Бұл – «Техостнаска-Ремсервис» құрылыс компаниясының қызметкері Ғалымжан Мәліковтің сөзі. Ол мекеме ашылғалы бері осында жұмыс істеп келеді. Құрыш қолды құрылысшының айтуынша, облыс орталығындағы көкпен тірескен зәулім ғимараттың талайында қолтаңбасын қалдырған. Бүгінде олар Сырдарияның сол жағалауындағы жаңадан салынып жатқан сауда нысанының құрылыс басында жүр.
– Міне, мына нысан болашақта халыққа қызмет ететін сауда орталығы болмақ. Ғимараттың ішкі бөлігі пайдалануға дайын. Қазірдің өзінде кәсіпкерлер келіп, өзін қызықтырған нүктелерді алуға қамдануда. Осы күні біз сыртқы жұмыстарды атқарып жатырмыз, – дейді Ғалымжан Мәлікұлы.
Құрылысшылар күні қарсаңында мекеме құрылысшыларының жағдайын сұрадық.
– Егер мекеме жаман болса, ашылғалы бері ширек ғасырға жақын уақыт жұмыс істейміз бе? Мекеменің саясаты басшысына байланысты. Адам болған соң басымыздан түрлі жағдай өтеді. Оның әрбірінде мекеме өзі үн қосып, қолтығымыздан демеп жүр. Мәселен, баспанам өртеніп, басыма іс түсті. Мекеме бір айда үйге кіргізіп берді. Ондай жақсылықты ұмытпайсың ғой, – деді білікті құрылысшы.
Мекеме құрылғалы бері жұмыс істеп келе жатқан мамандардың қатарында Рашид Төлегенов пен Алик Іскендіров те бар. Олар да өңір құрылысының қарқынды дамуы үшін маңдай терін төгіп жүр. Олар қызметін міндетсінбейді, қанша зәулім ғимаратты салса да, онысына масаймайды, қарапайым болмысымен жұмысын таныстырды.
– Қаншама әлеуметтік нысан салдық. Ел оның игілігін көріп жүргенінің өзі маған қуаныш сыйлайды. Мектеп, аурухана, балабақша, сауда орындары, айта берсең көп. Олардың қай-қайсысында да қолтаңбамыз жарқырап тұр. Қазір – зейнеткермін. Бірақ маман тапшылығы болған соң, бойымда қайратым барда қызмет ете беремін деп түйдім, – дейді Алик Асылбекұлы.
Әрине, құрылысшы болу – жай ғана кесекті қалап шығу емес. Оның ары сыртында жауапкершілік жүгі бар. Ішіне мыңдаған адам кіріп-шығатын нысанның сапалы салынып, оның ары қарай өміршең болуы да осы құрысшылардың ар мен ождан алдындағы азаматтық борышы тәрізді.
– Кез келген мамандықтың қиындығы мен қызығы болады. Құрылысшы болудың өзіндік ерекшелігі – жауапкершіліктің зор болуында. Бір адамның емес, көп адамның, қара орман халықтың алдында жауаптысың. Сапаға сай болуын, әрине, техникалық қадағалаушылар да қарайды. Бірақ ең негізгі міндет өзіңде. Міне, соның бәрін ақылға салып, ойлап жүріп, еңбек етесің. Ал өзің салған нысанның қасынан өткенде, елдің кәдесіне асып жатқанын көргенде кеудеңді мақтаныш кернейді, – дейді Рашид Асанұлы.
Иә, құрыш қолды құрылысшылардың мерекесі қарсаңында біз қарапайым еңбеккерлерді көрсеткіміз келді. Олардың еңбегінің қаншалықты екенін бір сәт сіздермен бөлісіп, құрмет қылсақ деген ой еді. Ал олар үшін ең үлкен сый – халықтың алғысы.
Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!