Халықтың әлеуметтік жағдайын түзету – алдыңғы мақсаттың бірі. Мемлекетті халық құраса, мемлекет жағдайы елдің тұрмысымен тікелей байланысты. Қала әкімі Нұржан Ахатовтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте осы «Отбасының цифрлық картасына» маңыз беру керегі айтылды.
Шаһар басшысы қала бойынша «Отбасының цифрлық картасына» тоқталып, халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында дағдарыс және Д, Е санатындағы отбасылармен жұмысты күшейтуді тапсырды.
– Жекелеген отбасылардың дағдарыс жағдайы тұрақты зерделеуге алынып, олардың себеп-салдары анықталуға тиіс. Балалардың мектепке толық қамтылу жайы нақтыланып, ақпараттық жүйелердің мәліметтері цифрлық картада дұрыс көрсетілуі керек, – деді қала әкімі.
Жиында сондай-ақ жоспардағы аталып өтетін іс-шаралар жайы да назардан тыс қалмады. Көктемнің алғашқы күнінен бастап елеулі даталар келеді. Бұл ретте Нұржан Сәбитұлы жыл көлемінде аталып өтетін іс-шаралардың жоспары жан-жақты нақтыланып, оны жоғары дәрежеде ұйымдастыру пысықталды.
– Көктем айында бірқатар мерекелік күндер аталып өтеді. Оның ішінде, Алғыс айту, халықаралық әйелдер күні және Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамдарын жаңашыл сипатқа бағыттауымыз керек. Халықтың талғамы ескерілуі қажет. Сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы лайықты деңгейде аталып өтуі үшін осы бастан тыңғылықты дайындыққа кіріскен жөн. Ал Қызылорданың астана болғанына және қазақ атауының қайтарылуына 100 жыл толу мерейтойы мазмұнды және шаһарымыздың шежіресі тарихи тұрғыда тереңнен тарқатылуы тиіс, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Жиында көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктелді.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!