Сенбі, 01 наурыз, 16:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№16,2129
01.03.2025
PDF мұрағаты

Қандай қымыз ішіп жүрміз?

01.03.2025

13 0

Қымыздың қадірін қазақтан артық кім білген? Қымыз сусын ғана емес, дертке шипа, түрлі ауруларға таптырмас ем болар қасиеті бар. «Биенің сүті – сары бал, қымыздан асқан дәм бар ма?» деп Ақтамберді жырау жырлағандай, қымыздың қасиеті туралы айтып тауыса алмаймыз.

Қазіргі таңда дүкендерде әртүрлі қымыздар көбейді. «Балқымыз», «Башқұрт қымыз» керек пе, бәрі бар. Көбі Ресейден келетін бұл өнімнің сыртында «халал» сертификаты және бар. Мұны анықтау үшін ҚМДБ халал орталығына хабарластық. Айтулары бойынша, шетелден келетін қымыздарға сертификат бермеген. Яғни ол қымыз өндірілген елде бірден жапсырылып келеді екен.

Әлеуметтік желілерде жастардың қымыз ішіп, мас болғаны туралы жазбалар соңғы кезде жиі кездесіп жүр.  Құрамы белгісіз бұл сусын көбіне шет мемлекеттен келеді. Осыған байланысты халық арасында да «бұл қымыз емес» деген пікірлер де бар. Сонымен бірге қымызды ішкендердің айтуынша, құрамында спирт болуы мүмкін дегендер де кездеседі. Қымызды жиі ішетін қала тұрғыны Нұрғиса жақын арада ішкен қымызынан күдік алып қалады.

– Жақында досыммен қымызханаға барып, қымыз сатып алдық. Екеуміз 1 литр қымыздан соң өзіміз­ді жайсыз сезіне бастадық. Сөйтіп, аздап масай­ғанымызды сездік. Алғашында атына да мән бермеген де едік. 1,5 литрін ішкенде ғана атын, құрамын оқи бастадық. Себебі кәдімгідей басым айналды. Оқып қарасақ қымыз Ресейдегі Башқұрт елінен келген екен. Ішіне арақ қосады ма, әйтеуір, әрең жүрдік. Келесі күні тіпті ауырып та қалдық. Тағы «перегар» деген сұмдық шығады екен дейді, – ол.

Кейіпкеріміз баяндағандай, қымыз ішкен соң алкоголь иісі неден шығатынын білу үшін Көкше­таудағы сүт өнімдерін шығаратын «Шаңырақ» зауы­тына хабарластық. Айтуларынша, қымыздағы жағым­сыз спирт иісі қымызды ашытқаннан емес екен.

– Біздің зауыт Қазақстан бойынша жұмыс істеп жатқан үлкен компания. Биені сауып, арнайы аппараттармен ұнтақ сүтке айналдырамыз. Сонымен қатар біз қымыз да өндіреміз. Қазіргі таңда көп тұтынып жүрген бұл сусынға қызығушылар не үшін алкоголь иісі шығатынын сұрайды. Оның себебі қымызға бал қосылады. Сол үшін де қымызда спирт иісі шығып тұрады. Алдағы уақытта біз ҚМДБ сертификатын алуды жоспарлап отырмыз. Алайда олардың талабы бойынша қымызға бал қосылмау керек, – дейді «Шаңырақ» сүт өнімдері зауытының қызметкері. 

Шет мемлекеттен келетін сусындарды тексеріп жатқан ешкім жоқ. Қымызды балалар да, оқушылар да ішіп мәз болады. Қазақтың таза қымызына мүлдем сай келмейтін бұл өнімнің құрамында не бар екені де белгісіз. Ес білгелі мал өсіріп, жылқы бағып, бие сауып отырған Арман да сырттан келетін қымызға күдікпен қарайды.

– Қымыз сақтау мерзіміне байланысты әртүрлі болады. Ал менің сатып отырғаным таза қымыз. Оны ішкеннен кейін ауыздан ішімдіктің иісі шықпайды. Ал қазіргі дүкендердегі қымызға дәрі ме, әлде спирт пе белгісіз бірдеңе қосады. Әйтеуір, башқұрт қымызын ішкендер мас қылатын айтты, – дейді жылқышы Арман.

Қош, ішкен адамды масайтатын қымыздың әсерін зерттеп көрдік. Осыдан бірнеше күн бұрын көлігіме абайсызда бір көлік соғып кетті. Содан не керек, полиция шақыртып, облыстық наркология орта­лығына апарып, «алкостестер» аппаратымен тексерді. Тест апараты 0-ді көрсетті. Осы жолы әдейілеп 1 литр қымыз ішіп, наркология орталығына бет алдым. Жолай такси ұстап, көлікке отыра бер­генім сол еді, таксист: «ішіп алғансың ба?» деп сұрады жақтырмай. Үлкен кісі екен, тосыннан қойыл­ған сұраққа әдепкіде қысылып, мән-жайды жасырмай айттым. Таксистің де бұл жайттан хабары бар екен. «Қымыз ба басқа ма, Құдай білсін», бие сауып отырған өзіміздің қымыз болмаса, басқасына сенбеймін. Жастар қымыз ішеміз дегенге мәз болып жүрміз ғой», – деп дітте­ген жерге әкеп тастады. Қызық енді басталды. Бір литр қымыздың нәтижесін көрдік. Наркология орталы­ғындағы аппарат «ішімдіктің иісі бар» деп көрсетті.

Дүкен сөрелерінде толып тұрған қымыздардың сапасын тексеретін уақыт келді. Себебі оны жас та, жасамыс та ішеді. Ал дүкеннен қымыз сатып алып ішіп, көлік айдасаңыз абай болыңыз, тексере қалса құжатыңыздан айырылдым дей беріңіз.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: