Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Капиталды қайтару туралы заң аясында құрылып жатқан қор «ұзақ мерзімге арналған қаражаттың» тағы бір көзі бола алады. Түскен қаржының бәрі елдік мәселелерді шешу үшін барынша тиімді әрі ашық жұмсалуға тиіс» деген болатын. Ел Президентінің тапсырмасымен бүгінде заңсыз иемденген активтерді мемелекет меншігіне қайтару жөніндегі комиссия құрылып жұмыс істеуде.
Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінгі күнге дейін шамамен 610 млрд теңгенің активтері, атап айтқанда, 506 млрд теңге көлемінде ақшалай қаражат, сондай-ақ құны 103 млрд теңгеден астам мүлік қайтарылған. Президент тапсырмасымен қайтарылған актив қаражаты елдің әлеуметтік саласындағы мәселелердің шешімін табуына жұмсалуда. Қайтарылған активтер қаржы есебінен Сыр өңірінде де өзекті деген мәселелер шешімін табуда. Бұған дейін өңірдегі сумен жабдықтау жүйесінің құрылыс жұмысын аяқтауға қаржы бөлінсе, енді алдағы уақытта жаңа медициналық мекемелер салынатын болды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында Қазақстанда заңсыз шетелге шығарылған активтерді елге қайтару арқылы әлеуметтік нысандар салу жұмыстары жалғасып жатыр. Арнаулы мемлекеттік қордан Қызылорда облысындағы денсаулық сақтау саласындағы бірқатар жобаға шамамен 7 млрд теңге бөлінді.
Бұл қаражат Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы орталық аудандық ауруханалар жанынан жаңа ғимараттар салуға бағытталған. Онда инсульт орталықтары, рентгенхирургия бөлімшелері және басқа да бейінді бөлімдер ашылып, заманауи медициналық жабдықтар: магниттік-резонанстық томография, компьютерлік томография және ангиографиялық қондырғылар орнатылады. Нәтижесінде ауылдық жерлердегі 300 мыңнан астам тұрғын мамандандырылған медициналық көмекке қол жеткізеді.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!