Сейсенбі, 15 шiлде, 14:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№52,2165
15.07.2025
PDF мұрағаты

Қалаға көрік берер қос саябақ

15.07.2025

59 0

Әр қаланың келбетін көріктендіріп, тұрғындардың тынығуына, балалардың шаттана ойнауына мүмкіндік беретін басты орын саябақ. Бұл тек жасыл желек емес, бұл өмірге жан бітіретін мекен. Ағашы тербеліп, гүлдері жайқалған саябақтар қаланың сәні ғана емес, мәдениет пен өркениеттің айнасы. Қызылорда қаласында соңғы уақытта демалыс нысандарын жаңғыртуға ерекше мән берілуде. Соның ішінде қала тұрғындары жиі аралайтын екі ірі демалыс орны, Қорқыт ата атындағы саябақ пен Тұңғыш Президент саябағы ауқымды абаттандыру және қайта құру жұмыстары арқылы жаңа кейіпке еніп жатыр.

  Қала орталығында орналасқан Қорқыт ата атындағы саябақта бүгінде ауқымды абаттандыру жұмыстары жүруде. Жобаның жалпы құны 1 миллиард теңге. Құрылыс жұмыстарын «Астана сервис ЛТД» ЖШС жүргізіп жатыр.

  Аталған саябақтағы құрылыс жұмыстары биылғы мамыр айында басталған. Жоба аясында 23 мың шаршы метр жерге көгал төселіп, 12 мың шаршы метр аумаққа тас төсеніштер төселеді. Сонымен қатар екі ойын алаңы мен екі спорт алаңы қарастырылған. Саябақ аумағында 900 шаршы метрлік субұрқақ және 1100 шаршы метрлік гүлзар алаңы төселмек.

Қалаға көрік берер қос саябақ

 – Қазіргі таңда құрылысқа екі погрузчик пен бір Камаз техникасы жұмылдырылған. Ең бастысы, осы жобаның арқасында елу адам жұмыспен қамтылып отыр. Егер жұмыс жоспарға сай жүрсе, саябақ қыркүйек айында ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда, – дейді бас маман Қыдыр Наурызбаев.

  Ал қаланың тағы бір шырайлы орны Тұңғыш Президент саябағындағы жұмыс одан да ауқымды. Жалпы құны 14,7 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба Қызылорданың демалыс мәдениетін жаңа деңгейге көтеретін кешендердің бірі болмақ. Мұнда құрылыс ақпан айында басталып, жыл соңына дейін жалғасады деп жоспарланған. Жобаны жүзеге асырып жатқан елімізге белгілі «BI GLOBAL» компаниясы.

  Саябақ аумағында гүлдер мен ағаштар егіліп, тас төсеніштер мен субұрқақтар орнатылып жатыр. Қазіргі таңда 20 техника мен 120 жұмысшы жұмылдырылған. Бұдан бөлек, бір үлкен және бір кіші амфитеатр, балаларға арналған ойын алаңы, үш субұрқақ, сондай-ақ 130-дан астам бейнебақылау камерасы орнатылады.

 – Бұл жобада біз тек көркемдікке емес, қауіпсіздікке де басымдық беріп отырмыз. Қаланың тынығу мәдениеті заманауи үлгіде болуы тиіс. Сондықтан әрбір бөлшек тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігі үшін, – дейді нысан басшысы Еламан Қазикеш.

  Қос саябақтың қайта жаңғыруы жай ғана құрылыс емес, бұл тұрғындардың тынығатын, балалардың ойнайтын, мәдениет пен табиғат тоғысатын ортаға айналдыру жолындағы ұмтылыс. Көгалдандырылған кеңістік, заманауи субұрқақтар, балалар мен спорт алаңдары мұның бәрі ел ертеңі үшін жасалып жатқан жүйелі жұмыстың жемісі. Қазірдің өзінде көз қуантқан өзгерістер алдағы уақытта қала халқының көңілінен шығатыны анық. Ең бастысы, бұл бастамалар тек сыртқы көрініс емес, қала тіршілігінің сапасын арттыратын, тұрғындардың өміріне жайлылық сыйлайтын нақты жобалар. Уақыт өте келе Қорқыт ата рухы ұялаған саябақ пен Тұңғыш Президент атындағы мәдени кешен Сыр елінің шынайы мақтанышына айналмақ.

Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: