Қазақта ісмер нәзік жандарды «он саусағынан өнер тамған» деп әспеттейді. Шебердің қолымен жасалған өнер туындысының бәрі әдемі. Әсіресе ұлттық ою-өрнекпен әшекейленген көрпе-көрпеше, жастықтар көздің жауын алып, әйел затын қызықтырмай қоймайды. «Өлеңге әркімнің де бар таласы» дегендей, өнерге, оның ішінде қолөнерге де әркімнің ынтасы болғанмен, таланттар саусақпен санарлық. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Ләззат Дамаеваға да тігіншілік әжесінен дарыған екен.
– Мен қолөнерге бала күнімнен жақын болдым. Үйде анамнан мата сұрап алып, еңбек пәні мұғалімінің үйретуімен құрақ құрап, жан дүнием рахат табатын. Әкемнің айтуынша, анама ісмерлік әжесінен дарыған. Бисенкүл әжеміз елге танылған қолөнер шебері, ісмер кісі болған екен. Мен компьютер курсын бітіргенмен, бар ықыласым тігін тігу болды. Ісмерлікпен айналыссам ғана жаным жай тауып, тұрмысыма береке кіреді. Жалпы 20 жылдан бері тігін тігемін. Алғашқы тапсырысым шымылдық тігу болды. Отбасын құрып, 4 перзентті болдым. Биыл балаларымның несібесіне үкіметтен грант ұтып алдым. Қазіргі таңда бизнесімді бастауға қажетті барлық тігін құралымды алдым. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп, әрекет етіп, нан тауып жатырмын. Әрекет етсең, берекет болады екен. Үйден тапсырыс қабылдап жұмыс істеп жатырмын. 10 жылдан бері қыз жасауы, балалар жиынтығы, бесік жасауын тігемін. Өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысуға мүмкіндік берген мемлекеттің қолдауына алғысым шексіз. Қайтарымсыз қаржы алған замандастарым өз кәсібімен айналысуда.
Шынында, екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүрген замандастарына Ләззаттың қоғамнан орнын тауып, сүйікті ісімен айналысып жатқаны құптарлық іс. Себебі қолөнерге сұраныс жоғары.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!