Бейсенбі, 26 желтоқсан, 13:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Премьер-министр сапары:
Президент тапсырмасы өңірде қалай орындалуда?

16.11.2024

261 0

Жаңа терминал іске қосылды

Апта басында Сыр өңіріне Үкімет басшысы Олжас Бектенов келді. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов Қызылорда қаласындағы «Қорқыт Ата» әуежайында жаңа терминалдың ашылуына қатысты.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде іске асырылған жоба өңірдің сауда-экономикалық, туристік әлеуетін дамытуға және халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін көлік қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Жаңа терминалды іске қосу әуе айлағының өткізу мүмкіндігін 7 есеге – жылына 300 мыңнан 2 млн жолаушыға дейін арттырады. Жаңартылған «Қорқыт Ата» терминалы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жоғары стандарттарына сәйкес келеді.
– Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында көлік-логистикалық секторды дамытуды стратегиялық басымдық деп атады. «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы – өңір үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды инфрақұрылымдық жоба. Оны іске асыру қосымша әуе бағыттарды, оның ішінде халықаралық бағыттарды ашуға, транзиттік әлеуетті, жолаушылар мен жүк ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді, бұл ішкі туризмнің, сауданың және тұтастай экономиканың дамуына оң әсер етеді. Үкімет бизнестің заманауи, сапалы көлік-логистикалық инфрақұрылымды салу жөніндегі әлеуметтік бағдарланған бастамаларын толық қолдайтын болады. Бұл – біздің еліміздің болашағына қосылған үлес, – деп атап өткен Олжас Бектенов жобаның іске қосылуын қысқа мерзімде қамтамасыз еткендердің барлығына алғысын білдірді.
Үкімет басшысы ішкі және халықаралық рейстердің жолаушыларына қызмет көрсету үдерісімен танысты. Ауданы 7500 шаршы метр терминал телескопиялық баспалдақтар, қол жүгін тексерудің автоматтандырылған жүйесі және басқа да озық технологиялармен жабдықталған. Жобаны іске асыруға «Болат Өтемұратов қоры» әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде 20,9 млрд теңге инвестиция салды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға, автожол салуға, әуежай аумағын абаттандыруға және жарықтандыруға 4,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
«Қорқыт Ата» әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Баян Ажмолдаев өңірдегі жыл сайын өсіп келе жатқан жолаушылар ағынын ескере отырып, терминалдың уақытылы іске қосылғаны туралы хабарлады. Мәселен, биылғы 9 айда әуежайда 265 мың жолаушыға қызмет көрсетілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға артық. Аптасына 26 ішкі рейс жүзеге асырылады (17-сі Астанаға, 9-ы Алматыға). Осы жылдың маусым айында Анталья (Түркия) қаласына халықаралық чартерлік рейс іске қосылды.
Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов Ақтау және Атырау қалаларында қосымша рейстер ашу, сондай-ақ «Қызылорда-Көкшетау», «Қызылорда-Ақтөбе», «Қызылорда-Қарағанды» сияқты әуе бағыттарды әлеуметтік маңызы бар рейстер тізбесіне енгізу жоспары туралы баяндады.
Өңір жұртшылығы атынан сөз сөйлеген Қызылорда облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев жаңартылған әуежайда жолаушылардың барлық санаттары үшін жасалған қызмет сапасы мен қолайлы жағдайларды жақсартудың маңызына тоқталды.
– Қызылорда облысы арқылы біз өңірлерді мемлекет тарапынан қолдау шараларының оң нәтижелерін көріп отырмыз. Бүгін жерлестеріміздің арманы орындалды – жаңа әуежай терминалы ашылды. Мемлекет басшысына өңірге ерекше көңіл бөлгені үшін алғыс білдіргім келеді, бұл барлық салада өсуге ықпал етеді, – деді Серік Дүйсенбаев.
Ауылды дамыту – басты міндет

Премьер-министр Олжас Бектенов Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде ауыл тұрғындарының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын жақсарту, АӨК дамыту арқылы экономиканы әртараптандыру, сондай-ақ тұрғындарға сапалы білім беру қызметтерін ұсыну үшін әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді.
Сырдария ауданы Бесарық ауылында Премьер-министр «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асырудың және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің табысты мысалдарымен танысты. «Абай Дәулет» ЖШС құрған өндірістік алаңда 318,2 млн теңгеге ауыл тұрғындарының 13 бизнес-бастамасы іске асырылуда. Жартылай фабрикаттар, пластикалық ыдыстар, ағаштан жасалған бұйымдар, тоқыма, кондитерлік өнімдер, сабын және басқа да өнімдер өндіретін цехтар ашылды. Олжас Бектенов ауыл тұрғындары шығаратын өнімдер желісімен танысты.
Оң тәжірибені кеңінен тарату үшін облыстың әр ауданында кемінде 3-4 ауылда осындай бизнес-инкубаторлар ашу жұмыстары жүргізілуде.
Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл өңдеу өнеркәсібін, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және басқа да келешегі бар салаларда 610 жұмыс орнын ашқан 575 жоба іске асырылды.
«Kaz Fries» зауытында Премьер-министрге АӨК өнімдерін терең өңдеу саласындағы әлеуетті ашу шаралары таныстырылды. Кәсіпорынның қуаты сағатына 150 килоға дейін қуырылған картоп таяқшаларын өндіруге жетеді, дайын өнім мұздатылып, ішкі нарықта сатылады. «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев өсімдік, құс, мал шаруашылықтарымен және құрылыс өнімдерін шығарумен айналысатын көпсалалы компанияның өндірістік қуатын одан әрі кеңейту жоспарлары туралы хабардар етті.
Серіктестік ауылдың дамуына үлкен үлес қосып келе жатқанын атап өткен жөн. 2018 жылдан бері компания бұл мақсаттарға 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Қаражат 360 орындық мектеп, 120 орындық балабақша және дәрігерлік амбулатория сияқты әлеуметтік нысандарды абаттандыруға, көгалдандыруға, жөндеуге бағытталған. Демеушілік қолдау есебінен осы жылы 150 адамға арналған Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Мұнда Президенттің бастамасымен жастарды отаншылдық, адамгершілік рухында тәрбиелеуге бағытталған «Адал адам» тұжырымдамасы іске асырылуда. Балалар үйірмелері ашылып, музыкалық шығармашылық ұжым құрылды. Сонымен қатар «Адал адам» мәдени орталығында подкаст-студия орнатылған, онда тікелей эфирде ауыл бизнесін дамытудың өзекті мәселелері талқыланады, көрермендерге жергілікті цехтарда өндірілген өнімдер таныстырылады.
Премьер-министр бизнестің ауылдық жерлердегі тұрмыс сапасын жақсартуға қосқан үлесі маңызды екенін атап өтті.
– Ауылды дамыту, нәтижелі жұмыспен қамтуды ынталандыру, сапалы әлеуметтік инфрақұрылым құру – Үкіметтің басым міндеттерінің бірі. Осы бағытта біз кәсіпкерлердің барлық бастамасын қолдаймыз. Егер Қазақстандағы әрбір ауылда осы жерде бизнес ашатындар тарапынан жауапты қолдауға ие болса, халықтың тұрмыс сапасы да анағұрлым серпінді түрде жақсарады», – деп атап өткен Олжас Бектенов Бесарық ауылын дамыту тәжірибесін одан әрі кеңейту қажеттігіне тоқталды.
Қызылордада Премьер-министр бүгінде 200 жұмыс орны ашылған «Жан Арай» ЖШС агроөнеркәсіп кешенінің өндірістік орындарын аралады. Кәсіпорын күріш, құрама жем өндірумен, жемістер мен көкөністерді өңдеу және сақтаумен айналысады. Мұнда қуаты тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіруге жететін және тәулігіне 150 тонна күріш өңдей алатын екі зауыт жұмыс істейді. Сонымен қатар сыйымдылығы 1,5 мың тонна болатын көкөніс қоймасы бар, бұл маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кешен өнімдері Қазақстанда сатылады және Түркия, Ирак, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Беларусь және басқа да алыс-жақын шетелдерге экспортталады.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов облыс орталығында балаларды қосымша біліммен қамтуды арттыру бағытында атқарылып жатқан шаралармен танысты. Жеке инвестиция есебінен салынған жаңа Оқушылар сарайы биыл қазан айында пайдалануға берілді. Жобаның құны – 2,4 млрд теңгені құрайды. 350 адамға дейін сыятын әлеуметтік нысан әртүрлі жастағы оқушылардың жан-жақты дамуына ықпал ететін, гидропоника, робототехника, өнеркәсіптік дизайн, телестудия сынды басқа да жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Мұнда Премьер-министрге Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде Қызылорда облысында кәсіптік-техникалық білім беру және кадрлар даярлау жүйесін трансформациялау бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы ақпарат берілді. Өңірде 28 колледж жұмыс істейді, онда бүгінде 20 мыңнан астам студент білім алып жатыр, оның 5 мыңға жуығы жұмысшы мамандықтары бойынша оқиды.
2024-2025 оқу жылында облыстың барлық аудандарында 7 оқу-өндірістік комбинаты ашылды. Қысқамерзімді кәсіптік оқыту курстары 300-ге жуық адамды қамтыды. Алғашқы комбинат 2022 жылы қалалық мектеп-лицей базасында ашылған. Аспаз, тігінші, графикалық дизайнер және басқа да сұранысқа ие мамандықтар бойынша 164 маман бітірді. Алдағы уақытта тәжірибені кеңейту жоспарланып отыр.

Оң бағасын берді

Осы аптада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет отырысының күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жиын өткізіп, алдымен Мемлекет басшысының тапсырмасымен аймаққа арнайы келген ҚР Премьер-министрі Олжас Абайұлы Бектеновтің жұмыс сапарының қорытындысы туралы айтты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен кеше облысқа Үкімет басшысы Олжас Абайұлы Бектенов арнайы жұмыс сапармен келіп, аймағымыз үшін ауқымды, тарихи маңызды жобалардың бірі «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалын салтанатты түрде ашты. Жеке инвестор, жерлесіміз «Болат Өтемұратов қорының» демеушілігімен салынған заманауи үлгідегі жаңа терминалда жолаушыларға барлық жағдай қарастырылған. Жаңа терминал сағатына 250 жолаушыға қызмет көрсетуге, сауда-логистикалық әлеуетті дамытуға және жаңа рейстер ашуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Үкімет басшысы Қызылорда қаласы және «Бесарық» ауылындағы бірқатар жаңа нысандармен танысты. Сапар қорытындысында аймағымызда атқарылған ауқымды жұмыстарға оң бағасын берді. Бұл баға барша жерлестеріміздің бірлігі мен тату тірлігінің жемісі деп білемін. Президентіміздің Сыр өңіріне деген ерекше қамқорлығы жаңа бастамаларға жол ашты.
Үкіметтік делегацияның өңірге жұмыс сапарын жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізуге атсалысқан барша әріптестеріме, зиялы қауымға, БАҚ өкілдеріне, кәсіпкерлер қауымына, «Қорқыт Ата» әуежайының» ұжымына, Қызылорда қаласы мен Сырдария ауданы әкімдіктеріне шынайы ризашылығымды білдіріп, алғысымды жеткіземін, – деді облыс басшысы.

«Ақмешіт-ақпарат»
(сурет primeminister.kz сайтынан алынды)

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: