Сенбі, 20 желтоқсан, 01:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97 (2209)
20.12.2025
PDF мұрағаты

Қаптаған семинарға тосқауыл бола ма?

20.12.2025

34 0

Алдағы уақытта коучтар мен тренинг өткізушілердің қызметі заңмен реттелмек.  Соңғы жылдары елімізде өзін коуч, бизнес-тренер, мотивациялық спикер деп таныстыратындардың саны күрт артқан. Бұл үрдіске пандемиядан кейінгі онлайн-білім мен инфобизнес саласының дамуы да әсер етті. Алайда олардың кәсіби біліктілігі мен қызмет сапасына қатысты қоғамда сұрақ көп. Кей жағдайда азаматтар қомақты қаржы төлеп, өзі күткендей нәтижеге қол жеткізе алмайды. Соның әсерінен қарапайым халық шығынға ұшырап, бұл саланы қатаңдату мәселесі қозғалды. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда коучинг қызметіне қатысты шамамен 900-ге жуық шағым тіркелген.

Халық көбіне нәтиженің жоқтығына, кәсіби біліктіліктің төмендігіне, психологиялық қысым мен қаржылық шығынға ұшырағанын айтты. Ал бұл көрсеткіш коучинг нарығының тек сұранысқа ғана емес, реттеуге де мұқтаж екенін аңғартады. Бұл мәселе Үкіметте талқыланды.

Үкіметтің жаңа ережесі қандай?

Премьер-министр Олжас Бектенов осы саланы тәртіпке келтіретін жаңа кәсіби стандарттың дайындалып жатқанын жеткізді.

Үкімет басшысы атап айтқандай, алдағы уақытта осы саладан табыс тапқысы келетін азаматтар халықаралық коучинг федерациясының (ICF) талаптарына сай болуы шарт.

– Қазіргі уақытта елімізде коммерциялық емес ұйым ретінде тіркелген «ICF Kazakhstan» бірлестігімен бірге арнайы кәсіби стандарт әзірленді. Құжат Ғылым және жоғары білім министрлігінде қаралу үстінде. Бекітілетін жаңа стандарт коучинг қызметін тоғыз негізгі бағыт бойынша жіктейді. Олардың қатарына бизнес, мансаптық, лайф (өмірлік), командалық, көшбасшылық, денсаулық және сауықтыру бағыттары кіреді. Сондай-ақ кәсіпкерлерге, білім беру саласына және спорттық дайындыққа арналған коучтар да осы ереже аясында жұмыс істеуге міндеттеледі, – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар кәсіби біліктілігі расталған мамандардың бірыңғай базасы жасақталады. Ұлттық біліктілік жүйесінің «career.enbek.kz» цифрлық платформасында сертификатталған жаттықтырушылардың тізімі жарияланады. Мамандарды оқыту, олардың білімін бағалау және аталған тізімге енгізу құқығы халықаралық коучинг федерациясына жүктелмек.

Премьер-министрдің айтуынша, жаңа стандарттың енгізілуі сертификат иеленген мамандардың жолын кесіп, сапасыз қызмет көрсетудің алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіби талаптар коучинг саласында шынымен білікті, тәжірибелі мамандардың жұмыс істеуіне жағдай жасайды.

Қаптаған семинарға тосқауыл бола ма?

Саладағы жауапкершілікті заңнамалық деңгейде бекіту көзделген. Мәжілісте бірінші оқылымнан өткен «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасына тиісті түзетулер енгізілді. Жаңа нормаларға сай коучтар өз біліктілігін растайтын сертификатты тұтынушыға көрсетуге міндетті.

Сонымен бірге жалған жарнама таратуға және жұртты адастыруға қатаң тыйым салынады. Егер қызмет көрсету барысында тұтынушылардың құқығы жаппай бұзылса немесе оларға ірі көлемде залал келтірілсе, іс әкімшілік емес, қылмыстық сипатқа ауысады. Мұндай фактілер Қылмыстық кодекстің 190-бабы, яғни «алаяқтық» бабы бойынша сараланады.

Енді кез келген адам коуч бола алмайды

Қазіргі уақытта «психолог» немесе «коуч» атауын мамандыққа сәйкес келмесе де, қысқа курстан өтіп, еркін пайдаланатындар көбейген. Сенатор Амангелді Есбай бұл тұрғыда бақылау жоқ екенін Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында айтқан еді.

– Мысалы, отбасылық кеңес беруді сылтауратып, «жұбайыңызды қалай өзгертуге болады», «баланы басқару әдістері», «ажырасу – жаңа өмірдің басы» секілді радикалды көзқарасты насихаттаушы «мамандардың» әсерінен сүттей ұйып отырған қаншама отбасының шаңырағы шайқалды. Көптеген жағдайда бала тәрбиесіне қатысты теріс нұсқау беріліп, эмоциялық зорлық-зомбылық элементтері кеңес формасында ұсынылады. Мұндай кеңестердің нәтижесінде ата-аналар мен балалар арасында сенім жоғалып, отбасылық қарым-қатынасқа нұқсан келуі жиілеп келеді. Сонымен қатар «бизнес бастаймыз», «қаржылық еркіндікке жетелейміз», «сананы бағдарламалау арқылы миллионер боласың» деген ұранмен жалған коучтар азаматтарды несие алуға итермелеуде. Осының салдарынан көптеген адам қаржылық күйзеліске ұшырап, қарызға батып, жеке өмірі мен отбасына кері әсерін тигізіп жатыр. Қазақстанда психологтар мен коучерлердің нақты саны белгісіз, себебі бірыңғай тіркеу немесе лицензиялау жүйесі жоқ. Заң қабылдауды, лицензиялау және кәсіби тіркеу тетігін енгізуді, психологтар мен коучтердің бірыңғай ұлттық реестрін құруды, сондай-ақ Этикалық кодекс және құпиялылықты сақтау талаптарын заңдастыру арқылы клиенттің жеке деректерін қорғау, ақпаратты рұқсатсыз жарияламау міндеттерін құқықтық жауапкершілікпен бекітуді ұсынамыз, – дейді сенатор.

Сарапшылардың пікірінше, стандарттың басты мақсаты – коучингке толық тыйым салу емес, саланы өркениетті нарық қағидаларына көшіру. Яғни қызмет алушы оның кімнен, қандай негізде қызмет алып отырғанын білуі тиіс. Бұл қадам ең алдымен тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталғаны анық. Қарапайым халық үшін жалған уәде беру азаяды, қызмет сапасы туралы талап күшейеді, даулы жағдайларда заңды негіз пайда болады.

Ал кәсіби мамандар үшін бұл саладағы бедел мен сенімді арттыруға мүмкіндік бермек.

Р.S. Коучтар мен тренинг өткізушілердің қызметін реттеу – кездейсоқ бастама емес, қоғам сұранысынан туындаған қажеттілік. Статистика мен әлемдік тәжірибе бұл саланың бақылаусыз дамуы тәуекелге әкелетінін көрсетіп отыр. Сондықтан жаңа кәсіби стандарт коучинг нарығын шектеу құралы емес, оны өркениетті арнаға бағыттайтын тетікке айналуы тиіс.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: