Сенбі, 27 желтоқсан, 01:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№99, (2211)
27.12.2025
PDF мұрағаты

Пиротехника баланың ойыншығы емес

27.12.2025

31 0

Бүгінде барша жұрт Жаңа жыл мерекесіне дайындық үстінде. Бұл мереке адамдардың көңіл күйін көтеріп, тосын сыйларға толы болады. Ал балалар үшін Жаңа жылдың сәні – отшашулар. Пиротохникалық бұйымдарға бала түгілі үлкендер де қызығып сатып алады. Көздің жауын алатын түрлі отшашулар дүкен сөрелерінде толып тұр. Алайда оның пайдасынан зияны көп екенін де ұмытпаған дұрыс. Сондықтан да пиротехника бұйымдарын қолданарда қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды.

Отшашу үшін айыппұл төлейсіз

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов жаңа жыл қарсаңында және тойлау кезінде қандай фейерверктер үшін айыппұл салынатынын мәлімдеді. Бұл жайлы ол Мәжіліс кулуарында тілшілердің сұрағына жауап бергенде айтты. Санжар Әділовтің сөзіне сүйенсек,  шағын әрі қауіпсіз отшашуларға тыйым салынбайды, ал қауіпті пиротехника үшін әкімшілік жаза қарастырылған.

– Ауланың тазалығына нұқсан келтір­мейтін, азаматтарға қауіп төндірмейтін шағын отшашуларға кедергі жоқ. Дегенмен аза­маттардың өміріне, денсаулыққа және мүлікке қауіп төндіретін, аумақты ластайтын тыйым салынған пиротехника үшін әкімшілік жаза қарастырылған, – деді С.Әділов.

ІІМ жыл сайын Жаңа жыл кезінде жарақат алу және өрт шығу қаупі артатынын ескертіп, тұрғындарды рұқсат етілген пиротехниканы ғана қолдануға шақырды.

Айта кетейік, 2026 жылдан бастап тыныш­тықты бұзғандар қадағалауда болады. Атап айтқанда, фейерверкті балконнан, терезеден, не тұрғын үйлерге, ағаштар мен сымдарға жақын жерден атуға тыйым салынады. Тәртіп бұзғандар 86 500 теңгеге дейін айыппұл төлейді.

Ұлттық статистика бюросының мәліме­тінше, 2025 жылдың қаңтар айынан қараша айына дейін елімізге 413 тонна фейерверктер импортталған. Олардың ішінде қақпақтар, фонтан, батарея салюттары, бенгалдық оттар, түрлі түсті түтін, жер үсті отшашулар және тұрмыстық пиротехника заттары бар.

Пиротехника баланың ойыншығы емес

Жедел профилактикалық іс-шара өтуде

Ішкі істер министрінің нұсқауымен 2025 жылдың 5 желтоқсанынан – 2026 жылдың  3 қаң­тары аралығында республика көлемінде «Пиротехника» жедел профи­лактикалық іс-ша­расы өтуде. Іс-шараның басты мақсаты – заңды және жеке тұлға­лардың пиротех­ника­лық өнімдерді сақ­тау, сатып алу, тасымалдау тәртібінің сақталуын тексеру, сертификатталмаған өнімді жеткізушілерді анықтау, осы өнім­дердің салдарынан болатын төтенше жағдайлардың алдын алу болып табылады. Қазіргі таңда облыс көлеміндегі базарлар мен ірі сауда орталықтарында Қызылорда облысы полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп рейдтік  іс-шаралар атқарылуда.

Облыстық  полиция департаментінің  мәлі­метіне сүйенсек, іс-шара барысында барлығы 20 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 128 дана пиротехникалық бұйымдар тәркіленген. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

– Пиротехникалық бұйымдарды дұрыс қолданбау адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Қауіпсіздік талаптары сақталмаған жағдайда отшашулар мен түрлі жарылғыш заттар ауыр жарақаттарға, өрттің шығуына және түрлі қайғылы жағдайларға себеп болуы мүмкін. Сон­дықтан облыс көлемін­дегі базарлар мен ірі сауда орталықтарында облыс­тық полиция департаментінің әкімшілік поли­ция бас­қармасы және төтенше жағдайлар де­партаментінің қызметкерлерімен бірлесіп рейдтік іс-шаралар жүруде, – деді облыстық ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бас­тығының орынбасары Сәбит Сатқанбай.   

Қауіптің алдын алу маңызды

Сонымен қатар сертификатсыз, лицензия­сыз пиротехникалық жарылғыш заттар мен фейерверктерді сатқан кәсіпкерлерге және ереже талаптарын сақтамаған азаматтарға тиісті заң талаптарына сәйкес шара қол­данылады.

– Мереке кезіндегі қауіпсіздікті қамта­масыз ету мақсатында департамент тарапы­нан кәсіпкерлік нысандарда қауіпсіздік ша­ра­лары насихатталып, әдістемелік көмек көр­сетілуде. Осы орайда, облыс тұрғындары мен кәсіпкерлеріне жаңа жыл мерекесін атап өту және пиротехникалық бұйымдарды қолдану барысында қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз. Атап айтқанда, балаларға пиротехниканы өз бетінше іске қосуға рұқсат етпеңіз және қаптамадағы нұсқамаларды мұқият оқып шығып, пиротехниканың жарылуы кезінде қашықтықты сақтаңыз. Ғимарат ішінде пиротехникалық бұйымдарды ашық және от қаупін тудыратын басқа да бұйымдарды қолданбауы, пиротехникалық бұйымдардың саудасын тек қана ішкі істер органдарынан алынған рұқсат негізінде ғана жүзеге асыруды сұраймыз, – деді облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орын­басары Арман Дастенов.

Қазірдің өзінде көшеде тарс-тарс шар­тылдықтардың атылып жатқан дауысы естіледі. Сондықтан да балаларды қадағалау маңызды. Қауіпті тауарды сатып алмауға үйрету әрбір ата-ананың міндеті. Иә, отшашулар Жаңа жыл кешінің сәні.  Дегенмен сақтық бәрінен маңызды.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: