Бейсенбі, 26 желтоқсан, 02:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қаламақыдан қағылғандар аз емес

30.01.2024

879 0

Сурет: pult.ru

Бүгінде Парламент қабырғасында «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасы талқылануда. Авторлар қауымы үшін бұл құжаттың маңызы зор. Енді бұдан былай караокеге барып ән айту да арман болып қалатын сияқты. Себебі автордың рұқсатынсыз кез келген әнді айтса, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы ғана ғажап емес. Заң қабылданса, кәсіпкерлер ай сайын авторға қаламақы төлеуі керек.

Бұл қатаң ережеге бағынбаса, караокемен нәпақа тауып отырған кәсіп иесі 360 мың теңгеден 55 млн теңгеге дейін айыппұл төлейді. Қалтаға әжептәуір салмақ түспек. Сонда кәсіпкерлер кәсібін тоқтататын болар. Кәсіпкерлер қандай жағдайда айыппұл төлейді? Ол үшін автор құзырлы орынға өзінің авторлық құқығының бұзылғанын айтып арыздану керек.

Алайда ел қазынасына жататын халық әндеріне айыппұл салынбайды. Егер көпшіліктің қалауымен орындалатын авторы бар әндер орындалса кәсіпкерлер әр ай сайын автордың қаламақысын арнайы ұйымға төлеуі керек. Мамандардың айтуынша, министрлік караокедегі бір орыннан кемі 738 теңге авторларға аудару керек деп бекіткен. Есептей келе, 30 орындық мекеме айына 36 мың 920 теңге қаламақы төлеуге мүдделі. Төлеміңіз караокедегі орын санына байланысты өсе береді.

Заңды өкілдер мүліктік құқықтарды ұжымдық басқаратын ұйымдарға төлейтінін айтады. Оның құрамында авторлар болады. Бұл ұйымдар авторлардың атынан осындай пайдаланушыдан сыйақы жинайды. Сол есептің негізінде ұйым әр авторға осы сыйақыны бөледі.

Караокеге келген қонақтар интернеттен өздері қалаған әнді қосып алса да, құқық бұзылады. Бұл кезде де айыппұл караоке иесіне салынады. Жергілікті кәсіпкер Айман Ботаева бұл заңға қарсы. Миллиондап айыппұл салынса, бұл бизнес ешкімге опа бермейтініне сенімді.

Айман БОТАЕВА:

– Табысымыздың 1-2 млн теңгесі караоке сатып алуға кетеді. Келушілердің тілегімен жаңа шыққан хит әндерді 200 мың теңгеге сатып аламыз. Бізге караокенің әндерін сататын ұйым әннің меншік иесімен келісімшарт жасайтыны белгілі. Сайып келгенде бұл орта бизнес өкілінің жұмысына тежеу болады.

Құқық қорғау органының өкілі Думан Базарбековтің айтуынша, музыкалық шығарманың қолданысын тексеру мүмкін емес. Бұл жиналған ақшаны ұрлауға немесе жемқорлыққа әкеледі. Яғни тексеруші көз жұма қарайды, ал орынсыз айыппұлдан қашқан кәсіпкерлер пара ұсынады.

Сала мамандарының айтуынша, заңға өзгеріс енгізбесе, авторлық құқықты бұзғандар ҚР-ның Қылмыстық кодекстің 198-бабына сәйкес 300 мыңнан 18 млн теңгеге дейін айыппұл төлеуі тиіс. Тіпті 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы да мүмкін.

Авторлық құқыққа қатысты айта кететін бір жайт ән ұрлауға келгенде, қазақстандықтар алдыңғы шепте тұр. Интернеттен тыңдаған әуен ұнаса дереу біздің әншілер ақындарға сөз жазғызып, немесе өздері жазып, үлкен сахнада орындап жүр. Олар көбінесе Малайзия, Словения, Румыния сияқты елдердің біздің жұрт біле бермейтін эстрада әндерін пайдаланады. Бұл бірақ тәртіпке келуі қиын дүние.

Елімізде авторлардың құқығын қорғайтын «Абырой», «Қазақ» авторлар қоғамы бар. Осы ұйымдар бұдан 5-6 жыл бұрын авторлық құқығын қорғаған шығармашылық өкілдеріне қаламақы төлеп келген. Бірақ қазір мүлдем төленбейді. Алайда бұл ұйымдар жабылмайды. Егер өз міндетін тиянақты орындамаса ол ұйымнан шынында не пайда? Осы мәселе төңірегінде аймақтағы Жазушылар одағының төрайымы Қаршыға Есімсейітованың пікірін тыңдадық.

– Иә, шығармашылық өкілдерінің құқығын қорғайтын ұйымның бірнешеуін білемін. «Абырой», «Қазақ» авторлар қоғамы ұйымына өңірдің ақын-жазушылары, композиторлары тіркелген. Авторлық құқыққа байланысты біраз мәселе бар. Облыстағы қоғам дұрыс жұмыс істемейді. Біраз жылдан бері қаламгерлер қаламақысын ала алмай отыр. Мен бұл мәселені Астанадағы Жазушылар одағының жиынында айтқанмын. Өзім «Қазақ» авторлық қоғамына ауысып кеттім. Бұл авторлық ұйым өз мәселесін шеше алмай жүр. Соның кесірі шығармашылық өкілдеріне тиіп жүр.

Ал ақын Оңталап Базарәлі «Абырой» қоғамының мүшесі екен.

– Мен республикалық «Абырой» авторлық қоғамында кеңес мүшесімін. Жақында жиынына барып қайттым. Дәл Қызылордадағы филиалы жайлы ештеңе білмедім. Бірақ жергілікті филиал жабылады деген, – дейді. Композитор Сәкен Шынымов авторлардың құқын қорғамайтын ұйымның қажеті жоқ дейді.

– Авторлық құқымыз қорғалып отыр деп айта алмаймын. Себебі қазір бізге бір тиын төлеп отырған жоқ. Онда бізді неге тіркейді? Жылда дауыс беріп сайлаймыз? Бұл ұйым ешкімнің алдында есеп бермейді. Бүгінде 400-ге жуық адам тіркелген ұйым бізді пайдаланып отыр. Авторлық ұйымның құрамында Ділдәхан Торғаева, Рахат Наурызбаева, Талғат Нағашыбаев секілді есімі белгілі ақындар бар, – дейді.

Аймақтағы шығармашылық өкілдерінің жанайқайы орынды. Қоғамдық ұйым құрылғаннан кейін авторлардың құқығын қорғап, тиесілі қаламақысын төлеуге міндетті. Ал мұндай жауапкершілікті міндетіне алмаса заң бойынша қызметі тоқтау керек. Қаламгерлердің талап-тілегін айту үшін жергілікті филиал қызметкері Мақпал Ахметоваға хабарласқан едік. Алайда ол біздің сұрағымызға жауап беруден бас тартып, «Қостанайдағы бастығыма сіздің телефон нөміріңізді бердім. Өзі хабарласады» деген еді. Әлі хат та, хабар да жоқ. Соған қарағанда бұл мәселе әзір шешілмей, шикі күйінде қалып тұр.

 Г.АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: