Бейсенбі, 05 маусым, 04:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№41 -2154
03.06.2025
PDF мұрағаты

Перизат Табынбаева, Қалтай Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясының мұғалімі: Идеалды алыстан іздемеу керек

03.06.2025

157 0

Қазақта «Бір әріп үйреткенге – қырық жыл сәлем» деген керемет сөз бар. Ұстаз атты ұлық есімге кір келтірмей, талантты баланы тап басып танып, оның санасына сәуле шашар ізгілік иелері талай шәкіртті жолға салып келеді. Таяуда ғана республикалық «Алтын сақа» математикалық олимпиадасында бірнеше шәкірті топ жарып, мерейі үстем болған Перизат Табынбаева – осындай жан. Оның шәкірттері жыл бойы білім додаларында аламанның алдын бермей келеді.

– Перизат Сейдалықызы, мұғалім мәртебесін көтеретін де, еңсесін тіктейтін де шәкірттері ғой. Оқушыны жеміс ағашы десек, сіздерді кәнігі бағбан десек болады. Қазір оқушыларыңыздың арасында дүбірлі додадан топ жарып жүргендер көп секілді…

– Ұстаздық салада 30 жылдай еңбек етіп келемін. Аймақта аты Алашқа тараған, тарихы тереңде жатқан осы білім ордасында он жылдан бері еңбек етіп келемін. Кеше ғана бірнеше оқушым «Білім-Инновация», Назарбаев зияткерлік мектептеріне қабылданып жатыр. Екі оқу орнының да сынағынан сүрінбей өткендер бар. Оқу орындары біздің оқушыларға таласып жатыр деп айтсақ та болады. Биылғы мектеп бітіруші түлектерге 5-10 сынып аралығында сабақ бердім. Солардың ішінде Мерей Қалтаева өткен жылы республикалық пәндік олим­пиаданың қалалық кезеңінде І орынның биігін бағындырып, абыройымызды асқақтатқан болатын. Біздің мектептен біраз жылдан бері облыстық олим­пиада жеңімпазы шықпай жүрген. Сол Мерейі­міз қамалды бұзып, кейіннен облыстық кезеңде де жеңіс туын көтерді. Мектеп тарихында есімі қалды. Ол президенттік олимпиаданың облыстық екі кезеңінен топ жарып, республикалық олимпиадаға да қатысты. Мұндай үздік шәкірттеріміз жетерлік.

Перизат Табынбаева, Қалтай Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясының мұғалімі: Идеалды алыстан іздемеу керек

– Биыл Назарбаев зияткерлік мектебіне, «Білім-Инновация» лицейінің сынынан сүрінбей өткен шәкірттеріңіз туралы айттыңыз. Қалай еңбектендіңіз?

– Жетістікке жету үшін уақытпен санаспау керек. Бұл – мұғалімге керек ең маңызды қасиеттердің бірі. Біз сенбі-жексенбі деген жоқпыз. Тынымсыз тер төгіп, уақытты аямай еңбектендік. Мұхамеджан, Ақжан, Аяулым, Аяна және Нұрсая есімді оқушыларымыз осылайша үмітімізді ақтап, мектебіміздің мақтанышына айналды. Бұл жетістік оңайлықпен келген жоқ. Маңдай терімізді төгіп, энергиямызды осы жолға жұмсадық. Мамандыққа жан-тәнімізбен беріліп, жан дүниемізбен еңбектендік. Сосын жетістікке жетер тағы бір жол – идеалды алыстан іздемеу керек.

– Мәселен…

– Әрине, мақтанғандай көрінетін болармын. Бірақ шындығы – осы. Осында жұмыс істеп келе жатқан он жыл ішінде әр жылдарда менің бірнеше оқушым Назарбаев зияткерлік мектебіне, «Білім-Инновация» лицейіне және «Дарын» мектебіне де қабылданды. Ол жетістікке жету көп адамның арманы болуы да мүмкін. Сол балалардың ата-аналары әлі күнге көрген сайын ризашылықтарын айтып, төбемді көкке жеткізіп жүреді.

Баланы дарынды, талантты етіп қалыптастыру үшін оны ең әуелі қолдау керек. Қолдау арқылы мотивация берсеңіз, баланың жұлдызы жарқырай түседі. Түймедей жетістігін түйедей етіп, көрсете білген жөн. Менің қызым бұрынғы қазақ-түрік лицейін бітірді. Ол жай ғана бітірген жоқ, Ұлттық бірыңғай тестілеудің облыс бойынша ең жоғары балл жинады. Мен өзімнің шәкірттеріме қызымның жеткен жетістіктерін, суреттері мен оқыған кітаптарын көрсете отырып, «Сендер де осындай жетістікке жете аласыңдар», «Сендердің қолдарыңнан келеді» деп қолдап, мотивация беріп отырамын. Қызым қазіргі таңда өз саласының үздігі. Оны оқушыларыма әлі күнге үлгі етіп, «Сендер де осындай болыңдар» деп айтып отырамын.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: