Сенбі, 15 қараша, 01:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№87, (2199)
15.11.2025
PDF мұрағаты

Қанеки, фотоға түсірші…

15.11.2025

31 0

Қаладағы Өнер арбаты ерекше күйге енгендей. Мұнда қолына фотоаппарат ұстаған жастар, қала тұрғындары мен өнер сүйерқауым күздің көркем көрінісін тамашалап, табиғаттың тынысын сурет арқылы сезінді. Бұл  – «Pozitiff Production» фото-видео студиясы мен «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығы бірлесе ұйымдастырған «Күзгі Қызылорда» атты фото көрме-сайысы. Іс-шараның мақсаты – өңірдің мәдени-эстетикалық келбетін насихаттап, шығармашыл жастардың әлеуетін арттыру, фотоөнер арқылы туған өлкенің сұлулығын қала тұрғындарына жеткізу. 

Бұл шараның ерекшелігі – «фотосушка» деп аталатын көрме түрінде өтуінде. Мұнда фотосуреттер ашық аспан астында жіпке ілініп, қала тұрғындары мен қонақтарына еркін тамашалауына мүмкіндік береді.

Көрмеге кәсіби және әуесқой 15 фотограф қатысты. Олар Қызылорданың күзгі табиғаты мен қала өмірін, адамдардың жайдары жүзін, тіпті күнделікті тұрмыс-тіршілігін суретке түсінген. Әр қатысушы 10 фотосуретке дейінгі туынды ұсынып, өз көзқарасын, шығармашылық қолтаңбасын фото арқылы көрерменге  таныта білді.

– Күз – фото­графтар үшін ерек­ше мезгіл. Та­биғат түрлі түске боялып, жас­тардың шабыты ояна­тын кезең. Біз осы шара арқылы жастардың еркін шығармашылық ойлауына жол ашып ғана қоймай, олардың еңбегін көпшілікке танытуды мақсат еттік. Мұнда жас фотографтар бар. Олар Қызылорданың сұлулығын фото арқылы қала тұрғындарына жеткізеді. Бір сөзбен айтқанда фотоға жан бітіреді. Шын мәнінде, фотоөнер деп әдемі кадрды атамаймыз. Керісінше нағыз фотода өмірдің шынайы сәтін уақытпен ұштастыруды, сол бір ерекше сәтті яғни кадрды ұстап қалуды айтамыз. Осы тұрғыдан алғанда, жас фотографтар туған қаланың бейнесін ерекше қырынан көрсете алды, – дейді «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Медет Жорабек.

Сайыс барысында қазылар алқасы ең үздік туын­дыларды анықтаса, көрермендер де өз дауысын беріп, «Көрермен көзайымы» номинациясын таңдауға мүм­кіндік алды. Жеңімпаздарға арнайы Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтардан бөлек, демеушілердің қол­дауымен қаржылай сыйлықтарда берілді. Атап айт­қанда, І орынға 100000 теңге, ІІ орын 50000 теңге, ІІІ орын  30000 теңге берілді.

«Күзгі Қызылорда» фото көрмесі – тек сайыс ғана емес, жастар арасында  шығармашылық орта қалыптас­тыруға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі.

Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: