Сейсенбі, 04 наурыз, 11:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№17, 2130
04.03.2025
PDF мұрағаты

Қала бюджеті нақтыланды

04.03.2025

15 0

Қала әкімінің мәжіліс залында VIII шақырылған қалалық мәслихат депутаттарының кезектен тыс отыз төртінші сессиясы өтті. Сессияға қала әкімі Нұржан Ахатов, қала әкімінің орынбасарлары, сала басшылары, ауыл-кент әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде 5 мәселе қаралды. Бірінші мәселе «2025-2027 жылдарға арналған Қызылорда қаласының бюджетін бекіту туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы №223-32/1 шешіміне өзгеріс­тер енгізу туралы»  бойынша қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова хабарлама жасап, бюджетке енгізілген өзгерістерге түсініктеме берді. 

– 2025 жылы қала бюджетіне облыстық бюджеттен бөлінген 6 855 346,5 мың теңге нысаналы даму трансферттер  арқылы қайтару жоспарлануда.

2024 жылы облыстық бюджеттен бөлініп, 2025 жылдың 1 қаңтарында толық игерілмей қалған 61,6 мың теңге кредит сомасы 467 098 «Коммуналдық тұрғын үй қорының тұрғын үйлерін сатып алу» бюджеттік бағдарламасына қайта бағытталды, – деді ол.

Сондай-ақ баяндамада қалалық бюджетке өзгерістер енгізу барысында 7 млрд теңгеге жуық қаржы қаланың коммуналдық-шаруашылық салаларына бағытталғаны жөнін­де айтылды. Оның ішінде Сырдария өзенінің сол жаға­лауындағы №3 ауданда 5 қабатты 10 тұрғын үйдің құры­лысын салу, Сырдария өзенінің сол жағалау бөлігіндегі 7 қабатты 84 пәтерлі тұрғын үйлерге инженерлік желілер салу, Қосшыңырау ауылдық округі 4 көшеге қиыршық тас жолын салу, Қызылорда қаласының аумағында инженерлік инфрақұрылымының электр желілерін салу, «Ягодка, «Пищевик» саяжайларын ауызсу, электр желілері және қиыр­шық тасты жол құрылысы» жобасының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу және сараптама қорытындысын алу жұмыстары кезең-кезеңімен орындалады деп жоспарлануда.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Жекелеген санаттағы азаматтарға жеңілдіктер беру туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2017 жылғы 27 қазандағы №113-17/5 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» бойынша қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева  хабарлама жасап, депутаттар бірауыздан шешім қабылдады.  

Сонымен қатар сессия барысында «Қызылорда облыстық ономастикалық комиссиясының қарауына Қызылорда қала­сының Белкөл кенті мен Талсуат ауылдық округіндегі идеологиялық тұрғыдан ескірген құрамдас бөліктерді қайта атау жөніндегі ұсыныстарды енгізу туралы», «Қызылорда қаласының жерлерін аймақтарға бөлу жобасын (схемасын) бекіту туралы», «Қызылорда қаласы бойынша 2025-2029 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту туралы» мәселелері талқыланып, шешім шығарылды.

Сессия отырысында мәслихат депутаттары жергілік­ті атқарушы органдарға бірнеше маңызды ұсыныста­рын жеткізді. Мәселен, қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев идеологиялық жағынан ескірген көше атауларын қайта атау барысында жергілікті маңызы бар тарихи атаулармен атау, ескерусіз қалып қойған тұлғаларды назарда ұстау керектігіне тоқталды.

Ал депутат М.Есжанов шет аймақтар мен елді мекендердегі жолсыз көшелерге жол салуды ескеру жөнінде айтып өтті. Шешімін таппай келе жатқан бұл мәселелердің тым созылып бара жатқанын да еске салды.

Сессияда сөз алған қала әкімі Нұржан Ахатов биыл да қалада ірі жобалар жүзеге асатынын атап айтты.

– Қаңтар айында ауыл шаруашылығы, құры­лыс, инвестиция, сауда макроэкономикалық көрсет­кіштерінде өсім қалыптасты. 2025 жылға арналған қалалық бюджет 73,1 млрд теңгеге бекітілді. Өткен жылдың ішінде қалада инфрақұрылым дамып, бірқатар жұмыс атқарылды. Биыл жоспарлаған ауқымды жобаларымыз бар. Бөлінген қаржылар ел игілігіне жұмсалатын болады. Бүгін қала бюджеті алғашқы нақтылауға ұсынылуда. Аймақ басшысының қолдауымен Сырдың бас шаһарын дамытуда, оның ішінде тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыруда көркейту-көгалдандыру, абаттандыру, мәдени орталықтар мен демалыс орындарын салу және қайта жаңғырту қарқынды жүргізілуде. Байыпты бастамалар, жар­қын жобалар биыл да жалғасады.  Ел мүддесі жолын­да тыңғылықты істер жасалады деп сенеміз, – деді шаһар басшысы.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: