Сенбі, 19 сәуiр, 20:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№28,2141
19.04.2025
PDF мұрағаты

Қар жауып тұрған көктемде…

08.03.2025

266 0

Наурыз есік қаға сала қар қалың түсіп, ақпан айы ұзаққа созылғандай көрінді. Қызылордаға да көктем кеш келеді екен деп әзілдесіп те жүрдік. Жапалақтап жауған қар күні бойы тоқтамай жол да жабылды. Мұндай кезде қызметке әрдайым дайын тұратын «Қызылорда тазалығы» мекемесі уақытпен санаспай жұмыс істейді. Солардың арасында қаншама әйел азаматшалар ер адамдармен иық теңестіре қызмет етуде. Бүгінгі кейіпкеріміз жаны нәзік болғанымен қолындағы ауыр күректі сезбейтіндей.

Қайраты мен төзімі темірдей, ал жігері кез келген ауырлықты еңсеретіндей күйде.

Сырттан келген қонақтар қала­мыздың тазалығына қарап таңқалып жатады. Меймандардың таза көшелерге тамсанған бейнежазбасын желілерден де көріп жүрміз. Бұл әсемдік таңмен таласа оянып, кеш батқанша қолынан күрек түспейтін тазалықшылардың ісі. Басқалардан бәсі биік, нағыз еңбек осыларда сияқты. Тепсе темір үзетін жігіттермен қатар әйел азаматтар қолына сайман ала іске кіріскен.

Қала тазалығын қамтамасыз етіп жүрген Жанар Құлымбетова да осы жандардың қатарында. Бір қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған Жанар қала тазалығымен 8 жылдан бері айналысып келеді. «Жұмыла кө­терген жүк жеңіл» дегендей кез келген істе, бірігіп жасаудың маңызы зор екенін айтады.

Қар жауып тұрған көктемде...

– Негізі қызметіміз, әрине, та­залық. Қыс ауасы түскенде жол­ды қардан, жаяу жүргіншілер жолын мұздан, жаз айында көшелерді қоқыстан тазартамыз. Таңғы сағат 7:30 дан бастап кешке дейін қызметіміз үшін төленетін айлық табысымызға да көңіл толады. Сондай-ақ жыл сайын мерекелерде төленетін сыйақыдан құр қалмаймыз, – дейді кейіпкеріміз.

Қар жауып тұрған көктемде...

Қала тазалығына немқұрайлы қарайтын жастар да жоқ емес. Бос құтыны лақтыра салып, темекі қалдығын тастай салатындар да кездеседі. Дегенмен соңғы уақытта тұрғындардың көпшілігі тазалыққа мән беретінін айтты.

– Қала тұрғындары уақыт өте тәртіпке келіп жатыр. Кейде мұз ойып жатқанда жастар да келіп көмектесіп жатады. Бір жағынан қолғабыс етіп жылы ниет білдірген оларға біз де алғысымызды айтамыз. Алайда мінсіз адам болмайтыны сияқты отырған жерін шашып кетіп жататындар да бар.

Қала тазалығына қам­қор­лық етіп жүрген жандар үшін ең басты­сы – халықтың ықыласы. «Сіздердің арқаларыңызда қаламыз көркейіп қалды» деген алғысты естісек бір марқайып қаламыз», – дейді Жанар Ережепқызы.

Тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін тазалықпен қоса жайқалған жасыл желектің де маңызы зор. Өткен жылдан бастап қаланы көгалдандыру мен жасыл желекпен көмкеру мақсатында «Жасыл Қызылорда» мекемесі қызмет етуде. Гүл егу, тал отырғызу сынды жұмыстар осы мекеменің міндеті. Талай азаматтарды жұмыспен қамтып отырған бұл орталықта түрлі тағдыр бар. Кейіпкеріміз Салтанат Әлмаханованың қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі 12 бала жұмыс істеп жатыр. Кейде біз өз ойымызды анық жеткізе алсақ та тіл табыса алмай жатамыз. Бір-бірімізбен сөйлесіп тұрып, бір-бірімізді түсінбейміз. Ал бұл жандар бір-бірін ыммен түсінсе де, бірігіп жұмыс істеуді мақсатына айналдырған.

Қар жауып тұрған көктемде...

– Менде құлағы нашар еститін 12 бала жұмыс істейді. Арасында өзімнің де балам бар. Басыма түскен жағдай болғаннан соң қарауымдағы жұмысшылардың жағдайын жақсы түсінемін. Басшылықтың берген тапсырмасын түсіндіріп орындату – менің міндетім. Әрдайым бала­ларыма жұмыс істеп, нан тауып отырғандарың өздеріңе жақсы деп ақыл айтып отыра­мын. Сонымен бірге қала­мыздың көркеюіне үлес қосып жатсыңдар деп те тү­сін­діремін, – дейді Салтанат Әлмаханова.

Қар жауып тұрған көктемде...

Мұндай жан­дар­дың қоғамнан қалыс қалмауы үшін бас­шылық­тың да үлесі зор. Қа­зіргі уақытта жер аударып көктемгі егіс науқанына дайындалып жатыр. Көк­темнен бастап гүл отырғызу, газон егу жұ­мыстары­мен айналы­сады.

Қар жауып тұрған көктемде...

Қаламыздың көркеюіне жаны нәзік болса да ауыр еңбектен тайсалмай, табандылығымен үлес қосып жүрген Салтанат тәрізді жүздеген келіншек бар. Олар өз отбасының ұйытқысы ғана емес, түрлі салады қажырлы еңбек етіп, мықтылығын дәлелдеп жүр. Күрек ұс­тап, құрылыс жасап, жер жыртып, басқа да ауыр жұмыстарға қарамастан өздерінің нәзіктігін сақтап келеді. Осындай еңбекқор әйелдерге құрмет көрсету – баршамыздың міндетіміз.

Думан КЕҢШІЛІК

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: