Сыр шаhарының орталығында орналасқан қалалық мәдени және демалыс паркі қайта жаңғыртудан кейін жаңа кейіпке еніп, қала тұрғындары мен қонақтары үшін нағыз демалыс мекеніне айналды. Осыдан тура 72 жыл бұрын салынған демалыс паркі бүгінде заман талабына сай жаңартылып, сәулеті мен сәні жарасқан, кең ауқымды жобаның жемісіне айналды. Қала әкімдігі ұйымдастырған баспасөз туры аясында жаңа кейіпке енген қалалық паркке бардық.
Жоба құны 6,3 миллиард теңгені құрап, оның аясында 6 гектардан астам жер телімі толық абаттандырылды. Жердің 3954,3 шаршы метріне түрлі ғимараттар мен бетон скейтпарк салынса, қалған 23815,7 шаршы метрі көгалдандырылып, жасыл желекпен көмкерілді. 544 дана қылқан жапырақты ағаш отырғызылып, 2122 шаршы метрге егілген гүлдер демалушылардың жанына жайлылық сыйлайтыны сөзсіз. Кіреберіс қақпа алдыңдағы «Сыр батырлары» ескерткіші Тағзым алаңына көшіріліп, орнына сәнді арка бой көтерді.
– Бұл жоба қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіз әрі жайлы демалысы үшін жүзеге асты. Қайта жаңғырту 2024 жылы басталып, қысқа уақыт ішінде аяқталды. Қазір мұнда 20-дан астам аттракцион, балалар алаңы, фонтандар мен фуд-корт аймақтары жұмыс істеп тұр, – дейді BI Group компаниясының бас инженері Алмас Нариманов.
Жаңартылған паркте жас ерекшелігіне қарай 20-дан аса аттракцион орнатылған. Скейтпарк, памп-трек, айналма доңғалақ, зымыран, маятник, телекомбот, экспресс пойыз, тізбекті карусель, кеме, айналмалы мұнара сынды аттракциондар келушілерді ерекше әсерге бөлейді. Су аттракционы мен отбасылық пойыз, шыныаяқ карусельдер бүлдіршіндер үшін таптырмас таңдау. Сондай-ақ қауіпсіздік шаралары да ескерілген. Аттракциондарға міну алдында жас ерекшелігіне байланысты нұсқаулық беріліп, қызметкерлер тарапынан бақылау қатаң жүзеге асырылады.
Парк аумағында орналасқан су бұрқақтары ерекше архитектуралық дизайнмен жасалған. Соңғы үлгідегі мәрмәр түстес орындықтар мен жарық шамдар түнгі Қызылорданың ажарын аша түсті. Айналма доңғалақ маңында және орталық алаңда орналасқан фуд-корт аймақтары келушілерге қолайлы.
– Балаларымыз мәз. Немерелеріммен келіп отырмын. Кішкентайларға қатты ұнады. Жолымыз түссе, тағы келеміз, – дейді Ақжарма ауылының тұрғыны Сафура Апбасова.
– Балаларымды кешкі серуенге алып шығамын. Таза ауамен тыныстап, күнделікті қауырт тірліктен демалып қайтамыз. Қызылорданың әдемі көрінісімен тыныстап қайтамын, – дейді қала тұрғыны Динара Қанатқызы.
Парк ашылғалы бері келушілердің қарасы қалың. Қала тұрғындары мен қонақтарының жүзінен қуаныш байқалады. Ауылдан ат терлетіп келгендер де жетерлік. Балалар алаңсыз ойнап, ата-аналар табиғат аясында демалып, сапалы қызметке риза болуда. Біз де қалыс қалмай, аттракционға міндік. Ерекше әсер алдық. Бастысы, қауіпсіздік шаралары қатаң сақталғанына көзіміз жетті.
– Бұрынғы парк аумағында тек 9 аттракцион болса, қазір 20 аттракцион жұмыс істеп тұр. Былтыр ойын алаңдары мен демалыс аумағы жетіспейтін. Қазір бәрі қарастырылған. Бір күнде орта есеппен 2500-3000 адам паркке келеді. Қызметкерлер саны да артты, жаңа жұмыс орындары ашылды. Әр аттракцион жас ерекшелігіне сай бөлінген. Мәселен, 3-6 жас, 7-15 жас, әрмен қарай ересектерге жоспарланған. Бұл – қауіпсіздік пен ыңғайлылықтың көрсеткіші. Сонымен қатар қайта жөндеу жұмыстары толық, 100 пайыз аяқталды, – дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алмат Өтегенов.
Қызылорда қаласындағы мәдени және демалыс паркі тек демалыс орны ғана емес, қаланың көркіне көрік қосқан, тұрғындар мен қонақтар үшін рухани әсер сыйлайтын ерекше мекен. Қала келбеті көз сүйсіндіреді. Заманауи стиль мен ұлттық нақыш үйлескен бұл кеңістік енді Қызылорданың мақтанышына айналатыны сөзсіз. Тұрғындар мен қала қонақтары да дән риза. Аймақ басшысының бастамасымен бастау алған бұл жоба болашаққа жасалған айқын қадамның көрінісі.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!