Бейсенбі, 27 ақпан, 01:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№15,2128
25.02.2025
PDF мұрағаты

Қабілетін кәсіпке айналдырған

31.12.2024

396 0

Көпбалалы ана Анар Романова жаңа жыл қарсаңында кондитерлік цех ашып, тұрғындарға дәмі тіл үйірер ғаламат өнімдерді ұсына бастады. Шаһардың Титов шағын ауданының тұрғындары үшін бұл – үлкен қуаныш. Олар енді күн сайын жақын жерден пештен жаңа шыққан нан өнімдерін алу мүмкіндігіне ие болды.
Анар – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, әрі қаржыгер. Бірақ оған несібе жеке кәсіптен бұйырыпты. Жолдасы екеуі біраз уақыт бұрын Елордаға қоныс аударып, Сарыарқа төрінен шағын кафе ашқан болатын. Жолдасы – мемлекеттік қызметкер. Ал жеке кәсіп – отбасылық табысты арттырудағы Анардың идеясы. Жақында туған жерге қайта оралғанда да Анар кәсіпті қолға алып, тың идеяны ойлаған.
– Астанадан кафе ашқанда нан өнімдерін, жалпы кондитерлік өнімдерді өзім пісірдім. Бұл маған өзімді жаңа қырымнан тануыма сеп болды. Сондықтан Қызылордаға келгенде өзіме таныс осы кәсіпке білек сыбана кіріскім келді. Келе сала кәсіп бастау үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін іздей бастадым. Оны жүзеге асыратын қаржы институттарының жұмысымен танысу барысында «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығының ұсынған бағдарламасы ұнады. Осылайша аталған орталықтан мемлекеттік бағдарламамен 30 млн теңге жеңілдетілген несие алдым. Жылына 6 пайыз ғана қосылады. Бұл мен секілді кәсіпкерлерге өте жақсы қолдау, – дейді Анар Романова.
Анар бұл қаржыны аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асыруды тапсырған облыс әкімінің пилоттық жобаның аясында алды.
– Жеңілдетілген несиеге Қызылорданың әзірге екі жерінде кондитерлік цех ашудамын. Бірі – сол жағалаудан, екіншісі Титов шағын ауданында орналасқан. Жұмысымызды бастағанымызға екі апта болды. Ал ресми түрде енді ашып жатырмыз, – дейді кәсіпкер.
Кондитерлік цех әзірге күніне 400-500 дана нан өнімдерін шығарады. Әсіресе тұрғындар ыстық тапа нанды жиі сұрайды екен. Ашылғанына көп болмаса да күніне 120-170 данаға дейін сатылуда. Титов мөлтек ауданынан ашылған кәсіпкерлік нысан «ORDA BAKERY» тәттілер мекені деп аталады.
– Кондитерлік цехымның ерекшелігі – нан өнімдерін жасанды ашытқысыз дайындайтынымызда. Тұтынушылар да осы қадамымызға алғысын білдіруде. Мемлекет қолдауының арқасында 5 жұмыс орнын аша алдым. Алда бұдан да үлкен жоспарым бар, – дейді кейіпкеріміз.


Дәулет ТҰРСЫНХАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: