Сыр өңірінде серпінді даму жалғасып келеді. Күн өткен сайын келбеті жаңарған қала заманауи талаптарға сай инфрақұрылымдық жобалармен толығуда. Әсіресе, жол-көлік саласындағы ауқымды жұмыстар шаһардың тынысын кеңейтіп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруда.
Аймақ басшысының тікелей қолдауымен қалада жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізіліп, шаһар көшелерінің келбеті өзгеріп, жолдар кеңейтілуде. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі мен қозғалыс жайлылығын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Қазіргі таңда ауқымды жобалардың бірі – Н.Назарбаев даңғылының кеңейтілуі. Мердігер мекеме «УАД» ЖШС Б.Баймаханов көшесінен Тасбөгет кентіне кіреберіс көпірге дейінгі аралықты қайта жаңғырту жұмыстарын бастады. Жоба аясында Тасбөгет кентіндегі Есенов көшесі екі жолақтыдан төрт жолақтыға дейін кеңейтіліп, Амангелді көшесіне жаңа асфальт жабындысы төселеді. Сонымен қатар жол бойына жарық шамдары орнатылады.
С.Торайғыров көшесінен Құмкөл трассасына дейінгі Сағымбаев көшесінде де қарқынды жұмыс жүргізілуде. Қайта жаңғырту жобасын «Қыран» ЖШС жүзеге асырады. Аталған жол да екі жолақтыдан төрт жолақтыға кеңейтіліп, заманауи жарық бағаналары орнатылады. Бұдан бөлек, жаяу жүргіншілер жолдары салынып, көлік қозғалысымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігі де назарға алынуда.
Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайда «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» – елдегі ең негізгі жолдың бірі екенін айтып, Қызылорда мен Ақтөбе арасындағы бөлігі тар болғандықтан көлік апаттары жиі болады. Осыған орай өңір үшін тарихи маңызы зор оқиға халықаралық автодәліз Қызылорда – Ақтөбе бағытын төрт жолақты етіп кеңейту жобасының бірінші кезеңі басталды. Жоба 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі – 26 шақырымдық Қызылорда қаласының айналма жолын салу. Екінші кезеңі – Қызылорда қаласынан басталып Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарының сыртымен айналып өтіп, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне қосылатын 462 шақырым жол. Автодәліз бойына жаңадан 11 көпір, 13 жол өткелі, 62 үй жануарларына арналған өткел мен 399 су өткізгіш құбыр салынады. Жолаушылар мен жүргізушілерге арналған заманауи сервистік қызмет көрсететін пункттер бой көтеріп, шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік туады. Автожолдың ІІ санаттан І санатқа ауысуы көлік қатынасын едәуір жеңілдетіп, жүк тасымалының тиімділігін арттырады.
«Жол инфрақұрылымы Қазақстан үшін стратегиялық бағыт» – деп атап өткен ел Президенті еліміздің көлік-транзит саласында зор мүмкіндіктері бар екенін жеткізді. Осы орайда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің кеңейтілуі тек өңірдің ғана емес, тұтас ел экономикасының дамуына серпін бермек.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!