«Жолдар теп-тегіс, толған кептеліс, қаладан көңіл қалып барады» деп ақын Айтбек Тұрсынбаев жырлағандай, қазір қалада көлік ағыны көбейді. Қазақстан Автомобиль одағының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы елде 200 мыңнан астам жаңа көлік сатылған. Әр үйге бір көлік керек дейтін жұрт қазір қандай көлік мініп жүр? Жаңа көліктердің сапасы қандай?
Соңғы екі жылдықта ел автонарығы жандана бастады. Халық тозығы жетіп, уақыты келген көліктерін жаңасына алмастыра бастағанын көріп жүрміз. Автосарапшылардың айтуынша, өткен жылы ресми диллерлер 205 мың дана көлік сатқан екен. Оның 50 мыңнан астамы Қытай көліктері. Қалғаны Корея, Германия, Жапония елдерінен шыққан автокөліктер. Нарықтың 25 пайызын иемденген қытайлық көліктердің сапасы қандай? Алдағы уақытта жүргізушілер Қытай көліктеріне сенім арта ма? Сарапшылар бұл көліктердің танымал болуына бағасы мен жеңілдетілген несиелер ықпал еткенін айтады. Ел нарығына 2021 жылдан бастап HAVAL, JAC және Chery маркалары танымал бола бастады. Кейінен Jetour, Omoda, Hongqi, GAC, ZEEKR, Tank және GWM сынды жаңа брендтер пайда болды. Өткен жылы Қытайдың Changan маркасы ең көп сатылған көлік ретінде тіркелген. Ресми статистика бойынша Қазақстанда бұл көліктің 8510 данасы сатылған. Осы жылдың мамыр айының өзінде 1526 дана көлік иесін тауып сатылым бойынша көш бастады.
– Қазір Қытай көліктерінің танымал болуы бағасына байланысты. Себебі көне көлік пен жаңаның бағасында айырмашылық аз болған жағдайда сатып алушылар жаңаны таңдайды. Бұдан жүрілген көліктердің бағасы түседі. Осы орайда, Қытай көліктері сенімнен шыға ма деген заңды сұрақ туатынын білемін. 2010 жылы елге келген Корея көліктері туралы да дәл осындай сенімсіздік болған. Соңғы жылдары Корея көліктері сатылым бойынша алға шығып, көлік жүргізушілерінің сенімінен шығып келеді. – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
Ұлттық статистика бюросының берген мәліметі бойынша өткен жылдың қазан айында Қазақстанда жалпы құны 189,8 млрд теңгені құрайтын 14 885 техника жасалған. Үкімет сырттан келетін көліктерді шектеп отандық көлік өндіруді дамытуға күш салып жатыр. Елімізде әлемдегі автомобиль шығаратын 10 ірі компания қатарына кіретін KIA Қостанай қаласында зауыт ашты. Жаңа зауыт жылына 70 мың көлік шығарады. Қазақстандықтар ең көп сатып алатын бренд қатарына енген KIA коорпарациясының президенті Хо-Сунг Сонгтың айтуынша, бұл Орталық Азиядағы алғашқы зауыт. Енді ТМД мемлекеттерімен алыс-жақын елдер Қазақстаннан құрастырылған көлікті мінеді. Ал қазақстандықтар үшін қаншалықты тиімді болатынын уақыт көрсетеді. Дәл осындай қытайлық зауыт Алматыда да іске қосылады деп жоспарлануда.
– Елдегі көлік зауыттарының көбеюі бағаның арзандауына әсер етуі мүмкін. Оған логистика, салық, кедендік шығындардың төмендеуі, модельдердің тиімділігі әсер етеді. Бірақ зауыттар бірден бағаны түсірмеуі мүмкін. Қытай көліктері нарықта көптеп сатыла бастағанда, импортқа шектеу қойылғанда баға нарықтың деңгейіне түседі. Үкіметтің үш жылға дейінгі көлікті кіргізуге шектеу ұсынысы елдегі авто өндірісін қорғау мен ескі көліктер ағынын азайту, – дейді экономист Бауыржан Ысқақов
Несиеге көлік алу тиімді ме?
Халық несиеге алған көлігін табыс көзі санайды. Бірі жеткізу қызметін ұсынса, бірі такси қызметін атқарады. 2025 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша 3,6 трлн теңгеге автонесие рәсімделген. Бірінші несие бюросының бас директоры Руслан Омаров автонесиелендіру бойынша жыл сайын рекордтық көрсеткішке жеткенін айтады. Қала тұрғыны Аслан Нұрланұлы көлігін несиеге алған. 2021 жылы су жаңа көлік иесі атанған ол 7,5 миллион тұратын көлікті үстеме пайызымен 13 миллион шамасында қайтаратынын айтты. Айына 170 мың теңге төлейтін ол бастапқы төлем ретінде де ақша салған.
– Алғашында уақытпен сыналған Германия, Жапонияның көлігін қарастырған едім. Дегенмен ол көліктер де ұзақ жыл жүрілген соң бұзылатын кездері көп болады. Еуропалық көліктердің жаңасы қалта көтермейді. Көне көлік жиі бұзылады, шығыны көп болғандықтан жаңа көлік алғанды жөн көрдім, – дейді қала тұрғыны.
Сарапшылардың айтуынша, соңғы бір-екі жылда несиеге көлік алатындардың қатары артқан. Түрлі бағдарламалар тиімді сияқты көрініп азаматтарды көлік алуға итермелейді. Бұл соңғы кезде тенденцияға айналған.
Қорыта келе елімізде авто нарықтың жаңа дәуірі басталғандай. Мәселен, АҚШ-та адамдар көлікті ұзақ уақыт айдамайды. Яғни көлік ауыстыру жиілігі жоғары. Олар 3-5 жыл сайын көлік ауыстырып отырады. Бұл уақыт аралығында көлік ескіріп, нарыққа жаңа модельдер, жаңа технологиялар пайда болады. Лизинг мәдениеті де дамыған бұл елде адамдар белгілі бір уақыт пайдаланып, кейін жаңасына ауыстырады. Тойотаны инвестиция ретінде қарайтын қазақ жұртшылығына таңсық көрінетін бұл мәдениет там-тұмдап біздің елге де кіріп жатқандай. Яғни ендігі жұрт жаңа көлік сатып алып, бірнеше жылдан соң жаңасына айырбастайтын мәдениетті қалыптастыруы бек мүмкін.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!