Көп адам «пластик табиғатта ыдырап кетеді» деп ойлайды. Бірақ зерттеулерде жаппай қолданылатын пластик түрлері «табиғатта биологиялық жолмен ыдырамайды» деп нақты жазылған. Күн сәулесі материалды әлсіретіп, пластик сынып-үгітіліп, миллиметр мен микрометр деңгейіндегі бөлшектерге айналады. Бір бөтелке немесе пакет ұсақ бөлшекке айналған сайын жинау жеңілдейтін сияқты көрінеді, бірақ керісінше бөлшек ұсақталған сайын оны сүзгімен де, қолмен де жинау қиындай береді. Тағы бір алаңдатарлығы, «теңізге түскен пластик өздігінен тез жоқ болады» деген үміт. Ғылыми деректер бойынша 2010 жылы пластик қалдықтың 4-12 миллион тоннасы теңіз ортасына түскені бағаланған. Бұл сан бір елдің емес, ғаламдық мәслеге айналды.
Әлемде пластик өндірісінің өсуі – жай ғана нарық көрсеткіші емес, қалдық басқару жүйелерінің мүмкіндігін басып озған құбылыс. 1950-2015 аралығында пластик өндірісі бірнеше жүз есе өсіп, 2015 жылы жылдық өндіріс 380 миллион тоннаға жеткен. Қалдық көлемі артқан сайын сұрақ екіге бөлінеді: «қанша өндірдік?» және «қанша көлемін қайта пластикке айналдырдық?». Мәселен, 2015 жылы жиналған пластик қалдықтың тек 9 пайызы қайта өңделгенін көрсетеді. Бұл жерде «қайта өңдеу бар» деген сөздің өзі жеткіліксіз. Қалдықтың басым бөлігі полигонда не табиғи ортада қалып, ұзақ уақыт бойы бөлшектеніп, экожүйелерге тарайды.
Еуропалық Одақтың тәжірибесі де «инфрақұрылым мен саясат қосылса, нәтиже бар» дегенді көрсетеді. «Eurostat» 2023 жылы Еуропалық Одақ бойынша бір адамға шаққанда 35,3 келі пластик қаптама қалдығы түзілгенін, оның 14,8 келісі қайта өңделгенін жазады. Сол жылы пластик орауыш қалдығын қайта өңдеу үлесі 42,1 пайыз болған, 2013 жылы 38,2 пайыз еді. Бұл дерек «қайта өңдеу өседі екен» деген оймен қатар қаптама көлемі өсіп отырса, қайта өңдеудің өзі мәселені шеше алмайды.
«World Bank» сайтында жарияланған «What a Waste 2.0» есебіне сүйенсек, әлем жыл сайын 2,1 миллиард тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарады, оның кемінде 33 пайызы экологиялық қауіпсіз емес. 2016 жылы пластик қалдығы 242 миллион тонна болған (тұрмыстық қатты қалдықтың 12 пайызы). Осы есепте 2050 жылға қарай тұрмыстық қалдық 3,40 миллиард тоннаға дейін өсуі мүмкін екені айтылады.
Пластик теңізге жеткенде мәселе тіпті күрделенеді. «United Nations Environment Programme» жариялаған ақпаратқа сүйенсек, мұхиттағы пластик көлемі 75-199 миллион тонна аралығында, ал 2016 жылы су жүйелеріне 9-14 миллион тонна қалдық түскені 2040 жылға қарай 23-37 миллион тоннаға дейін ұлғаюы мүмкін екені көрсетіледі.
Қазақстанда да «жинау өсіп, қайта өңдеу үлесі артсын» деген мақсат бар, бірақ шешуші мәселе – сұрыптау сапасы, қабылдау нарығы және инфрақұрылым. Қазақстанның ресми статистикасы жылдар ішінде коммуналдық қалдық көлемі өскенін көрсетеді. «stat.gov.kz» сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, 2019 жылы 2913 мың тонна жиналса, 2023 жылы 3298 мың тоннаға жеткен, қайта өңдеуге жіберілген көлем 2019 жылғы 151 мың тоннадан 2023 жылы 390 мың тоннаға дейін өскен.
Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының айтуынша, пластиктің өзі ғана емес, «бір реттік» тұтыну мәдениеті көбірек зиян әкеледі. Бұл ойды «UNEP Өмірлік цикл жөніндегі бөлімшесінің» бағдарламалық жетекшісі Клаудия Джаковелли ашық айтты.
– Өнімнің қандай материалдан жасалғанынан гөрі, оның бір реттік қолдануға арналуы – планета үшін әлдеқайда үлкен мәселе. Ең жақсы шешім әр қоғамда әртүрлі болуы мүмкін, бірақ өмірлік цикл тәсілі дұрыс шешімнің негізін қалауға көмектесе алады, – дейді ол.
Сондықтан балама дегенде ең алдымен қайта қолдану үлгілері, содан кейін ғана қағаз, био ыдырайтын материал, жеуге болатын түтікше сияқты шешімдер, әрі олардың тұтыну жолын толық есептеу керек.
Қазақстандағы ахуал
Қазақстандағы жағдайды «қоқыс көбейді» деген бір сөйлеммен жабу қате. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің сайтта жарияланған жыл қорытындысына сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық түзіледі, ал 2025 жылы қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 28,6%-ға жеткен. утильалым қаражаты есебінен жеңілдетілген қаржыландыру тетігі арқылы 2025 жылы қалдықтарды басқару саласында 63 жоба мақұлданып, оның 22-сі 89,4 млрд теңгеге қаржыландырылған, бұл сұрыптау мен қайта өңдеу инфрақұрылымын, қоқыс тасымалдау техникасын жаңартуға бағытталған. Үкіметтің ақпараттық ресурсында жарияланған мәліметке сүйенсек, елде қалдықтың ең үлкен бөлігі өндірістік қалдықтарға тиесілі. Тау-кен жұмыстарының үйінділері, байыту қалдықтары және техногендік минералдық түзілімдер жыл сайын жүздеген миллион тонна көлемінде пайда болады, ал тұрмыстық секторда шамамен 4,5 млн тонна коммуналдық қатты қалдық шығады және қайта өңдеу деңгейі 25-26% шамасында екені де айтылған. Бұл – «инфрақұрылым бар» деген белгі, бірақ «жеткілікті ме?» деген сұрақты ашық қалдырады. Себебі бөлек жинау енгізілгенімен, оның сапасы, логистикасы, қайта өңдеу қуаты және дайын өнімнің нарығы қатар жүрмесе, нәтижесі айтарлықтай болмайды.
Пластик жойылып кетпейді
Био ыдырайтын пластик туралы сөз болғанда ең алдымен анықтаманы тазарту керек. «Био ыдырайды» деген белгі әр ортада бірдей болмайды. Бір материал өндірістік компост жағдайында тез ыдырауы мүмкін, ал теңізде немесе құрғақ топырақта баяу жүруі мүмкін. Мұнда ең жиі қолданылатын логика – өндірістік компостқа арналған талаптар. «ASTM International» стандартына сүйенсек, компостқа арналған пластик үшін екі негізгі меже айтылады. 84 күннен кейін бастапқы құрғақ салмақтың 10 пайызынан көп қалдық қалмауы және 180 күн ішінде органикалық көміртектің 90 пайызы көмірқышқыл газы түріне айналуы. Бұл талаптар «табиғатта кез келген жерде тез жойылады» деген уәдені емес, нақты басқарылатын ортадағы мінезді көрсетеді. Ғылыми жобалар мен нақты тәжірибелер осы айырмашылықты жақсы көрсетеді.
Бірінші бағыт – аралас биоматериалдар. Мария Л. Иглесиас-Монтес және әріптес ғалымдар өндірістік компостқа жақын температурада (58 градус) кейбір материалдардың ұсақталып, компостпен араласуы 42 күнде аяқталатынын, ал кейбір түрлері 14 күнде тезірек ыдырағанын жазады. Бұл дерек «аз уақыт ішінде» екенін ғана емес, материал құрамы мен қоспаның рөлі күшті екенін аңғартады.
Екінші бағыт – целлофан. Александра Оберлинтнер бастаған зерттеу топырақ түрлері әртүрлі болса да, хитозан негізді целлофанның қасиеті бірнеше күнде әлсіреп, 14 күн ішінде биологиялық ыдырау байқалғанын көрсетеді. Мұндай шешімдер азық-түлік қаптамасы мен бір реттік қолданысқа теориялық тұрғыда қызық, бірақ өндірістік тұрақтылық, суға төзімділік және бағасы сияқты мәселелер бар.
Үшінші бағыт – теңіздегі ыдырау мәселесі. Мұнда «био ыдырайды» деген сөздің өзі екіталай. Лила Сарена Дилкс-Хоффман және әріптестері теңіз жағдайындағы бактерия текті био-пластиктің ыдырау қарқынын жинақтап талдап, үлгі ретінде «су бөтелкесінің» толық ыдырауы 1,5-3,5 жыл алуы мүмкін екенін бағалайды. Демек, «теңізге түссе өзі жоқ болады» деу дұрыс емес.
Қазақстанда био ыдырайтын материалдар бағыты ғылыми зерттеу және гранттық жобаларда көріне бастады. Зерттеу Қазақстанда шығарылған бидай крахмалы сияқты жергілікті ресурстар негізінде био ыдырайтын қаптама жасау идеясы нақты тәжірибемен байланыстырылған.
Мысалы, Гүлнәзім Оспанқұлова және бір топ ғалым бастаған зерттеуде Қазақстандағы бидай сорттарынан алынған крахмалды арнайы өңдеп, оны басқа био ыдырайтын негізбен араластырып, целлофан жасаған. Олар компосттау жағдайында крахмал үлесі жоғары болғанда 10 күн ішінде салмақ жоғалту шамамен 45 пайызға дейін жылдамдағанын көрсетеді және мұндай материалдардың қаптама ретінде қасиетін (беріктік, ылғал өткізу, микробқа қарсы әсер) бағалайды. Бұл – өндіріс емес, бірақ өндіріс үшін «нені өзгерту керек?» деген сұраққа жауап беретін зертханалық және тәжірибелік деңгейдегі өзекті жұмыс.
Бірреттік ыдысқа балама
Балама іздегенде қоғам көбіне «пластиктің орнына басқа материал» дегенді бірінші қояды. Қағаз стақан, ағаш қасық, жеуге болатын түтікше, био ыдырайтын қаптама. Бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта бағдарламасы мәселені материал ауыстырумен ғана шешу қауіпті екенін ескертеді, себебі бір реттік бұйым басқа материалдан жасалса да, қоршаған ортаға қалдық ретінде тастаса түссе, ресурс шығыны мен ластау тәуекелі қала береді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының есептеу талдауларына сүйенсек, қарапайым мысал бар. Қағаз сауда сөмкесі бір рет қолданылса, пластик сөмкеден міндетті түрде тиімді болып кетпейді. Қағаз сөмке пластик сөмкеден экологиялық әсері төмен болуы үшін оны көбіне 4-8 рет қолдану қажет. Яғни, бірреттік қағаз міндетті түрде ауыстырушы емес, қайта қолдану мәселесін шешуші. Сол сияқты стақан мәселесінде де таңдауда «қағаз ба, пластик пе?» деген дауды Біріккен Ұлттар Ұйымының талдауы нүкте қояда. Қоршаған орта бағдарламасының «Single-use beverage cups and their alternatives» есебі өмірлік жол зерттеуін жинақтап, қайта қолданылатын стақандардың көп жағдайда тиімді болатынын, бірақ оның да шарттары барын түсіндіреді.
Стақанды бірнеше рет пайдалану, жуу тәсілінің тиімді болуы, электр энергиясының құрамы және қалдық жүйесінің жағдайы нәтижеге қатты әсер етеді. Қағаз, био-негізді пластик немесе кәдімгі пластиктің де пайдалануы жолдағы ұқсас болуы мүмкін. Ал «жеуге болатын түтікше» секілді шешімдер балама болғанның өзінде оның өндірісі, тасымалы, сақтау мерзімі, санитарлық қауіпсіздігі және қалдық жүйесіне қалай түсетіні есептелмесе, ол көз бояу болып қалуы мүмкін. Бір реттік бұйымды қолдануда қысқарту бағыты әлемде күшейіп келеді. Еуропалық Одақ құжаттары бірқатар бір реттік пластик өнімдеріне арнайы шаралар енгізуді көздейтінін атап өтеді; мақсат – қоршаған ортаға әсерді азайту және айналмалы экономикаға көшу. Мұндай саясаттың жанама нәтижесін «Eurostat» орауыш қалдығы статистикасынан да көруге болады, қайта өңдеу үлесі өсіп келеді, бірақ жалпы көлем әлі артуда.
Пластик мәселесі бұл тұтыну үлгісі, өндіріс қарқыны және қалдықты қайта өңдеуде бір-бірімен сәйкес келмеуінен туған дағдарыс. Ғылыми деректер пластиктің өздігінен жоғалып кетпейтінін, тек көзге көрінбейтін микробөлшектерге бөлініп, табиғатта ұзақ уақыт сақталатынын анық көрсетіп отыр. Әлемдік өндіріс көлемі ондаған жыл ішінде бірнеше жүз есе өсті, ал қалдықты басқару жүйелері бұл қарқынға ілесе алмауда. Соның салдарынан қайта өңдеу үлесі артқан күннің өзінде, полигондар мен табиғи ортаға түсетін пластик көлемі әлі де азаймай отыр. Қазақстандағы жағдай да осы жалпы үрдістің бір бөлігі. Инфрақұрылым дамып, қайта өңдеу көрсеткіші өскенімен, бөлек жинау сапасы, логистика, қайта өңдеу қуаты және дайын өнімге деген сұраныс қатар дамымайынша, бұл өсім мәселені түбегейлі шеше алмайды. Статистика қадам бар екенін көрсетеді, бірақ «жеткілікті ме?» деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр.
Био ыдырайтын материалдар үміт ұялатқанымен, оларды нақты шешім деп қабылдау дұрыс емес. Зерттеулер олардың көбінің тек арнайы ортада ғана тез ыдырайтынын, ал табиғи жағдайда немесе теңізде бұл процесс жылдарға созылуы мүмкін екенін дәлелдейді. Демек, «материалды ауыстырдық – мәселе шешілді» деген пікір шындыққа жанаспайды.
Мәселе бірреттік тұтыну мәдениетінде жатыр. Қайта қолдану, көп мәрте пайдаланылатын бұйымдарға көшу уақыт талабы. Қысқасы, пластик дағдарысы тек технологиялық емес, ол басқару, саясат және күнделікті әдеттер деңгейінде шешілетін мәселе. Егер осы үш деңгей қатар өзгермесе, қайта өңдеу де, био ыдырайтын баламалар да жағдайды түбегейлі түзете алмайды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!