Облыстық тарихи–өлкетану музейінде әлем таныған ғұлама ғалым әл–Фарабидың 1155 жылдығы, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей–қорығы» РМҚК–ның 45 жылдығы аясында «Ұлы Жібек жолы бойындағы Отырар: ғылым мен мәдениеттің сабақтастығы» тақырыбындағы көрменің ашылу салтанаты өтті. Көрмені облыстық тарихи–өлкетану музейінің басшысы Сапар Көзейбаев ашып, ұжымның алдағы жұмысына сәттілік тілеп, сый–сияпат жасады. Мұнан соң Отырар мемлекеттік археологиялық музей–қорығының бас қор сақтаушысы Нұрсұлтан Бекешев сөз алып, Отырар қалашығының терең тарихынан сыр шертіп, музей қорындағы таңдаулы коллекцияның сырбойылықтардың назарына ұсынылғанын жеткізді.
Айта кетейік, сұлу Сыр мен әсем Арыстың түйiскен жерiнде қоныс тепкен Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі. Отырар – топырағын түртсең, тарихы сөйлейтін өлке. Отырар алқабында 202 тарихи және мәдениет ескерткіштері есепке алынған. Олардың қатарында Отырартөбе, Құйрықтөбе, Алтынтөбе, Пышақшытөбе, Көк-Мардан, Күйік-Мардан, Жалпақтөбе, Қоңыртөбе, Оқсыз секілді қалашықтар, сауда-қолөнер орталықтары, Арыстанбаб, Найман әулие және қорым-зираттары, архитектуралық ескерткіштері, алқаптың суландыру жүйесінің ескі орындары ғылыми тұрғыдан зерттеліп, ғылыми айналымға енгізілген.
– Көрме барысында Отырар тарихына саяхат, ұлы Жібек жолы және ислам діні арқылы келген мәдениеттер интеграциясы, ғылымның дамуы, ортағасырлық отырарлық ғалымдар, Отырар алқабындағы қалалық мәдениет, егіншілік, сауда, өндіріске қатысты жәдігерлер және Отырардың сан мыңдаған жылдар бойына жасырған бай мәдениеті мен әлемдік өркениетте алған орны Сыр жұртшылығына ұсынылды.
Көрмеге Отырар қалашығынан табылған ыдыстар, керамикалық және шыны бұйымдар, әшекей бұйымдар, сауда саттықтың басты белгісі мыс теңгелер қойылды. Көрме 15 қарашаға дейін жалғасып, Сыр жұртшылығының назарына ұсынылмақ, – дейді Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының бас қор сақтаушысы Нұрсұлтан Бекешев.
Іс-шара аясында «Музейдің ғылыми бағыты және зерттеу жұмыстарының өзектілігі» тақырыбында ғылыми семинар ұйымдастырылды. Семинардың басты мақсаты – музей тарапынан жүргізілген ғылыми жобалардың нәтижесімен бөлісу, музей ісі мен зерттеу жұмысының өзара байланысын нығайту, тәжірибе алмасып, ғылыми қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру.
Семинарда Қызылорданың астана кезеңіндегі (1925-1929 жж.) тарихы, археологиялық ескерткіш кешен – Асанас-3 қалашығындағы археологиялық зерттеулер, Қызылорда облысындағы палеонтологиялық кешен – Шах-Шахтан табылған палеонтологиялық артефактілер, Жанкент және Сығанақ қалашықтарынан табылған музей қорындағы артефактілердің мазмұны мен ел тарихындағы маңызы және Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің соңғы жылдардағы зерттеулері ортаға салынып, талқыланды.
Г. АСҚАРҚЫЗЫ

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!