Қан майданның отты өткелінен өтіп, кейінгі ұрпақтың бейбіт өмірі жолында кескілескен соғыстың зардабын көрген жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Олар бейбіт өмірді жанқиярлықпен қорғап қалған қыран қанатты ержүрек сарбаздар еді. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Елеусін Қайназаров небәрі жалындаған 19 жасында дүниені дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғысқа өзі сұранып, аттанғандардың бірі.
1922 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Қашқансу елді мекенінде дүниеге келген оның кейінгі ұрпаққа қалдырған ұлағаты өлшеусіз.
Тумысынан жігерлі, намысқой, батылдығымен ерекшеленген жан Отанын қорғауды, елдің тыныштығын сақтауды перзенттік парызы санап, 1941 жылы майданға аттанады. Майдан даласында жеке ұлттық атқыштар бригадасының №101 артиллериялық дивизионы взводының радиотелеграфисі болып, соғыс қимылының ең қауіпті нүктелерінде ұрысқа қатысады. 1942 жылы бұл бригада Калинин майданының 39-әскерінің құрамына өтеді. 1942 жылғы қарашадан 1943 ші жылғы қаңтарға дейін Оленино қаласының жанындағы шабуылда кеңес әскері үлкен шығынға ұшырап, Сталинград маңындағы айқаста ұрыс тәсілі нығая түседі. Ұрыс даласындағы байланыстың үзілмеуіне жауаптылықты міндетіне алған жауынгер Е.Қайназаров ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, әскерилерді тың ақпаратпен қамтамасыз етіп отырады. Оқ пен оттың ортасында жан берісіп, жан алысқан майдан шебінде жас сарбаз 1943 жылы ауыр жараланады. Емделіп шыққан соң Ростовтағы артиллерия мектебіне оқуға түседі. Оны үздік бітіріп, шыңдалған жауынгердің қарым-қабілетін байқаған әскери басшылық Е.Қайназаровты взвод командирі дәрежесімен майданға жібереді. Қатардағы әскериден командирлікті міндетіне алып, майдандастарын ұйымшылдықпен басқарып, асқан ерліктің үлгісін көрсетеді. Қазақта «қырық жыл қырғын болса да, ажалды өлер» деген аталы сөз бар. Қанды соғыстың ақырғы күндеріне дейін майдан шебінде дұшпанына ажал оғын жаудырған жеңіс солдаты 1946 жылдың маусымында аман-есен елге оралады. Бейбіт еңбекке араласып, Қармақшы аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, партияның облыстық комитетінің мектептер мен жоғары оқу орындары бөлімінің нұсқаушысы болып жауапты қызмет атқарады. 1951 жылы облыстық милиция басқармасы бастығының саяси бөлім бойынша орынбасары, ал 1956 жылы Алматы қаласындағы милиция орта мектебі бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. 1961 жылы Алматы қаласының мемлекеттік автоинспекция бөлімшесі бастығының орынбасары, артынша бөлімше бастығы лауазымына көтеріледі. Ұйымдастырушылық, іскерлік тәжірибесімен ерекшеленген басшы салаға ерекше серпіліс пен тың идея әкеліп, қызметін үздік атқарады.
Е.Қайназаров ағамыздың өмір жолына көз жіберсек, тарихи сәттерге куә болғанын байқаймыз. 1963 жылы елге Дінмұхаммед Қонаев басшылық жасаған тұста шетелден келген қонақтарды табиғат аясында қыдырту сәтінде Алматы қаласының көше қозғалысын реттеу бөлімінің бастығы Елеусін Қайназаров та бірге жүреді. Сол кезеңде сел жүріп, төтенше жағдай орын алады. Бұл жайында ол өзі былай деп еске алған екен: «Маған дауыс зорайтқыш қондырғымен тар жолда көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысын реттеуге, «қорғалатын» тұлғаның көпірден шұғыл өтуін қамтамасыз етуге тура келді, өйткені әр секунд қымбат болды. «Чайка» көлігі өткеннен кейін көпір балшық тас ағынының қысымымен құлады. Мен әріптестеріммен бірге құтқару жұмысын ұйымдастыру үшін қалдым». Осылайша өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, алғысқа бөленеді. Адамдарды, мемлекеттік мүлікті су тасқынынан құтқару, адамдарды қауіпсіз аудандарға эвакуациялауды ұйымдастыру бойынша жанқиярлық жұмысы үшін Е.Қайназаров 1963-ші жылы 27 тамызда КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының атынан «Қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша үздік қызметі үшін» медалімен марапатталады.
1969 жылғы шілдеден бастап 1976 жылғы маусымға дейін Е.Қайназаров ІІБ Штабын басқарды. ІІБ жеке құрамы арасында ақпараттық-талдамалық жұ-мыспен, бөлімше жұмысын жоспарлаумен, инспекциялаумен, кезекші бөліммен және тәрбие жұмысымен айналысады. Құқық қорғау органдарындағы еңбегі мен тәжірибесі ескеріліп, 1976 жылы ол Қазақ КСР ІІМ Штабы бастығының орынбасары лауазымына жіберіледі. Сол жерден үлкен абыроймен еңбек демалысына шығады.
Алайда үлкен ізденіс пен шығармашылық шабыт ол кісінің үлкен қасиеті еді. Ешқашан тыным таппай бойындағы білімі мен тәжірибесін, ақыл-ойы мен парасатын келер ұрпаққа аманаттап кетсем деген асқақ арманмен өмір сүріп, диссертация қорғап, оқу-әдістемелік құралды редакциялады. ІІО қызметкерлері мен ардагерлері туралы естелік, мақалалар, көркем пьесалар да жазды. Құқық қорғау саласындағы қызметкерлерге арнап «Алматы МАИ: өткені мен қазірі» атты Алматы қалалық полициясы туралы тарихи очерк шығарса, тіпті қалың оқырманға арнап «Қазақстан тарихы» кітабын жазды. Ол көптеген кітап пен оқулықтың құрастырушысы және редакторы болды. Мысалы, «Қазақстанның ІІО құрметті тұлғалары» атты естелік кітабы 1998 жылы жарық көрді. Барлығы 100 баспа табақтан асатын ғылыми мақалалары мен еңбектері, «Құқық тәртібі және қоғам өмірі» атты монографиясы бар Міне, тағылымы мен ерлігі егіз ұғымдай болған майдангер Е.Қайназаров қандай құрметке болсын лайық тұлға.
Қарт жауынгердің ел үшін еткен еңбегі мен ерлігі жоғары бағаланып, Ұлы Отан соғысындағы айбынды ерлігі үшін II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша үздік қызметі үшін», «Мінсіз қызметі үшін» ІІІ дәрежелі медалімен және 13 мерекелік медалімен марапатталды. 1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай Президент Жарлығымен «Ерлігі үшін» және 2003 жылы «Маршал Жуков» медалін өңіріне тақты.
Елеусін ағамыз сегіз қырлы, бір сырлы өте талантты жан болды. Табиғи талантын шыңдап, өлең жазып, ән шығарды. Қазақтың қара домбырасын жанына серік қылып, күй шертті. Әрине, ол жаны сұлу перзенттің туған жерге, өз ұлтының өнері мен әдебиеті, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген құрметінің белгісі еді.
Осындай бірегей тұлғаларға қоғам тарапынан құрмет көрсетіліп, есімі ұлықталып, көше аты берілсе құба-құп болар еді. Себебі қан майданда да, бейбіт өмірде де елдің болашағы үшін жанқиярлықпен еңбек еткен азамат қандай құрметке де лайық.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!