал ететін маңызды құндылық болып саналады, – дейді отбасылық психолог Уәлихан Өмірғалиұлы.

Әкеге құрмет – ұрпаққа міндет
Әке баласынан таяқ жеді. Бұл алғаш рет ұруы да болмаған. Ол әке үнемі солай баласынан қорлық көріп жүрген. Мұның астарын іздеген жұрт о баста үйде әкенің үстемдігі төмен болғанын айтуда. Мұнан шығатын қорытынды ер азаматтың абыройы әрқашанда биікте тұруы қажет. Бүгінгі қоғамда кейбір отбасылардағы әйелдердің өктемдігін көріп, өзіңнен өзің қысыласың. Біздің салтқа мүлдем жараспайтын қылық. Ата-бабамыз «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» деп еркек кіндіктілерді ерекше бағалаған, құрмет тұтқан. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой», – деп мадақтаған.
– «Қазір әкелерің келеді! Әкеңнің киімін жоғары қой, әкең келген соң тамақ ішеміз. Әкеңнен сұран!» – деген сөздермен тәрбиеледік баланы. Бұл арқылы бала санасына әкеге деген ерекше құрмет пен сыйластық қалыптасады. Әкені құрметтей білген бала ертең үлкенді сыйлай алатын тәрбиелі, салмақты болып өседі. Бала мен әке арасындағы тәрбие әрбірімізді алаңдатуы тиіс. Бұл – қоғамдағы өзекті мәселе. Себебі онда бүкіл ұрпағымыздың болашағы тұр. Бала күнімізде әкеміздің сұсты қабағын көрсек, үндемейтінбіз. Бүгінде сәбилердің еркелігі басым ба, отағасылар әйелдерін еркінсітіп жіберген бе? Үйдегі тәрбиенің кімнің қолында екені белгісіз. Бұл – бүгінгі көріністің шындығы. Әкенің айтқан сөзі балаға берік, қағылған қазықтай әсер етеді. Сондықтан отбасындағы тәрбиенің дұрыс болуы маңызды рөл атқарады. Әкені құрметтете білу арқылы, текті ұрпақты тәрбиелеп шығаруға болады. Бала әкесімен мақтануы тиіс. Бала ата-ананы таңдамайды. Сондықтан ол қандай болса да сый-құрмет көрсетуге лайықты, – дейді көпбалалы ана Базаркүл Байдалиева.
Бала үшін әке әр уақытта, қандай жағдайда болсын ең сыйлы адам күйінде қалуы қажет. Әр бала әкесін қадірлеп, құрметтей білсе, онда атадан балаға мирас болып келе жатқан құндылықтар құлдырамайды, тозбайды. Әкеге құрмет қашанда балаға міндет.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!