«Алдағы уақытта үйренсем деймін. Кейін оқимын. Ертеңнен бастаймын». Бұл сізге таныс сөздер ме? «Жалқаудың ертеңі бітпес» деген сөз бар қазақта. Қазіргі қоғамда адамдардың көпшілігі білім алу, жұмыс істеу, маңызды шешім қабылдауда істі кейінге қалдыруға бейім екені жиі байқалады. Бірақ неге біз істі кейінге қалдырып, прокрастинацияға ұшыраймыз? Бұл әдет қайдан пайда болды және оның адам өміріне тигізетін әсері қандай? Зерттеп көрелік.
Психолог маман Гүлжайна Ғабитқызының айтуынша, прокрастинация – адамның белгілі бір тапсырманы орындауды кейінге қалдыру әдеті. Бұл әдет саналы немесе бейсаналы түрде болуы мүмкін. Көпшілігі өзіне жүктелген міндетті соңғы сәтке дейін созып жүреді. Бұл құбылыс адамның психологиялық жағдайымен, мотивация деңгейімен, ішкі үрейлерімен және өзін-өзі реттеу қабілетімен тікелей байланысты.
– Прокрастинацияны көбінесе жалқаулықпен шатастырады, бірақ екеуі екі түрлі нәрсе. Жалқаулық – әрекет етуге деген ниеттің болмауы, ал прокрастинация – ниет болғанмен, оны кейінге шегеру. Бұл уақытты басқарудың дұрыс жолын игермеген немесе эмоциялық күйзелістен шығудың амалын таппаған адамдарда жиі кездеседі. Егер адам үнемі істі кейінге қалдырып отырса, бұл прокрастинацияның белгісі. Кейде адам белгілі бір жұмыстың күрделілігін түсінгенімен, оны орындаудың орнына жеңілірек істерге назар аударады. Өйткені күрделі тапсырманы орындағаннан гөрі, жеңіл жұмыс істеу оңайырақ көрінеді. Ал жалқаулық – бұл мақсаттың немесе ниеттің болмауынан туындайтын жағдай. Мысалы, тіпті үй жинау үшін де нақты мақсат қажет. Кез келген істі орындау үшін алдымен өзімізге нақты мақсат қойсақ, оны жүзеге асыруға ұмтыламыз. Ал егер мақсат болмаса, жалқаулық жеңіп, ісіміз кейінге қала береді, – дейді психолог маман.
Психологияда прокрастинация жеке тұлғалық әдет немесе мінез-құлық ретінде қарастырылады, бірақ оны психикалық ауру деп тікелей атауға болмайды. Дегенмен егер ол адамның күнделікті өміріне, жұмысына және психикалық денсаулығына айтарлықтай әсер етсе, бұл күйзеліс, мазасыздық, өзін-өзі бағалаудың төмендігі сияқты психологиялық мәселелермен байланысты болуы мүмкін.
Прокрастинация деген не?
«Прокрастинация» сөзі латын тілінен шыққан, мұнда pro – «алға» немесе «кейінге», ал crastinus – «ертеңгі» деген мағынаны білдіреді. Бұл сөз адамдардың белгілі бір тапсырманы орындауды кейінге қалдыру әдетін сипаттау үшін қолданылады. Прокрастинация жаңа ұғым емес, оның тарихы ежелгі заманнан бастау алады. Мысалы, ежелгі грек философы Сократ пен Аристотель адамның ойланып жасалмаған әрекеттерін сипаттай отырып, «акрасия» (ерік-жігердің әлсіздігі) деген ұғымды қолданған. Бұл адамның өзіне пайдалы екенін білсе де, қажетті істерді орындаудан бас тартуын білдіретін түсінік еді. «Прокрастинация» сөзі ағылшын тілінде алғаш рет 1548 жылы пайда болды. Бұл термин адамдардың жұмысты кейінге қалдыруына байланысты қолданыла бастады. Психология саласына прокрастинация ғылыми термин ретінде 1970-1980 жылдары кеңінен қолданыла бастады. Бұл кезеңде психологтар мен зерттеушілер адамның уақытты басқару мәселелеріне назар аударып, өнімділікке әсер ететін факторларды зерттеді. 1977 жылы канадалық психолог Пирс Стил прокрастинацияны мотивация теорияларымен байланыстыра отырып, оны терең зерттеуге кірісті. Бүгінде прокрастинация – тек психологияда ғана емес, бизнес, білім беру және жеке даму салаларында да кеңінен талқыланатын маңызды феномен. Ол адамдардың мінез-құлқы мен шешім қабылдау процесіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі ретінде қарастырылады.

Себебі мен салдары
Прокрастинацияның бірнеше негізгі себептері бар. Біріншіден, ол адамның перфекционизмге бейімділігіне байланысты болуы мүмкін. Мінсіз нәтиже көрсеткісі келген адам кейде тапсырманы бастауға қорқады, өйткені ол жетістікке жете алмау қаупін сезінеді. Екіншіден, прокрастинация адамның мотивациясының төмен болуынан туындайды. Егер адам белгілі бір істі орындауға қызығушылық танытпаса немесе оның маңыздылығын сезінбесе, оны кейінге қалдырады.
– Жауапкершілікті сезіне алмаған адам ешқашан маңызды істі жасай алмайды – бұл факт. Маңызды істен қашып, жеңіл жолды таңдай бастайды. Мысалы, ойынқұмар адам жеңіл ақша табуды ойлайды. Оларды емдеу қиын, себебі олар шешім қабылдаудан және жауапкершіліктен қашып, ойын ойнауды жеңіл көреді, – дейді психолог.
Тағы бір себеп – тапсырманың тым күрделі болып көрінуі. Адам қандай да бір істі орындай алатынына сенімсіз болса немесе оның көп уақыт пен күш талап ететінін білсе, ол жұмысты бастауға ынтасы болмайды. Сонымен қатар адамдар кейде күйзелістен немесе эмоционалды шаршаудан қашу үшін де істі кейінге қалдырады.
Қала тұрғыны Жазира (есімі өзгертілді – авт.) өзінде прокрастинация белгілерін байқап, психолог көмегіне жүгіну арқылы жұмысын тиімді жоспарлауды және уақытын дұрыс басқаруды үйренгенін айтады.
– Қажетті істерді орындау керектігін түсінсем де, оларды үнемі кейінге қалдырып, орнына маңызы жоқ жұмыспен айналысып кететінмін. Кейде маңызды жұмысты бастауға ниеттеніп, бірақ әлеуметтік желілерге кіріп немесе басқа жеңіл істерге көңіл бөлетін едім. ТikTok қарап, әлеуметтік желілерде көп уақыт өткізіп жүрдім, тіпті жұмысым жиналып жатса да оны орындауға асықпайтынмын. Істің маңызды екенін түсінсем де, оны орындаудың орнына телефонға үңіліп, уақытты босқа өткізетінмін. Кейде тіпті өзіме: «Қазір бір-екі видео көріп алайын, содан кейін жұмысқа кірісемін» деп уәде беретінмін, бірақ ақырында, уақыт өтіп кетеді. Кейінірек, интернеттен прокрастинация туралы оқып, бұл әдеттің менің уақытым мен еңбек өнімділігіне қалай әсер ететінін түсіндім. Психологпен кеңесіп, өз жұмысымды дұрыс жоспарлауды үйрендім. Қазір істі кейінге қалдырмау үшін күнделікті тізім жасап, әр тапсырманы уақытымен орындауға тырысамын, – дейді ол.
Заманауи технологиялар, әсіресе әлеуметтік желілер мен интернет, адамдардың уақытын босқа өткізуіне себеп болуы мүмкін. Көпшілігі маңызды істерді орындаудың орнына, әлеуметтік желілерде отыруды немесе видеолар қарауды жөн көреді. Бұл олардың еңбек өнімділігін төмендетіп, істі кейінге қалдыру әдетін күшейтеді. Прокрастинация жаңа заманның мәселесі ме, әлде ол бұрыннан бар құбылыс па?
Маманның айтуынша, жалқаулық бұрыннан бар, алайда соңғы жылдары оның деңгейі айтарлықтай артқан.
– Қазіргі таңда адамдар өмірінің жартысын әлеуметтік желілерде өткізіп, өз өміріне жауапкершілік алудан қашады, керісінше, басқалардың өміріне қызығады. Түрлі ұтыстарға қатысып, тіпті несие алып, жеңіл жолмен ақша, көлік немесе үй алуды қалайтындар көбейіп барады. Бүгінде көптеген ата-ана бала тәрбиесін TikTok пен YouTube-қа тапсырып қойғандай әсер қалдырады. Бұл да осыған үлкен әсер етеді. Мақсаты мен арманы жоқ адам көптеген істі кейінге қалдыруға бейім. Өзіне деген сенімі жоқ адам кез келген істі қиын әрі ауыр санап, оны орындаудың орнына үнемі кейінге шегереді. Мұндай адамдар көбіне «жатып ақша тапсам, еш күш жұмсамай өмір сүрсем» деген ойға беріліп, әрекет етуден қашады, – дейді Гүлжайна Ғабитқызы.
Маманның айтуынша, әлеуметтік желілер мен гаджеттер прокрастинацияны күшейтіп, адамның назарын маңызды істерден бұрып әкетеді.
– Әлеуметтік желілер мен гаджеттер прокрастинацияны күшейтеді. Оның ішінде дофаминдік тәуелділік қалыптаса бастайды – лайк, қаралым сияқты нәрселер адамды содан ғана ләззат алуға үйретеді. Нәтижесінде, назары басқа нәрсеге ауып, адамның шынайы қалауы жоғала бастайды. Бүгінде адамдар подкасттар мен курстарға шектен тыс тәуелді болып алған, – дейді психолог.
Зияны қандай?
Прокрастинацияның зияны көп. Біріншіден, ол адамның еңбек өнімділігін төмендетеді. Уақытында орындалмаған тапсырмалар жинақталып, күйзелісті күшейтеді. Бұл өз кезегінде адамның психологиялық денсаулығына кері әсер етеді. Сонымен қатар прокрастинация адамның кәсіби және жеке өміріне де зиянын тигізеді. Жұмыс уақытында бітпегендіктен, кәсіби беделі төмендеп, жоспарлары бұзылуы мүмкін.
Кейбір зерттеулер көрсеткендей, прокрастинация адамның жалпы өмір сүру сапасын төмендетеді. Уақытты дұрыс ұйымдастыра алмау, міндеттемелерді орындамау және үнемі уақыттың жетпеуі сияқты мәселелер өз-өзіне деген сенімсіздікке әкеледі. Бұл адамның психологиялық жағдайына, тіпті денсаулығына да әсер етуі мүмкін.
Прокрастинацияны жеңу үшін әртүрлі әдістер қолданылады. Біріншіден, нақты жоспар құру керек. Тапсырманы кішігірім бөліктерге бөліп, оларды кезең-кезеңмен орындау – ең тиімді тәсілдердің бірі. Екіншіден, уақытты басқаруды үйрену қажет. Белгілі бір уақыт аралығында тапсырманы орындап, демалуға уақыт бөлу – жұмыс өнімділігін арттыруға көмектеседі. Балаларды жастайынан осы әдеттен аулақ болуға үйрету үшін маман өз кеңесін айтты.
– Ата-ана баласының тәрбиесін әрқашан өз бақылауында ұстауы керек, тіпті ол 18 жастан асса да қадағалау керек. Бұрынғыдай өлең, қисса-әңгімелерді айтып отыру маңызды. Мен ата-аналарға балаларын ұйықтар алдында ертегі айтып беруге кеңес беремін. Телефоннан алыстату мүмкін болмағанымен, олардың ми қызметін дамытуға және ойлау қабілетін жақсартуға ықпал етуге болады, – дейді ол.
Сонымен қатар мотивацияны арттырудың да маңызы зор. Мақсат қою, марапаттау, жетістігіне қуану – адамды ынталандыруға көмектеседі. Эмоциялық күйзелісті азайту үшін медитация, спорт немесе басқа да әдістерді қолдану пайдалы болуы мүмкін. Тағы бір маңызды мәселе – прокрастинацияның негізгі себебін анықтау. Егер адам тапсырманы орындауды не себепті кейінге қалдыратынын түсінсе, ол бұл мәселемен тиімді күресе алады. Кейде бұл үшін кәсіби психологтың көмегі қажет болуы мүмкін.
Прокрастинация – көптеген адамда кездесетін құбылыс. Ол әртүрлі себептерден туындайды және адамның өміріне айтарлықтай әсер етеді. Өзін-өзі басқару, уақытты дұрыс жоспарлау және мотивацияны арттыру арқылы прокрастинациядан арылып, өмір сапасын жақсартуға болады. Маңыздысы – уақытты дұрыс ұйымдастырып, тапсырмаларды кейінге қалдырмау. Ал сіз істі кейінге көп қалдырасыз ба? Күнделікті өмірде маңызды істерді шегеріп, оның орнына жеңіл әрі уақыт алатын әрекеттерге көңіл бөлесіз бе? Мүмкін, дәл қазір орындау қажет бір жұмыс бар шығар, бірақ сіз оны кейінге қалдырып отырсыз ба? Ойланып көріңіз…
С.Темірболат
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!