Сенбі, 27 желтоқсан, 01:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№99, (2211)
27.12.2025
PDF мұрағаты

Қар қалай пайда болады?

27.12.2025

37 0

Қар – аспандағы сиқырлы ұлпа сияқты! Бірақ ол жайдан-жай пайда болмайды. Аспанда бұлттар бар, ал бұлттардың ішінде көзге көрінбейтін өте кішкентай су буы болады. Егер күн қатты суық болса, сол су булары бірден кішкентай мұз түйіршіктеріне, мұнан соң қар ұлпасына айналады. Олар бір-бірінен ерекше, әр қар ұлпасының пішіні басқа, өйткені олар әртүрлі температура мен ылғалда пайда болады. Микроскоппен қарасаң, қар ұлпалары гүлге, жұлдызға ұқсайды.

Есіңде болсын! Әлемде бірдей қар ұлпалары болмайды. Әрқайсысы  табиғаттың ерекше туындысы!

Аязда ауыздан неге бу шығады?

Қыста далаға шыққанда аузыңды ашсаң бу шығып тұратынын көрдің бе? Біздің деміміз жылы және ылғалды болады. Ал сырттағы ауа суық. Сыртқа шыққанда су буы кішкентай су тамшыларына айналады. Тамшылар бірігіп, ақшыл тұман сияқты бу болып көрінеді. Егер қыс қатты суық болса, тамшылардың кейбірі кішкентай мұзға да айналуы мүмкін. Сондықтан аязды күні сөйлескенде, күлімдегенде немесе ән айтқанда ауыздан бу шығып тұрғандай болып көрінеді.

Білесің бе? Жазда суық су құйылған бөтелкенің сыртында су тамшылары пайда болады. Бұл да қызық құбылыс! Бірақ ол бу емес, ауадағы ылғал салқын бөтелкеге тиіп, салқындап, суға айналады. Яғни бұл керісінше құбылыс: жылудан емес, суықтан пайда болады!

Қар қызықтары

Қыс десе, ең алдымен не еске түседі? Әрине – аппақ қар мен көңілді аққала! Ал енді қар туралы таңғаларлық рекордтарды білгің келе ме?

Ең үлкен қар ұлпасы!

Ең үлкен қар ұлпасы 1887 жылы АҚШ-та, Монтана штатында тіркелген. Оның диаметрі 38 сантиметр болыпты, ал қалыңдығы 20 сантиметрге жеткен. Бұл шамамен кәдімгі тәрелкеден де үлкен деген сөз!

Әлемдегі ең алып аққала!

2008 жылы АҚШ-тағы Мэн штатында адамдар нағыз рекорд жасады. Олар бойы 37 метрден асатын алып аққала тұрғызды. Бұл шамамен 12 қабатты үймен бірдей! Оны жасауға адамдар, техникалар, тіпті крандар көмектескен екен. Мұндай аққала тіпті Гиннес рекордтар кітабына енген екен.

Қар қалай пайда болады?

Шырша безендіру дәстүрі

Жаңа жылдық шыршаны әдемі ойыншықтармен безендіру дәстүрі бірнеше ғасыр бұрын пайда болды. Тарихшылардың пікірінше, безендірілген ең алғашқы шырша 1605 жылы қазіргі Францияның Эльзас аймағында қойылған екен. Кейін бұл дәстүр Еуропаға кең тарады. Ал шыршаны сәндейтін әйнек шар ойыншықтары алғаш рет XVI ғасырда Германияның Саксония өңірінде жасалыпты. Бірақ ол кезде мұндай әйнек ойыншықтар тек байлардың шыршасында ғана болған. Жалпы жаңажылдық ойын­шық­тардың жаппай өндірісі тек XIX ғасырда басталған.

Алғашқы жаңажылдық ашықхат

Қазіргі кезде мерекелерде бір-бірімізге әдемі ашық­хаттар мен құттықтау хат­тар жолдау – қалыптасқан дәс­түр. Ал ең алғашқы жаңа­жылдық құттық­тау хаты 1843 жылы Ұлы­британияда ба­сыл­ған екен. Осыдан кейін тек Жаңа жылда ғана емес, басқа мерекелерде де арнайы безендірілген ашықхатпен құттық­тау дәстүрі бүкіл әлемге тарады.

София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: