Сейсенбі, 11 қараша, 01:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№86, (2198)
11.11.2025
PDF мұрағаты

Қайсарлығы әділеттілігімен астасқан қайраткер

11.11.2025

45 0

Қызылорда облыстық партия комитетінде он жеті жылдан аса қызмет еткен соң 1938 жылдан 1991 жылға дейін облыстың партиялық жүйесінде он жеті бірінші басшы болғанын, олардың ішінде Мұхамедғали Әленұлы Сужиков, Мұстақым Біләлұлы Ықсанов және Еркін Нұржанұлы Әуелбековтердің Сыр бойына сіңірген ерен еңбектерінен хабардар едім. Сондықтан олардың есімдерін ел есінде қалдыру ылғи жадымда жүретін. 

Мен бір реті келіп, Мұхамедғали Әленұлы Сужиков туралы «Халқым деп соққан жүрегі» деген кітап шығарған едім.  Мұстақым Біләлұлы Ықсанов облыстың ауыл шаруашылығының жетекші саласы күріш егісі бағытына күрделі реформа жасап еді. Ол кезде мен комсомолда қызмет еттім. Ал  Еркін Нұржанұлы Әуелбеков 1985 жылдың 22 қаңтарынан 1989 жылғы шілденің 25-іне дейін басқарған партиялық аппаратта әуелі үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісінің орынбасары, өзі бекіткеннен соң бөлім меңгерушісі болдым. Бұл кезең мен үшін айрықша тағылымды болды. Мәжіліс депутаты болған кезімде Ерекең туралы «Қайсар қайраткер» деген тұңғыш көлемді мақалам «Арқа ажары» газетінде жарияланды. Мен бүгін өзім көрген,  өзім ой жіберген мәселелер туралы ғана айтпақшымын.

Мәскеудің Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын үздік бітіріп келгеннен соң еңбек жолын бас агрономдықтан бастап министрге дейін көтеріліп,  Көкшетау мен Торғай облыстарын басқарған Еркін Нұржанұлы Әуелбеков Сыр бойына үлкен дайындықпен келгендігі 1985 жылдың 22 қаңтарында өткен Қызылорда облыстық партия комитетінің VII пленумында айқын байқалды. Пленум мүшелерімен шақырылған облыс активі Ерекеңді әділетті­лік пен еркіндіктің символындай қабылдады. Мұның келесі­ себептері бар еді. Одақта «қайта құру» мәселесі алға шық­ты. Содан коммунис­тік партияның жеке билігі мен ген­сектердің жеке басшы­лығы қажытқан халық әділеттілікті аңса­ған болатын. Бұл кезде қайсар тұлғаның адал қызметі мен басқа­рудағы әділеттілігі  республикада аңызға айнала бастады. 

Пленумда сөйлеген қысқа ғана сөзінде өзіне көр­сетілген жоғары сенімге шын жүректен ризашылық сезімін білдіре отырып, Еркін Нұржанұлы Қызылорда облысының экономикасы мен мәдениетінің дамуы, гүлденуі мен оның республикада өзінің атына лайықты орын алуы, әлеуметтік саладағы жауапты міндеттерді шешу, жаңа белестерге шығару үшін бар күш-жігерін, білім-білігін еш аямайтынын танытты. Облыстың өзіндік ерекшелігі мен жағдайын ескеріп, бар мәселені өздеріңізбен бірге жүзеге асыруға тыры­самын, «Бүгіннен бастап сіздердің қатарларыңызда, қызылордалық боламын» деп шынайы ықыласын білдірді. Оны облыстағы өмірі мен сан салалы қызметі толық дәлелдеді. Ерекең уәде үдесінен шыға білді. Ел де жаңылған жоқ.

Тарих талай дәлелдеген халық арасында болу оны басқарудың төте жолына апаратынын жақсы білген Еркін Нұржанұлы көпшілікпен жиі кездесіп, облыстың жағдайын тереңірек білуге, өз мақсатын кеңінен түсіндіруге тырысты. Бұл үшін сол кездері қалыптасқан партиялық жұмыс нысандарын тиімді пайдаланды. Өзі сайланған қаңтар айынан жыл аяғына дейін 50-ден астам кездесуде болып, сөз сөйледі. Олар: облыстық партия шаруашылық активінің жиналысы, облыстық, қалалық, аудандық конференциялар мен пленум­дар, халық депутаттарының облыстық кеңесі, партия ұйымдарының есеп беру сайлау жиналыстары т.т. болды, келер жылы мұндай 46 кездесу өтті. Әр айдың бесінші жұма күндері «Бірыңғай саяси күндер» және ай сайын «Малшылар күні», сондай-ақ «Ашық есік күндері» өткізіліп, барлық аудандық, облыстың деңгейдегі бірінші басшылар еңбек ұжымдарында болып, жағдаймен танысып, жұртшылық алдында есеп берді. Осылай халықпен, активпен жолығудың түрлі жолын, өңірді партиялық басқарудың өзіндік жаңаша стилін енгізіп, оны байыта отырып қалыптастырды.

Еркін Нұржанұлы негізінен, ауыл шаруашылығы бағытында ғана дамып, республика деңгейінен кенже келе жатқан облысты тығырықтардан шығарудың тиімді жолдарын жалықпай іздеді. Мұны тапты. Өзіне тән іскерлікпен, қажыр-қайратпен, ерекше дарынмен Ерекең Сыр бойына Мәскеудің назарын бұрып, аймақ үшін маңызды-маңызды 5 қаулы-қарар қабылдатқызды. Бұлар­дың ішінде 1986 жылғы 25 желтоқсанда КСРО Министрлер Кеңесінің «Қазақ КСР Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету шаралары туралы» қаулының маңызы бөлек болды. 

Еркін Нұржанұлының ерекше назарда ұстағаны Арал аймағындағы экологиялық жағдай болды. Бұл жөнінде облыста арнайы комиссия құрылды. Мен осы комиссиядағы  Ерекеңнің бір сөзімен таныстым. Онда Аралға қатысты еш мәселе қалмаған. Соншалықты ыждағаттылықты, мәселені соншалықты терең білгенге таңқаласың. Арал мәселесін ХIХ Бүкілодақтық партия конференциясында, ССРО Жоғары кеңесінің сессиясында арнайы мәселе етіп көтерді. Содан СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің 1988 жылы 19 қыркүйекте «Арал теңізі аймағындағы экологиялық және санитарлық жағдай­ды түбегейлі жақсарту шаралары, осы бассейндегі су және жер ресурстарын пайдалану мен қорғауды күшейтудің тиімділігін көтеру туралы» қаулы алуына қол жеткізді. Бұл қаулының орындалуының жүзеге асуына байланысты республикада және облыста арнайы қаралып, тиісті қаулы­лар қабылданды. Осы құжаттардың негізінде қабылданған заң Сыр өңірі «экологиялық апат аймағы» деген мәртебеге ие болды. Облыс үшінші категориядан екіншіге өтті. Бұл елеулі оқиға еңбек адамының жалақысына қосымша үлестер әкелді.

Осындай Сыр бойына Мәскеудің назарын аударып, бірнеше қаулы қабылдаттыру 1954-1958 жылдары обкомның бірінші хатшысы қызметін атқарған Мұхамедғали Әленұлы Сужиковтың кезінде де болған еді. Бұл аймақтың партия  басшыларының саяси өресін,  іскерлік қабілеттерін айқын байқатқан факторлар болатын.

Сондай-ақ Ерекеңнің Жезқазған өңіріне жататын «Құмкөл» мұнай кенішіне қарасты аймақты облыстың пайда­лануына 25 жылға жалға алу туралы келісімге қол жеткізудегі еңбегі ерекше. «Маңғыстау мұнайгаз» бір­лестігінің сол кездегі президенті Нұрлыхан Бекбосыновпен бірлесіп, КСРО Мұнай және газ министрлігінің Құмкөлді игеруді «Татарнефть» және «Башқұртнефть» компанияларына беріп қойған бұйры­ғын бұздырып, кері қайтарды. Сөйтіп, Құмкөл мұнайының игерілуіне он мыңдай адам тартылып, геологиялық бар­лау жұмысы тиянақты жүргізіліп, 1988 жылы алғашқы өнім­ге қол жеткізді.  Бұл облыс бюджетінің 70-80 пайызын құрады. Мұның Сыр бойы халқының әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін көтеруде қаншалықты пайдалы болғанын дәлелдеп жатудың өзі артық.

Сол кездері іске кіріскен, өңірдің экономикасында өзіндік орны бар «Шалқия» кенішін, аэропорт, жүздеген тұрғын үй, т. б. деп жалғастыра беруге болады.  Осыларды жүзеге асыру тек Ерекең сияқты ерлердің ғана қолынан келетін еді. Мұның бәрі облыс жұртшылығының көңіл күйін де, тұрмыс жайын да ерекше көтергені белгілі.

Еркін Нұржанұлы облыстың артқа қалуының басты себебі кадр саясатымен байланысты екенін терең түсінді. Бұл мәселе арнайы облыстық партия комитетінің пле­нумында қаралды. Өйткені басшылыққа құрғақ сөзбен, жеке қарым-қатынаспен көтерілгендер, қызмет бабын өз тұрмысын көтерудің, жоғары лауазымға жетудің жолы еткендер аз болған жоқ. Кадрлар арасындағы парақорлық, пайдакүнемдік, жағымпаздық, қоғам мүлкін талан-таражға салу, жағымсыз қылыққа бейімделе қою, өз абыройын өзі түсіру қатты сынға ұшырады. Салтанатшылдықпен, жетістіктерді ұрандатып көрсету, кемшіліктерді жасыру фактілерімен аяусыз күрес жүрді. Тәртіп бұзушыларға жариялылық жасалып, сын және өзара сынның дамуы үшін объективті жағдай жасалды. Төменнен бақылау күшейді. Алғашқы екі жылда 200-ден астам облыстық, қалалық, аудандық партия комитеттерінің номенклатурасындағы басшы кадрлардың жұмыстан босауы бұған дәлел бола алады. Бірақ ешкімге артық қиянат жасаған да, жасаттырған да емес.

 Облыс басшылығы кезінде Е. Н.Әуелбеков қатысқан СОКП Орталық Комитетінің бір пленумы еске түсіп отыр. Оның материалдары бойынша біз тез арада еңбек ұжымдарында сөз сөйлеу үшін облыстың басшы кадрларына баяндама тезистерін дайындауымыз керек болып, Мәскеуден телетайп арқылы материалдар түскен кезде түн ортасына дейін отыруға тура келді. Әдетте, бұл ақпараттық материалдар аймақтардағы қазіргі жағдаймен байланысты және айтарлықтай көлемді болды. Тезистер екі тілде дайындалды. Бұл Ерекеңнің жоғары партия органдарының шешімдеріне ерекше көңіл бөлуінен қалыптасқан жұмыс стилі еді.

Облысқа жаңа басшының келуімен сан жылғы тоқыраудан шаршаған халықтың арыз-шағымы обкомға қарша борады. Мысалы, 1985 жылы өткен жылмен салыстырғанда шағымданушылар қатары 4,4 есе көбейді. Жұртшылық үніне сергек Ерекең бір арызды толық оқымай, ешкімге тапсырма бермейтін. Оны арыздардағы негізгі мәселелердің асты қара сиямен сызылғанынан байқайтынбыз. Мәселелері жергілікті жерде шешіліп жатқан соң жұртшылық Мәскеу, Алматыға хат жолдауды күрт азайтты. Арыздардың басым көпшілігі шешімін тауып жатты. Оны үгіт-насихат бөліміне қатысты хаттардан байқадым. Әрине, осы сәтті пайдаланып қалғысы келгендер де болмай қалмады. Алайда олар дегеніне жете алмады.

Еркін Нұржанұлы көбіне сол кездегі заман талабына сай орысша сөйлегенімен ұлттық рухы биік, нағыз халықшыл қайраткер болатын. Бұл қасиеттердің Ерекеңде айқын болғанына өзімен көп жыл қызметтес, қимас дос болған Мақтай Сағдиевтің мына сөздері дәлел бола алады: «Еркін Нұржанұлы ешқашан ешкімді орыс, қазақ деп бөлмейтін. Бірақ үлкен ағайындар баяғы дағдымен озбырлық жасап, туған халқының есесі кетіп жатқан жерде шыдап тұра алмайтын. … Көкшетауда бірінші басшы боп жүрген кездерінде үлкен жиналыс мінберлерінен: «Біз Қазақстанда  тұратынымызды  ешқашан ұмытпайық» деп шегелеп, жұрттың құлағына құйып, саналарына сіңіріп айтудан әсте жалықпайтын да тайынбайтын».

Ерекең намысшыл басшы болды. Әсіресе, облысқа қатысты мәселеге аса жауапкершілікпен қарайтын. Бір мысал келтіре кетейін. Ол кездері облысаралық ақындар айтыстарын өткізу дәстүрі бар еді.  Сондай бір айтыс Павлодарда Оңтүстік Қазақстан ақындарымен өтетін болды. Біздер Ерекеңнің жеке тапсырмасымен айтысқа баратын ақындарымызды облыс орталығына жинап, арнайы дайындадық. Оған белгілі жазба ақындарымыз қатысып. ақыл кеңестерін айтып, республиканың, жарысушы облыстардың әлеуметтік экономикалық жағдайы туралы қажетті деген  мәліметтер жинадық. Бірінші хатшы «ақындарыңды өзің басқарып бар» деп Павлодарға мені жіберді. Мұнда келгенде айтыстың аса тартысты жағдайда өтетіндігін  байқадық. Көрші ағайындар біздерден бұрын келіп, алдағы жеңіс үшін еш аянбай, барын салыпты, артық та кетіпті. Осыларды білгеннен кейін айтысты ұйымдастырушылармен арнайы сөйлестік. Естіген білгендерімізді ортаға салдық. Жарыстың әділ өтуі жөнінде талап қойдық. Облыс басшысының біздерді жайдан жай жіберіп отырмағанын, әр сәтіміз бақылауда екенін ескерттік. Сонымен не керек, екі облыс тең түстік. Қазылардың шешімі осылай болды. 

 Павлодардан келгеннен кейін жағдайды басшымызға толық баяндадым. Ерекең де теледидардан берілген айтыс туралы хабарды жібермей қарапты. Кейбір әділетсіздіктерді байқап қалса керек. Осы айтыс туралы және кейін облыстың «Қайсар» футбол командасының шымкенттіктермен кездесуінде қонақтардың жетекшісі тарапынан кеткен  артық іс әрекеттерді Ерекең көрші облыстың басшысымен бір кездескенінде арнайы әңгімеге арқау еткені әлі есімде.

Еркін Нұржанұлы  қайсарлығы әділеттілігімен астасқан басшы болды. Көмекшілері жиналыс-кездесулерге сөйлер сөзін өзінің айтуы бойынша орыс тілінде дайындайтын. Маған түскі сағат 14-терде әкеліп, кешке керек дейтін. Біз оны тез аударатынбыз. Пайдаланатынымыз машинка. Оны қайта қарап,  жөндеуге уақыт жоқ.  Өзінің айтқандары ғой мазмұнын баяндар деп ойлайтынбыз. Бірақ бірде ол материалдарға қанағаттанбай жүргенін айтты. Мен келістім. Ереке, сіз ойларыңызды маған айтыңызшы, мен бірден қазақша жазайын дедім. Оның дұрыс деп қолдады. Алайда  орысша ойлап қалған Ерекең бұлай етпеді. Бірде кеңейтілген бюро басталарда маған қарады да бұрынғы сөздерін қайталады. Мен: «Еркін Нұржанұлы, әркім өз сөзін өзі жазуы керек қой» дедім. Залдың тым-тырыс болғаны сонша шыбынның ызыңы естілетіндей жағдай болды. Ерекең сәл қатуланып үнсіз отырды да, бюроны бастап кетті. Егер басқа кісі болса, мені бәлкім, осы бюрода жұмыстан босатуы мүмкін еді. 

Біздер жаңа басшының әрбір қырына қызығушылық таныттық. Өйткені оның бойында өзгелер алар өрелі өнеге де, үмітті үлгі, тағлымды дүниелер мол еді. Бірінші хатшы болып сайланғаннан кейін маған алғаш тапсырғандары Саяси ағарту үйінің кітапханасынан дер кезінде жеткізіп тұруға 10-15 мерзімді басылымдар тізімі болды. Бұл газет-жүрналдар уақытылы қайтарылып, жаңарып отырды.

Адам баласының кең ұғымдағы жеке мәдениеті қалып­таспай, оның қызметінің берекесі бола қоймайды. Еркін Нұржанұлы өзін басшылықтың бәйгесіне дайындағандай күнделікті жеке жұмыс режимін белгілі жүйеге түсірген, оны қатаң сақтайтын және осыны қарамағындағы қызмет­керлерден де талап ететін. Мұның тиісті нәтиже беретінін өз тәжірибесінен өткізген басшы болғанына бір мысал.

Кейде обкомның асханасында дәмдес болып қаламыз. Сонда Ерекең  облыстық партия комитетінің қаржы және шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Исатай Елубаевқа: «Исатай, мына бөлім меңгерушілеріне  өз қаржыларына таразы сатып алып бер. Салмақтарын өлшеп жүрсін. Менің салмағым соңғы он жылда 100 грамнан артыққа ауытқыған емес» деп отыратын.

Осындай берісі облысымыздың, арысы республиканың саяси-әлеуметтік және экономикалық, рухани дамуына ерекше үлес қосқан Ерекеңе тектілік ата қанымен, ана сүтімен беріліп, ұлттық тәрбиенің темір қазығы – отбасында қалыптасып, өскен ортасында жетіле түскен. Әкесі Нұржан Қазақ КСР-інің  еңбегі сіңген мұғалімі, Ленин және Октябрь Революциясы  ордендерімен марапатталған, аса беделді, оқымысты, танымал тұлға болған көрінеді. Ал Қалима Әуелбекова тоғыз перзент тәрбиелеген ана болған. Ерекеңнің мәңгілік мекенін анасының қасынан таңдауы тегіннен тегін болмаса керек.

Сөз соңында бір мәселені айта кетейін. Әділетсіздікке қасқайып әркез қарсы тұратын, өзінің адами, өршіл тамаша қасиеттерімен көптеген замандастарынан жоғары болған, биік мінбелерде лауазыммен есептесе бермейтін Еркін Нұржанұлы Әуелбеков  адами адалдық пен әділеттіліктің,  шынайы шындықтың үлгісі болды. Осындай 43 жасында Социалистік Еңбек Ері атанған, бірнеше Ленин, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерінің ие болған, ерен еңбектер­мен жұртшылыққа кеңінен танылған қайсар қайраткер туралы сол кездегі республика басшыларында бірыңғай пікірдің болмағаны белгілі. Ерекеңді ілгері жылжытудың, жоғары көтерудің, оның адами асыл қасиеттері мен мол ұйымдастырушылық қабілетін, жинаған мол тәжірибесін биік деңгейде пайдаланудың орнына оны орталықтан алыстату, мүмкіндігі болса, алдарына шығармау үшін сонау Торғай облысына жіберді. Жастар арасындағы айрықша қызметімен Одаққа танымал болған Өзбекәлі Жәнібекті де жаңа облыс болып ұйымдасып жатқан Торғайға жібергенде республика басшылары осындай ойда болды. 

Республика басшылары бір кездері Торғай, Қызылорда облыстарын мәдени жер аудару аймағы еткен еді. 1954 жылы Орталық партия комитет хатшысы қызметінен аса сауатты, Мұхамедғали Әленұлы Сужиковты Қызылордаға бірінші хатшы етіп жіберген еді. Алайда М.Сужиков те, Ө.Жәнібеков те, Е.Әуелбеков те Орталық жіберген аймақтардан абырой­ларына абырой қосқан-ды. Егер торғайлықтар  Жәнібеков пен Әуелбеков туралы жыр етіп айтатын болса, Сужиков пен Әуелбековтің есімдерінің Қызылорда қаласындағы мектептер мен көшелерге  берілуі халықтың шынайы құрметі болатын.

Иә, қайраткерлігі қайсарлығымен, іскерлігі жауапкер­ші­лігімен, әділеттігі адалдығымен, парасаттылығы пайым­дылығымен, білімділігі біліктілігімен, қарапайымдылығы дарындылығымен жарасқан Ерекең, Еркін Нұржанұлы туралы сөзімді белгілі ақын, мемлекеттік қайраткер Кәкімбек Салықовтың «Жұлдызы жанған азамат» атты   очеркіндегі мына сөздермен аяқтағым келіп тұр: «Еркін Нұржанұлы бесікте жатып бұлқынған, өсе келе құлшынған аптал азамат еді, желіде тұрып жұлқынып, Құлагер болып туған ел дүлділі болатын. Қыр мұрынды, қапсағай қыран тақылеттес келбеті мен жас қарағайдай сұңғақты тұлғасы өзгеге емес, өзіміздің «Оқжетпеске» ұқсайтын».  Бұдан артық не айтуға болады?              

Әбдіжәлел  БӘКІР,

Қорқыт Ата атындағы  Қызылорда

университетінің профессоры, саяси ғылымдарының докторы, Мұстафа Шоқай ҒО ғылыми жетекшісі                                

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: