Сенбі, 01 наурыз, 16:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№16,2129
01.03.2025
PDF мұрағаты

Пластиктен бас тарту мүмкін бе?

01.03.2025

11 0

Соңғы онжылдықтарда пластмассаның өндірісі күрт өсіп, оның қоршаған ортаға тигізетін зияны да арта түсті. Мұхиттар мен өзендер, топырақ және ауаға пластик қалдықта­рының жиналуынан қауіп төнуде. Микропластиктер адам ағзасына, жануарларға және экожүйелерге елеулі зиян келтіруде. Пластиктің қоршаған ортаға тигізетін әсері, оның ластану жолдары және ықтимал шешімдері қандай? Зерттеп көрелік…

Пластик өндірісі және оның өсу динамикасы

Пластик – бұл тек тұрмыстық қалдық емес, химиялық және физикалық ластанудың негізгі көзі. 1950 жылы пластик өндірісі 2 миллион тоннаны құраса, 2015 жылға қарай бұл көрсеткіш 448 миллион тоннаға жетті. Болжам бойынша 2050 жылға қарай пластик өндірісі екі есеге артады. Бүгінгі таңда өндірілген барлық пластиктің жартысы соңғы 20 жылда жасалған.Әлемде жыл сайын 300 миллион тоннадан астам пластикалық қалдықтар шығарылса, оның 8 миллион тоннасы мұхиттарға түседі. Бұл әлемдегі әрбір метр жағалауға бес қап қоқыс қойылғанға тең екен.

Экономикасы жақсы елдерде жан басына шаққандағы пластикалық қалдықтарды көп мөл­шерде өндіреді, бірақ олар бұл қалдықтарды қауіпсіз қайта өңдеу және басқару бойынша тиімдірек жұмыс істейді. Ал инфрақұрылымы әлі толық дамымаған кірісі төмен елдерде өңделмеген пластикалық қалдықтардың үлесі әлдеқайда жоғары. Бұл қалдықтар көбінесе құрлықтан мұхитқа түсіп, экологиялық апат ту­дырады. «worldpopulationreview» сайтында жария­ланған зерттеулерге сүйенсек, жыл сайын мұхитқа 4,8-12,7 миллион тонна пластик қал­дықтары түседі. 2017 жылғы зерттеу көр­сеткендей, мұхитқа түсетін дұрыс өңделмеген пластиктің 80%-ы тек бес азиялық елден келеді. Олар Қытай, Тайланд, Вьетнам, Индонезия және Филиппин. 2021 жылы Қытай 59,08 миллион тонна пластикалық қалдық өндіріп, әлемдегі ең ірі өндіруші болды. Бұл көрсеткіш екінші орын­да тұрған АҚШ-тың (37,83 миллион тонна) көрсеткішінен екі есе көп. Алайда Қытай пласти­калық қалдықтардың көлемін азайту үшін қатаң шаралар қабылдады. 2016 жылы 34,02 миллион тоннамен АҚШ әлемдегі ең ірі пластикалық қалдық өндірушісі болды. Елдегі пластикалық қалдықтардың көп бөлігі қайта өңдеуге қарағанда алты есе жиі өртеледі екен. Бұл процестің нәти­жесінде атмосфераға зиян химиялық заттар бөлініп, парниктік газдардың шығарылуы артып, ластанады.

АҚШ, Канада және Ұлыбритания сияқты елдер пластикалық қалдықтардың бір бөлігін Азия елдеріне экспорттайды. Бұл елдерде қал­дық­тар қайта өңделуі немесе дұрыс емес жол­мен жойылуы мүмкін, бұл шын мәнінде қанша қалдық өндірілгені туралы бұрмаланған түсінік қалыптастырады.

Соңғы үштікті Германия түйіндеді. 2010 жылы Германия 14,48 миллион тонна пластикалық қалдық өндірді, оның ішінде 31239 тоннасы су айдындарына түсу қаупі бар еді. Елдегі жан басына шаққандағы күнделікті пластикалық қалдық мөлшері – 0,46 кг, бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Ұлыбританияның Лидс университетінің ға­лым­дары 2024 жылы қоршаған ортаның плас­тикалық қалдықтармен ластануына ең көп үлес қосатын елдер тізімін жасады. Бұл тізімге 14 мемлекет енген. БҰҰ мәліметінше жыл сайын әлемде шамамен 430 миллион тонна пласти­калық өнім өндіріледі, оның 82 миллион тонна­сы дұрыс өңделмей, қоқыс полигондарына немесе табиғатқа түседі. Соның салдарынан миллион­даған тонна пластик табиғатты ластайды. Бұл жағдай пластик өндірісін қысқарту және қайта өңдеу процестерін жандандыру қажеттігін көр­сетеді. Ғалымдардың есептеуіне сәйкес, 2020 жылы жаһандық экожүйеге 52 миллион тонна пластикалық қалдық түскен. Ең көп пластик қалдықтарын шығаратын елдер қатарында Үндістан (9,3 миллион тонна) көш бастап тұр, одан кейін Нигерия мен Индонезия келеді. Ал Қытай қайта өңдеу саласындағы жетістіктерінің арқасында төртінші орынға төмендеді.

Мұхиттар мен экожүйелердің ластануы

Бүгінде мұхиттар үшінші жаһандық эко­логиялық дағдарыс – пластикпен ластанудың зардабын шегуде. Жыл сайын 400 миллион тонна ластаушы заттар өзендер мен көлдер арқылы теңізге жетеді. Бұған химиялық заттар, пластиктер, ауыр металдар, фармацевтикалық өнімдер және басқа да ластағыштар кіреді.

Ластанудың 80%-ы құрлықтан келеді, қалған бөлігі теңіз көлігі, балық аулау және аквамәдениет арқылы таралады. Жел мен ағыстар пластик пен химиялық қалдықтарды мұхиттың ең алыс нүктелеріне дейін жеткізеді, нәтижесінде алыс аралдарда, Арктика мұзында және терең теңіз шұңғымаларында да пластик қоқыстары анықталған. Бүгінгі таңда мұхиттағы пластик 700-ден астам жануар түріне қауіп төндіруде.

Пластиктің ағзаға зияны қандай?

Пластиктің негізгі зияны – оның ұзақ уақыт бойы ыдырамайтындығында. Көптеген пластик түрлеріне қосылатын қоспалар оларды берік, икемді және төзімдірек ете­ді. Алайда бұл қасиеттер пластик қоқысы пайда бол­ған кезде оның 400 жылға дейін сақталуына ықпал етеді.

Ластанудың негізгі көздері бір реттік пластиктер, яғни пакеттер, бөтелкелер, плас­тикалық ыдыстар, сондай-ақ 5 мил­лиметрден 1 микрометрге дейін­гі микропластиктер мен 1 микрометрден де кіші нано­пластиктер.

Бұл пластик түр­лері су көз­деріне, ауаға, топыраққа және адам ағзасына еніп, экожүйелерді бұзуда. Зерттеулерге сүйен­сек, микропластиктер судың 83%-ында, сырада және теңіз тұзында анықтал­ған. Балықтар мен теңіз жан­уарлары мик­ропластиктерді та­мақ ретінде қабылдап, оларды ағза­ларында жи­нақтайды. Бұл ақы­рында, адам ағзасына да енеді.

Адамдар плас­тиктің «ыды­рай­тын» және «био­­ыды­рай­тын» түр­лерін ажы­рата алмайды. Шынды­ғында, пластик ыдыра­ғанда үлкен бө­ліктері ұсақ бөлшектерге айналып, оларды жануарлар жұтады, бірақ оны әлі де ағзада қорыта алмайды. Нағыз биоыдырайтын пластик тек арнайы жағдайларда, мысалы, өнер­кәсіптік ком­пост­тау орталарында ғана толық ыдырай алады. «Toxic-Free Future» ұйымы нидерландтық ғалымдармен бірлесіп жүргізген талдау нәтижесіне сүйенсек, өндірушілердің көбінесе электроқалдықтардан қайта өңделген пластикті пайдаланатыны анықталды. Өрт қаупін төмендету мақсатында материалға арнайы заттар, соның ішінде 1970-жылдардан бастап кеңінен қолданылған бром­далған антипирен­дер қосылады екен. Пластик қолдану барысында да, оны жою кезінде де қоршаған ортаға және адам ағза­сына қосым­ша заттар мен қалдық моно­мерлерді қоса алғанда, улы химикаттарды бөліп шыға­рады. АҚШ-та жүргізілген ұлттық биомо­ни­торинг зерттеу­лері бұл хи­мия­лық зат­тардың жал­пы халыққа әсерін зерт­теуінің нәтижелеріне сүйе­­нетін бол­сақ, плас­тикалық қос­­­палар эндокрин­дік жүйенің қызметін бұзып, мер­­зімінен бұрын босану, жүйке жүйесінің даму ақаулары, ерлердің реп­родук­тивті жүйесіндегі туа­­бітті ақаулар, бедеу­лік, семіз­дік, жүрек-қан тамыр­лары аурулары, бүйрек аурулары және қатерлі ісік қаупін артты­ратынын анық­таған. Эколо­гиялық дағдарыс нәти­­жесін­де пластикалық қал­дықтардан пайда болатын химиялық зат­тармен қаныққан микро және нанопластиктер тірі ағзаларға, соның ішін­де адамдарға ене алады. Жаңа, бірақ әлі толық емес зерттеулер микро және нано­пластиктердің улы әсері олардың физикалық және токсикологиялық ықпалына байланысты болатынын көрсетеді. Сондай-ақ олар улы химиялық заттар мен бактериялық патогендерді жасушаларға тасымалдаушы векторлар ретінде әрекет ете алады.

Адамзат пен қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ әлемді 2040 жыл­ға қарай пластикпен ластануды тоқтатуға бағыттау мақсатында құ­рылған комиссия әлем елдерін 2022 жылғы наурызда БҰҰ Қоршаған орта Ассамблея­сы (ЮНЕА) қабылдаған құжатқа сәйкес «Ғаламдық пластик келі­сімін» шұғыл түрде қабылдауға шақырады. «Ғаламдық пластик келісімі» сияқты халық­аралық шаралар пластик өндірісі мен ластануын тежеу үшін қажет, өйткені пластиктің, оған байланысты химиялық заттардың және қалдықтардың адам денсаулығы мен табиғатқа тигізетін зияны ұлттық шекаралардан асып, жаһандық деңгейде әсер етеді. Бұл, әсіресе, әлемнің ең кедей елдеріндегі халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына үлкен қауіп төндіреді.

Әртүрлі зерттеулер пластиктің нейроток­сикалық әсерін де атап көрсетеді. Әсіресе балаларға зиян, анығын айтқанда, ана құрсағындағы сәбиге әсері өте зиян.Мы­салы, бисфенолдардың әсері қыз балаларда гиперактивтілік пен агрессияны арттырады, ал ұл балаларда агрессия, депрессия және мазасыздықты күшейтеді. Фталаттардың әсері балаларда зейін тапшылығы мен гипе­рактивтілік синдромы қаупін арттырады. Полибромдалған дифенилдер (ПБДЭ), поли­бромдалған дифенил эфирлері (ПБДЭ), гексабромциклододекан (ГБЦД) және тетра­­бромбисфенол А (ТББФ А) сияқты заттар жиһаз, кілем, перде мен тұрмыстық электро­ника өндірісінде жануды болдырмау үшін антипирен ретінде қолданылады. Бұл қосы­лыстар ми үшін де улы деп танылған. Осыған байланысты жаңа кілем сатып алғанда оны тазалап, перделерді жуып алған жөн дейді мамандар.

Аймақтағы жағдай қандай?

Қазақстанда жыл сайын 4-5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық түзіледі, алайда олардың 20%-дан кемі ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Қоқысқа әйнек, қатты пластик, темір банкілер, картон және басқа да қайта пайдалануға болатын материалдар түседі. Облыс бойынша қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және қайта өңдеу саласында 17 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар тұрмыстық қалдықтарды жеке жинап, сұрыптап, қайта өңдеумен айналысады. Нәтижесінде полигонға көмілуі тиіс қоқыс көлемі азайды. Атап айтқанда, Жалағаш ауданында картон қалдықтары мен макулатурадан «эковата» өндірісі жолға қойылған. Облыс орталығына жақын орналасқан Тасбөгет кентінде «Қарасақал» жеке кәсіпкерлігі макулатура, картон, пластмасса және пластикалық қалдықтарды қабылдаса, «Абай-Дәулет» ЖШС пластикалық бөтелкелерді жинау мен сұрыптауға ерекше назар аударады.

– Аймақта «Жасыл даму» акционерлік қоғамы қалдықтарды басқару жобаларын қаржыландырады. Жалпы, облыста сұрыптау және қайта өңдеуге бағытталған 9 жоба жүзеге асырылуда, – дейді Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов.

Микропластиктің әсерінен қалай қорғануға болады?

Бұл орайда мамандар кеңесіне құлақ асқан жөн. Орайы келегенде пайдалы кеңесті жаза кеткен артық болмас дедік. Тамақты ысытар алдында оны керамикалық немесе шыны ыдысқа ауыстырыңыз, сонда микропластик ағзаңызға әсер етпейді. Пластикалық ыдыс­ты микротолқынды пеште пайдалануға болатын­дығын білдіретін арнайы белгі болмаса, онда оны қыздыруға болмайды. Жаңа киімді жуып, жаңа кілемдерді, перделерді, жамылғылар мен жиһаз қаптарын тазалап, желдетуге тырысыңыз. Пластикалық иісі қатты шығатын заттарды (жасанды шырша, орындықтар және т.б.) біраз уақыт балконда ұстауға немесе бөлмені жиі желдетуге болады. Егер зат технологиялық талаптарға сай жасалса, бірнеше күннен кейін иісікетуі керек. Алайда уақыт өте келе пластик бұзылып, қайтадан химиялық иіс шығара бастайды. Мұндай жағдайда оны тастау керек.Балаларға арналған ойыншықтар, бөтелкелер және басқа да тауарларды сатып алғанда, олардың таңбалануына назар аударыңыз. Сертификаттау туралы ақпаратты және «ЕАС» белгісін іздеңіз – бұл олардың Ресей мен кедендік одақ елдерінде балалар үшін қауіпсіз материалдардан жасалғанын білдіреді.

Қоршаған ортаның пластикпен ластан­уы – қазіргі заманның ең өзекті экологиялық мәселелерінің бірі. Ол экожүйелерге, адам денсаулығына және экономикаға зиянын тигі­зуде. Егер біз бүгін әрекет етпесек, бұл мәселе тек ушыға береді. Сондықтан пластикалық қалдықтарды басқару жүйесін жақсарту, балама экологиялық шешімдерді енгізу және бір реттік пластиктерден бас тарту – бұл проблеманы шешудегі басты қадамдар болмақ.

София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: