Сенбі, 13 қыркүйек, 12:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№69,2182
13.09.2025
PDF мұрағаты

Отыз екі тісің түгел болса, отыз рулы ел күлмейді

13.09.2025

41 0

Тістерінің арасынан сәуле сығалайтындар көп. Тістің саулығына мән беретіндер аз. Сондықтан, жағдай шиеленісіп, ауру асқынғанда барып, маржандай тісті түп-тұқиянымен жұлып тастауға ғана тіс емханасына аяқ басатындар жетерлік. Орталықтағы аттап бассаң, тіс емханасына тап болатыныңыз да сол, бүгінгі сұраныстың көптігінен болар. Оның үстіне, қазіргі таңда тіс дәрігері мамандығы бойынша мемлекеттік грант мүлдем жоқ деуге болады. Балаңызды тіс дәрігері маманы қылғыңыз келсе, көп жағдайда ақылы негізде оқытасыз. Өйткені, саусақпен санарлық орыннан бағы мен бабы келіскендердің ғана аты озатыны мәлім. Мұның барлығының жай-жапсарын, тіс емханаларын аралап жүріп, зерделеп көрген едік.

Бүгінде статистикаға сүйенсек, әлем халқының әрбір екінші адамы тіс ауруынан зардап шегеді. Қазақстанда да жағдай мәз емес. Отыз екі тісі сау адамды көру тіпті қиын.  Былайғы жұрт тіс емдетуге келгенде қалтасынан қағылып, бір айлық табысын бір тісіне жұмсап жатады. Кейбірі амалсыздан қарыз алып, несие рәсімдеп, тіпті зейнетақы қорындағы қаржысын жұмсауға бел буады. Емделудің орнына тісін жұлдырып тастауға да мәжбүр болатындар жеткілікті. Ал орнына жаңа тіс салдырудың бағасы тіптен шарықтап кеткен. Бір сөзбен айтқанда, стоматология қол жетпес емге, қол жетпес мамандыққа айналып бара жатқандай. Жә, әңгіменің әлқисасын бірден стоматологияға бөлінген грант санынан бастайықшы. Бұл салаға оқуға түсейін десе, жас түлектерге грант тапшы, тісін емдетейін десе қарапайым халықта ақша тапшы. «Бір кем дүние» дерсің. Дүние емес, стоматология десек орынды болар. Бұл түйткіл мәселенің түйіні неде?

Қазіргі таңда елімізде медициналық мамандықтарға жыл сайын бес мыңнан астам грант бөлінгенімен, стоматология саласына бөлінетін  гранттар саны саусақпен санарлық. Бір  орынға кем дегенде отыз бес талапкер таласады. Жас түлектер үшін бәсеке өте жоғары. Мәселен, 2025 жылы ҚазҰМУ-ға түсу үшін ең төменгі грант балы  136 балл болса,  Қарағанды медицина университетінде бес грант ғана бөлініпті. Соңғы түлек 135 баллмен түскен. Х.А.Яссауи атындағы университетте бір ғана грант бөлініп, 135 баллмен түскен. Ауылдық квота бойынша Оспанов атындағы университетке 132 баллмен соңғы түлек түскен. Демек, стоматология мамандығында грантта оқу үшін ҰБТ-дан кемі 135 балл жинау шарт. Сонымен қатар «Алтын белгі», «Үздік аттестат» алған түлектер талапкерлер арасында конкурста бір қадам алда екенін ұмытпағанымыз жөн.

Ал грантқа түсе алмағандар үшін ақылы бөлімнің бағасының құны маңына жуытпайды. Алматыдағы Қазақ ұлттық медицина университетінде стоматологияны оқу құны жылына 1,3-1,5 миллион теңге болса, Астана медицина университетінде 1,2-1,4 миллион теңге, Қарағандыда 1,1-1,3 миллион теңге. Жекеменшік университеттерде тіпті 2 миллионға дейін барады. Бұл қаражатты көпбалалы отбасы түгілі, орташа жалақы алатын жанұяның өзі көтере алмайды.  Жас түлектер үшін бұл мамандық қолжетпес арманға айналып кеткен.

Ал аймақтарға көз жүгіртсек, Қызылорда медициналық жоғары колледжінде биыл стоматология мамандығына 20 студент мемлекеттік грант негізінде қабылданды. Бұл, әрине, өңірлік деңгейде үлкен мүмкіндік. Алайда студенттердің өздері «ертең дипломды қолымызға алған соң жұмыссыз қалмаймыз ба?» деген күдіктен арыла алмай жүр. Өйткені стоматолог мамандығына сұраныс жоғары болғанымен, олардың барлығы дерлік жеке клиникаларда жұмыс істейді.

Мамандыққа сұраныс қайдан туды? Әрине, тіс ауры өршімесе, дәл мұндай сұраныс болмас еді… «Дария Дент» стоматологиясының дәрігері Алмат Тапаловтың айтуынша, қазір тіс ауруының көбеюіне үш негізгі фактор әсер етеді. Біріншіден, экологияның нашарлауы. Екіншіден, дұрыс тамақтанбау, яғни балалар фаст-фуд, чипсы, газды сусындарға әуес болуы жатады. Бұл тағамдар тісітің эмалінің бұзылуына әкеліп соқтырады. Үшіншіден, ауыз қуысының гигиенасын дұрыс сақтамау.

– Бұл қатарда көпшілік тісін 15-30 секунд қана жуып қояды, ал тіс пастасының әсер етуі, ауыз қуысында таралуына кем дегенде 2-3 минут қажет. Сондай-ақ тек тіс пастасымен тазалап қою салу аздық етеді.  Тіс араларын дәріханаларда сататын арнайы жіппен тазалауы керек. Яғни тіс щеткасымен тазалау кезінде тіс толық  тазаланбайды. Сонымен қатар тамақ жеп болған соң ауыз қуысын шаю маңызды. Егерде бұл процесс орындалмаған жағдайда тіс жегісі пайда болуы мүмкін, – дейді А.Тапалов.

Тіс емдеудің бағасы неге қымбат? Басқа, басқа тісін ауырмасын дегін келеді. Неліктен? Әлде жаңа технология қымбат па? Бұғанда зер салып көрдік.

Стоматологтармен тілдесе келе, заманауи медициналық аппараттар шетелден, негізінен Корея мен Бразилиядан әкелінетінін білдік. Олардың құны еуро мен доллар бағамына тәуелді. Бұл шығындар халықтың қалтасына тікелей әсер етеді. Мысалы, бір ғана тіс жұлдырудың өзі кей клиникаларда 25 мың теңгеден асып түседі. Мәселен  «Master Dent» стоматологиясында бір тіс жұлдыру 15 мың теңгеден басталса, қосымша рентген, талдаулар тағы 15 мыңға жуықтайды. «ElitStom» клиникасында 10 мыңнан жоғары, «TdClinic»–те – 7 мың теңге. Бірақ бұл баға тек бір тісті жұлдырудың құны, ал емдеу немесе жаңа тіс салдыру, тіптен  протез салдыру бағасы бұдан әлдеқайда жоғары.

Ендігі мәселе: мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілмек? Айналамыз жеке стоматологияларға лық толы. Ал мемлекеттік стоматологияларды табу ше,  ол жақтағы  қызметтің сапасы көпшілікті  алаңдататыны да рас. Осы орайда жеке стоматологиялардан бөлек, мемлекетпен келісімшартқа отырған стоматологияларда бар екен. Олармен де тілдесіп көруді жөн санадық. 

– Иә, біз де жеңілдік қарастырылған. Мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау бар. Біз келісімшартқа отырғанбыз. Яғни  18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер, зейнеткерлер, «Алтын алқа» иегерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандар тегін емделе алады. Сонымен қатар әр жұма сайын «Берекелі жұма» акциясын өткізіп, 15–20 пайызға дейін жеңілдік қарастырылған, – дейді тіс дәрігері Азамат Пазылов.

Қарапайым халықтың да жағдайын білдік. Біреуінің тісін емдетуге ақшасы жетсе, енді бірінікі жетпесі анық. Әнгімеменің әлқисасын тісін емдетіп жүрген, стоматологияның табанын тодырып жүрген, тіптен несие рәсімдеп, зейнетақы қорындағы ақшасын жан мен тәннің байлығы тісіне жұмсап жүрген жандармен тілдесіп көрдік.

– Ақыл тісімді жұлдыруға кемі 75 мың теңгеден аса қаражат жұмсадым. Тістің күрделілігіне қарай бағасы да өсе береді. Яғни бір ақыл тіс жұлдыру 25000 теңгеден басталады. Ал оны емдеу тіпті қымбат.  Ол үшін несие рәсімдеуге тура келді. Студенттерге де жеңілдік қарастырылса жақсы болар еді, – дейді студент Сәния Ерталапқызы.

 Ал қызылордалық тұрғын Айсұлу Құрмашаева тісін емдету үшін амалсыздан  зейнетақы қорындағы қаржысын шешіп алғанын айтады.

– Тіс – адамның көркі. Тісің дұрыс болмаса, көпшілік ортада күле алмайсың, тіпті сөйлеуге де өзіңді ыңғайсыз сезінесің, – дейді ол.

Алайда стоматология саласында сапасыз қызмет көрсететіндер де баршылық. Қызылорда тұрғыны Сағыныш Асқарбекова әлеуметтік желідегі жарнамаға алданып, жеке клиникаға барғанын айтады.

– Тісімнің түбірін толық алмай, инфекция түсіріп жіберген. Соның салдарынан жақ сүйегіме, құлағыма зақым келді. Жарнамаға, жалған пікірлерге  сене бермеңіздер, – дейді ол.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне жүгінсек, өткен жылдың үшінші тоқсанында стоматология саласында 56,3 миллиард теңгеден астам қаржыға қызмет көрсеткен. Оның ішінде 47,9 миллиард теңге – халық есебінен түскен қаражат. Бұл көрсеткіштің өзі-ақ тіс ауруының халық арасында қаншалықты кең таралғанын көрсетеді. Қазіргі таңда елімізде стоматологиялық қызмет көрсететін 2947 заңды тұлға мен филиал, сондай-ақ 2921 жеке кәсіпкер тіркелген.

Қорытындылай келе, стоматология саласы бүгінгі таңда үлкен қарама-қайшылыққа толы. Бір жағынан, халықтың сұранысы жоғары. Екінші жағынан, бағасы қымбат, қолжетімсіз. Бірі баласын осы мамандықта оқытқысы келсе – грант тапшы, бірі тісін емдеткісі келеді – ақша тапшы. Ал мемлекетпен келісімшартқа отырып, халықты тегін емдеуге келіскендердің көпшілігі ақылы емдететіндерді бірінші кезекте жіберетіні. Оны көз көріп жүр.

Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: