Ел экономикасының қозғаушы күші саналатын кәсіпкерлік саласын қолдау жыл сайын артып келеді. Әсіресе кәсіп бастаймын деген жастар мен жұмыссыз азаматтарды қолдау бағытында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар тұрақты жүзеге асуда. Бұл ретте жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған қайтарымсыз грант беру кәсіп ашқысы келгендерге үлкен көмек екенін атап өткен жөн.
Мемлекет ұсынатын қайтарымсыз қаржылай көмек кәсіпкерлердің бастамасын қолдап, жаңа бизнес идеясын жүзеге асыруда жылда беріліп келеді. Бұл қаражатқа қолы жетіп, мақсатымен жұмсағандар бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырған жайы бар. Былтыр мұндай мүмкіндікті қалт жібергендер биыл бағын қайта сынауына болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 21 мамырдан бастап 1 лек бойынша жаңа бизнес идеяларды іске асыруға берілетін грантты алуға өтінім қабылданатынын жариялады. Министрліктің мәліметінше, биыл алғашқы лекте республика бойынша 4500 адамға қаржылай қолдау көрсету жоспарланған. Өтініш «business.enbek.kz» порталы арқылы қабылданады.
– Биылғы гранттың мөлшері 400 АЕК-ті, яғни 1 миллион 572 800 теңгені құрайды. Қаржылай қолдау кәсіпкерге бір-ақ рет беріледі. Бағдарлама талабына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасы мүшесі, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған азаматтар жаңа бизнес идеясын іске асыруға қайтарымсыз қаржыны ала алады. Сондай-ақ осы санаттағы азаматтар жұмыссыз немесе 3 жылға дейінгі жеке кәсіпкер болуы шарт. Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс, – дейді «Мансап» орталығының бөлім басшысы Тұрсынай Қойшыбаева.
Сала маманы осы орайда қайтарымсыз қаражат кәсіпкерлерге қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, үй жануарларын, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алу, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеу мақсатында берілетінін жеткізді. Өкінішке қарай, берілген қаржыны мақсатсыз жұмсап жіберетіндер де болады. Олар гранттың тұтынушылық мақсатта, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейтінін ескермейтін көрінеді. Сондықтан қаражатқа ие болған кәсіпкердің кәсіп ашқаны не қаржыны нақты мақсатта жұмсағаны тексеріледі.
– Жобаға қатысу үшін «business.enbek.kz» порталына тіркеліп, грант алу шарттарына сәйкестігін тексеру, бизнес-жоспар үлгісін жүктеп, оны толтыру және порталға енгізу, өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет. Азаматтардың кез келген сұрағына орталық мамандары жауап береді, – дейді бөлім басшысы.
Бүгінде тұрғындар нарық талабына сай кәсіп ашуда мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне, нақты қолдаудың барына көзі жеткен. Сондықтан бұл мүмкіндікті пайдаланғысы келетін азаматтар қатары көп. Былтыр жоба аясында 520 адам қайтарымсыз қаражатқа ие болыпты. Басым көпшілігі мал, құс шаруашылығы, кондитерлік өнім мен тігін саласын таңдағандар екен. Олар «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсынан өтіп, кәсіп жүргізудің қыр-сырын меңгерген.
Айдана СЕЙІЛ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!