Соңғы жылдары отандық киноға деген сұраныс айтарлықтай арта түсті. Бес жыл бұрынғы статистикаға көз жүгіртсек, қазір көрермен талғамының айтарлықтай өскені аңғарылады. Кинотуындылардың идеясы, актерлердің шеберлігі мен сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Арзан күлкі мен мазмұнсыз оқиғаларға құрылған фильмдер өзектілігін жоғалтса, керісінше көрерменге ой саларлық, мазмұн мен сапасы үйлескен картиналарға қызығушылық артты. Осы орайда соңғы уақытта көптің көңілінен шыққан, отандық кинопрокатта олжа салған фильмдерді зерттеп көруді жөн санадық. Бұл туындылар несімен ерекше.
Отандық олжалы фильмдердің бірі – «Қайтадан» (Qaitadan). Бұл – Қазақстанда алғаш рет апат жанрында түсірілген. Оқиға Алматы облысы, Қызылағаш ауылында өрбиді. Еске салсақ, 2010 жылдың наурызында Қызылағаш су қоймасындағы бөгет бұзылып, ауылды топан су басқан еді. Бұл оқиғада ауыл шетіндегі дамбының жарылуы, апатты жағдайға әкеліп соғады. Жарылу қаупі бар екенін білген, шырылдаған бала ауыл тұрғындарына, ауыл әкіміне айтып ескеріп әлек болады. Бірақ демалыста ауылға келген қала баласының айтқанына ауыл тұрғындары құлақ аса қоймайды.Яғни фильмнің мазмұны мәселені ушықтармай дер кезінде шешу болып саналады. Түптеп келгенде қоғамдағы мәселені көтергені анық байқалады. Бейқам әкім, көз жұмып жүре беретін тұрғындар, алға ілгері жылжымайтын ауыл. Осы картина бүгінде біраз ауылдың өзекті мәселесі болып тұрғаны анық.
Айта кететін жайт, туындының ерекшелігі – шынайы атмосфераны жеткізу үшін кәсіби құтқарушылар мен арнайы техника тартылған. Сондай-ақ заманауи визуалды эффектілер қолданылып, көріністер әсерлі шыққан. Бұл фильм тек табиғи апатты бейнелеп қана қоймай, шынайы өмірден алынған оқиғаларды арқау етуімен де ерекшеленеді. Кеткен шығында аз емес сыңайлы. Фильмнің бас продюсері Жалын Тілеубергеннің айтуынша, ол пәтерін сатқан.
– Фильм үшін жай ғана ауыл емес, толыққанды ауыл тұрғызылған. Оған қоюшы суретшілеріміз бас аяғы 3 ай уақыт жоғалтты. Әсіресе біз үшін судың графикасын жасау қиынға соқты. Үлкен соммадағы қаржыны талап етті. Тіпті, пәтерімді сатуға тура келді, – дейді ол.
Расында, бұл фильм табиғи апатты суреттеген алғашқы туынды. Актерлардың да шеберлігі көпшілікті тәнті етті.
– Біз, әуел бастан физикалық тұрғыда ауыр сахналарды алып шығатын, төзімді әрі шыдамды актерларды іріктедік. Себебі картинаның ең күрделі сәттерінің бірі – дамбы жарылған көрініс болатын. Ол эпизодты түсіру кезінде актерлер суға қарсы тұрып қана қоймай, физикалық шыдамдылықты талап етті. Мұздай суда, суықта ұзақ уақыт жұмыс істеу оңай емес. Дегенмен, актерлер өз кәсібиліктерін толық дәлелдеді. Олар бар қиындыққа төтеп беріп, көрерменге нанымды образ ұсынды, – деді Жалын Тілеуберген.
Кеткен шығында өз-өзін ақтаған секілді. «Қайтадан» – Қазақстан кино өндірісінде бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті. Үш апта ішінде фильмнің кассалық табысы 1 млрд теңгеден асып, жұмсалған қаражаттан бес есе көп кіріс әкелді. Осылайша ол отандық прокатта көш басына шықты. Көрермен тарапынан талғамның өсіп, ғарыштаған кезі деп айтуға болады.
Осы орайда көрермен пікірін тыңдадық. Тіптен, фильм алғаш шыққан күннің өзінде билеттер тез өтіп кетіп, аншлаг болғанын айтады.
– Алғашқы аптада билет табу мүмкін болмады. Сайтқа кірсем, барлығы сатылып кеткен. Бұл фильмге қызығушылықтың қаншалықты жоғары екенін сол кезде түсіндім. Маған әсіресе ауыл өміріндегі адамдардың жан айқайы, қауіпті сәттегі шынайы сезімдері қатты әсер етті. Фильмде арзан күлкі жоқ, керісінше өмірлік мән бар, – дейді көрермен Гүлбану Абдуллаева .
Шын мәнінде, әзілсіз де сапалы фильм көрерменнің жүрегінен орын таба алатынын «Қайтадан» дәлелдеді.
– Мен бұл фильмге келмес бұрын екі бойы «Қызылағаш» ауылында болған жантүршігерлік оқиғаны зерттеп, зерделедім. Интернеттегі деректерді оқып шықтым. Бірақ кинога кірген бойда оқыған оқиғама жан кіргіндей, тұла бойым түршікті. Бейкүнә сәбилердің қыршыннан қиылған тағдыры, нәрестесін іздеп еңіреген ананың жанайқайы, бүтіндей бір әулеттің бір мезетте алапат апаттың су астында қалуы, ана мен баланың қимас сезімі барлығы жүректі елжіретеді. Бұл өмірден алынған оқиғаға жан бітіріп, көрерменге ой саларлық тағылымды туынды. Арзан әзіл, ермек қылар күлкі жоқ, – дейді көрермен Сара Базарбай.
«Қайтадан» қайталанбас туындыға айналса, көрерменнің назарын аударған отандық фильмдердің бірі – «Қолыңнан келсе, алып қаш» комедиясы. 2025 жылы үлкен экранға жол тартқан бұл отбасылық туынды әзілге, қызыққа толы оқиғаларымен ерекшеленіп, көрерменге жақсы көңіл-күй сыйлады. Фильмнің бас продюсері – Алмат Шадмат.
Картинаның басты кейіпкері – 35 жастағы табысты әйел Самал. Қызметі мен жетістігі болғанымен, екінші жартысын іздеп жүрген жан. Іштей бақыт іздеген ол көріпкелге жүгінеді. Болжам бойынша, Самалдың тағдырлы жары бар, егер оны таппаса, өмірінде бақытсыздық күтіп тұр деседі. Осыдан кейін Самал құрбыларымен бірге ауылға аттанады. Ізденіс барысында олардың жолы қарапайым, бірақ қадірлі жігіт – Бақытпен жолығады. Дегенмен, Бақыт бұл оқиғаға сенбейді әрі араласудан бас тартады. Сонда да қайсар қыздар ойынан қайтпай, жігітті «алып қашуға» бел буады.
Бастапқыда ойын-сауыққа ұқсап көрінген бұл қадам уақыт өте келе күтпеген оқиғаларға ұласады. Шынайы сезімдер пайда болып, Самалдың өмірлік таңдауы мен бақытқа жету жолындағы күресі басты арқауға айналады.
Фильмнің ерекшелігі – әзіл мен қызықты диалогтардың астарында қоғамдағы өзекті мәселелердің көтерілуінде. Онда әйелдің қоғамдағы орны, отбасы құндылығы, бақытқа жету жолындағы талпынысы көрініс тапқан. Самалдың образы арқылы авторлар қазіргі қоғамдағы нәзік жандылардың тағдырына, олардың шектеулер мен сын-қатерлерге қарамастан өз бақытын табуға деген құқығына назар аудартады. Әзіл арқылы берілген шындық көрерменге ой салды. «Қолыңнан келсе, алып қаш» тек күлдіруді ғана емес, әлеуметтік мәселелерді көтеруді мақсат еткен фильм ретінде бағаланды.
Фильм прокатқа шыққан алғашқы аптасында-ақ 432 миллион теңгеден астам қаржы жинап, отандық кино нарығында сенсация тудырды. Кейінгі көрсетілімдер нәтижесінде жалпы табыс көлемі 518 миллион теңгеге жуықтады. Бұл – соңғы жылдары қазақстандық комедия жанрында түсірілген ең табысты картиналардың бірі болды.
Көрермендер де туындыға жоғары баға берді. Олар фильмнің атауына қарап, дәстүрлі «алып қашу» оқиғасын күтсе, экраннан мүлде басқа шындықты көрді.
– Мен бұл фильмнің атауына қарап, қызды алып қашу оқиғасы болады деп ойлағанмын. Сөйтсем, бәрі басқаша екен. «Қолыңнан келсе, алып қаш» фильмі маған қазіргі таңда алаяқтардан сақ болуды, балгер мен көріпкелдерге алданып қалмауды түсіндірді. Сондай-ақ фильм ажырасқан әйелдердің де бақытты бола алатынын көрсетті. Қоғамда әлі күнге дейін мұндай нәзік жандыларға шектеу қоятындар бар. Басты кейіпкер Самалдың бала сүйе алмағаны үшін күйеуінен ажырасуы – қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Өмірге бала әкеле алмағаны үшін әйелін жарты жолда тастап кететін ерлер де бар. Бұл – бүгінгі күннің шындығы, – дейді көрермен Зарина Алдамжар.
Әзілдің де шындығы бар. Сол шындықты күлкімен ұштастыра білген «Қолыңнан келсе, алып қаш» фильмі биылғы жылдың олжалы туындыларының біріне айналды. Көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп қана қоймай, қоғамдағы маңызды мәселелерге ой салған бұл фильм отандық кинематографияда өзіндік із қалдырды.
Биылғы жыл – отандық кино өнерінің олжалы жылы болды. Апатты жағдайды суреттеген фильмдерден бөлек, әзіл арқылы шындықты меңзеген комедиялар мен салт-дәстүрге негізделген драмалық туындылар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Солардың бірі – «Әмеңгер. Ағама аманат» фильмі. Күрделі тағдырды бейнелейтін бұл туындыны көрген жан кинотеатрдан бейжай шықпайды. Фильм қазақ қоғамында әлі де өзектілігін жоғалтпаған дәстүрлердің мәні мен маңызына терең үңілуге жетелейді.
Басты кейіпкер – ауылда тұратын, ата-анасына қамқор, бар ғұмырын туыс-туғанына арнаған Жанат есімді азамат. Сырттай қарағанда оның өмірі баянды көрінгенімен, шын мәнінде ол жалғыздықпен күресіп, ауыр дерттің салмағын арқалап жүрген жан. Әлі үйленбеген жігіттің тағдыры – қазақы дәстүрдегі «әмеңгерлік» ұғымымен тығыз байланысты өрбиді.
Фильмде күйеуі қайтыс болған әйелдің болашағы қалай шешіледі деген сауал көтеріледі. «Ағама аманат» ұғымы арқылы режиссер дәстүр мен заман талабын таразыға тартып, кейіпкерлерді ар-ұят пен сезім арасындағы күрделі таңдау алдында қалдырады. Осы арқылы туынды көрерменді қоғамдағы өткір мәселелерге жетелейді. Әсіресе, ұмыт бола бастаған дәстүрлердің қазіргі жастар санасында қаншалықты орын алатынын ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді. Фильмнің басты рөлдерін Елдос Шайкенов, Индира Құлмағамбетова, Ермек Шынболатов және Мақсат Рахмет сомдаған. Олардың шынайы ойыны мен әсерлі бейнелері картинаның мазмұнын тереңдете түсті.
Көрсетілімге шыққан күннен бастап-ақ фильм қоғам назарын аударып, әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Бірі дәстүрді дәріптегенін қолдаса, енді бірі бүгінгі заманда мұндай салттың қажетсіз екенін алға тартады. Әзірге ресми кассалық табысы жарияланбағанымен, алғашқы күннен-ақ көрермен ықыласына бөленгені анық.
Көрермендер пікірін де тыңдап көрдік.
– Бұл фильм тек әмеңгерлік жайын ғана қозғамайды. Бауырлар арасындағы түсінбеушілікті де көрсетеді. Қазір бір анадан туғанымен бір-біріне теріс қарап жүргендер баршылық. Сонымен қатар құмар ойынның зардаптарын да бейнелеген. Құмарлық – бұл дерт. Осы тақырыптардың бәрі бір ғана тағдыр аясында ашылып, бүгінгі қоғамға ой тастайды, – дейді көрермен Салтанат Жылқыбаева.
Ал дәстүрге қатысты өз пікірін Ақбота Сейтқали былай білдірді:
– Әмеңгерлік – ата-бабамыздан қалған дәстүр. Абайдың өзі соңғы әйелін әмеңгерлік жолымен алғаны белгілі. Бұл ұяттан бұрын, бауыр мен ұрпақ алдындағы жауапкершілікті білдіреді. Дегенмен, ХХІ ғасырда мұндай салт ұят саналады. Уақыт өзгерген сайын көзқарас та өзгереді.
Түйін: Отандық киноның дамуы – ең әуелі көрермен талғамына байланысты. Қызықсыз сценарий, әлсіз актерлік шеберлік пен сапасыз бейне фильмнің салмағын түсіреді. Ал шынайы оқиға, әсерлі бейне мен заманауи визуалды тәсіл – талғампаз көрерменнің көңілінен шығудың кепілі.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!