Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 18:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қара баланы танымал еткен «қара кемпір» еді

30.03.2024

1404 0

Мұрағат қорындағы көне мұраны қайта көтеріп, мезгіл шаңынан сілкіп, тыңдарманымен қауыштыру дегенің ерен еңбектің жемісі ғой. Көне әуездің саф алтындай сақталып, бізге жетуі әлі де болса рухани сабақтастықтың үзілмегенін меңзейді. Осы орайда Сыр бойының әдеби-музыкалық фольклорын зерттеп, ғылыми айналымға қосып, түбегейлі насихаттауда еселі еңбек етіп жүрген, бойына алуан өнердің түрін теңдеген белгілі фольклортанушы ғалым, эпик жыршы Берік Жүсіповтің додаға енді қосылған кездегі он сегіз жасында жазылған дауысы сақталып, бүгінге жеткені туралы сүйінші хабар естіген соң, орайын тауып, өзімен тілдесуді жөн көрдік.

– Жақында белгілі дыбыс режиссері, әнші, ғалым Мақсат Мұхитденовтің соңында қалған мұрағат, сол кезде мемлекет тарапынан жоспарлы түрде жазып алынған қымбат дауыс­тарды жары Гүлжамал Айдарқызы «Қазақ кітабы» баспасынан электронды жинақ етіп шығарыпты. Сол туралы айтып өтсеңіз…

– «Бала жыршы» кезімдегі дауысым жазылған үнтаспаның түпнұсқасы табылғанын естігенде ерекше қуандым. Мұрағаттанушы маман Саян Ақмолда өңдеп, көшіріп, күйші Мұрат Әбуғазы құрастырып, үйлестірген Мақаңнан қалған көмбе сауатты жүйеленіп, «Мәңгілік мұра» атты үш бө­лімді музыкалық антологияға жүктеліп, жүзге тарта орындаушы арқылы мыңға жуық інжу-маржан қазақтың рухани қамбасын толтырды. Енді болмағанда, әлгі таспаға сұрау салып, Ташкентке шыққалы отыр едім. Көрмейсің бе, «Іздегенге – сұраған!» дегендей, біраз шаруаның жеңілдегенін. Осыдан оншақты жыл бұрын Қызылорда облыстық телерадиокомитетін бас­қар­ған белгілі журналист Жақсылық Бекқожаев жазып қалдырған мектеп жасындағы дауысым жазылған таспа қолыма тиген еді. Екі «олжамды» да тыңдап отырып, еріксіз езу тарт­тым. Балалық шақтың белгісі, өмірдің бір белесі демесең, бұл орындау үлгілерінен үлкен шеберлік, жыршылық деңгей іздеуге болмайды.

– Оның жайына бір айналып, кеңірек тоқталармыз. Жаңа сөз арасында, дауысымды «Ташкенттен сұратқалы отыр едім» деп қалдың. Неге Ташкент, «бала Беріктің» дауы­сына ол қаланың қандай қатысы бар? Біздің білуімізше, Алматыда оқыған сияқты едің…

– Екінші дүниежүзілік соғыс басталған 1941 жылы Ташкентке, сонау Ресейден көшірілген В.П.Ногин атындағы комбинаттың негізінде ашылған Кеңес Одағының тапсырысын орындап, қажетін өтеуге басымдық берген әйгілі граммофонды күйтабақ (грампластинка) зауыты болды. Заманында даңқының жер жарғаны сондай, осындай өнім­дер түрін шығарумен айналысатын әйгілі Ленинград зауытымен иық тіресіп тұрды. Мұның қабырғасында Орта Азия халықтарының ұлттық музыка мұралары, сол кездегі даңқты өнер ше­берлерінің қайталанбас дауыстары жазылды. Жұмысын жүйелі түрде жолға қоя бастаған 1957 жылдары Ташкенттің, кейін Орта Азияның халық шаруашылығы кеңесінің қарамағына көшіп, бүкілодақтық «Мелодия» фирмасының құрамына кірген зауыт 1969 жылы Мулла Туйчи Ташмұхамедовтің есімін иеленіп, стереофонды күйтабақтар шығаруды меңгерді.

Осы зауыттан шыққан түрлі күйтабақ жинақтарға Сыр бойынан Б.Омаров, Ф.Төлегенова, Ә.Батырбеков, Қ.Бүрлібаев, Ж.Ахметова, А.Мамытбаев, Т.Дүйсебеков секіл­ді орындаушылардың бір-екі ән, күй, тер­ме­лері жазылды. Кіші граммофонды күй­табақ шығарғандар Ә.Әбуов, Ә.Ноғайбаев, С.Баймағамбетов, Ш.Төлепова, Н.Ойнарова, А.Сәрсенбаев, ал граммофонды үлкен күйта­ба­ғы жарық көргендер К.Рүстембеков, Б.Ердәулетов, Б.Рүстембеков, Ә.Еңкебаев, А.Алматов, А.Тұяқбаев, И.Ысқақов, Қ.Тасбер­генов­тер болатын. Күндей күркіреген Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы құлаған тұста, он сегіз жастағы дауысым таңбаланған «Жыр күмбезі» граммофонды үлкен күйтабақтан кейін, көп ұзамай-ақ, зауыт өзінің соңғы өнімін шығардыға есептеліп, жабылды. Сөйтіп Ташкентің тәмәм болды.

– Менің білуімше, бұл кезде Алматы мемлекеттік консерваториясының студенті­сің. Ал енді, қанша жалынсаң да қайтып келмейтін, қолының ұшын да бермейтін сол кезең туралы, осы кезде дәріс берген ұстаздарың  жайында айтарың баршылық екенін білеміз. Қанша дегенмен, қасиетті өнер ордасынан даңқты музыканттар шығып, өнерімен дүйім елге танылды емес пе?

– Әлі есімде, консерваторияның дайындық бөліміне қабылданған жылым, толық студент атанбаған кезім. Арқаның ән мұрасын теңдеп, көкірегіне қазына артып, Бекболат келген, Сыр бойынан бір күн, бір түн жырлайтын репертуар меңгеріп біз, әйгілі Абай топырағынан Мейіргүл мен Базаркүл есімді екі қыз… Қазіргі Халық әні кафедрасының тарихындағы алғашқы төрт студент осылар.

Соның алдында ғана, 1986 жылы Алматыда, орталық алаңда болған, жастар мен студенттердің бас көтеріп, теңдік сұраған «қанды оқиғаға қатысты, соны ұйымдастыруға ұйытқы болды» деген желеумен әйгілі композитор Ғазиза Ахметқызы Жұбанова ректорлық қызметінен босатылған. Қазақы қалпын бұзбаған асыл апаны анда-санда көреміз, консерваторияға келіп-кетіп, өзіне тиесілі сабағын беріп кетіп жүретін. Рабайда, консерватория дәліздерінде қарсы кездесе қалса, ерекше мейіріммен қарайтын. Әрине, іштей бәрін біледі екен ғой. Бірақ сыртына шығарып айтқан кезін естіген, көрген жерім жоқ. Білетінім, басын тік көтеріп, үнемі жайдары қалыппен, күлім қағып жүретін. Ішкі дүниесі опырылып, алай-түлей болып жатқанын біз ол кезде қайдан білейік.

– Әйгілі лингвист-тюрколог Құдайберген Жұбановтың қарындасы, қазаққа аянбай, жанын жалдап қызмет еткен композитор, музыкатанушы, қайран Ахмет Жұбановтың қызы. Сондай тұлғаларға да орынсыз қиянат жасалды, ә?

– Енді қайтесің, саясатың сыйықсыз болса, қай кезде де көрген күнің содан артық бол­майды. Қасиетті орын бос тұрушы ма еді, көп ұзаған жоқ, Ғазиза Ахметқызының тұғыр тағына Дүйсен Қасейінов басшылық қызметке тағайындалды. Ректорымыздың жалындап, арын­дап тұрған шағы, үнемі жарқылдап жүреді. Жаңадан ашылған Халық әні кафедрасының дайындық курсының «әйгілі студенттерін», әсіресе Бекеңді ерекше бауырлайды. Бізді де онша теріс көрмейтінін ішім сезеді. Теріс көр­генің не, ағалық қамқорлығын аяған жоқ. Сол үшін де қарыздармын Дүйсекеңе. Бұл жайын­да уытты әзілі тиген жерін ойып түсіретін Бауыржан Омардың «Қазір менің Дүйсен ағам ректор» деп басталатын бізге арнаған тармақты әзіл шумақтарында әжептәуір айтылған. Несін тәптіштей берейін, консерватория тарихында дәс­түрлі өнердің аймақтық ерекшелігіне ден қойып, ауылдан келген бір-екі қара балаға бола, тұтас кафедра ашу оңай болды десек, қателесеміз. Біреу мұның болашағы бар десе, кейбіреулер керісінше, ұлттық өнер – ән мен жырға күмәнмен қарап, миығынан күліп жүрген дүдәмал уақыт қой.

Біздер арқылы алғаш рет, ғылыми тәжірибе есебінде жасалған бағдарлы жұмыстың бағыты сол – дәстүрлі өнерпазға диплом беріп қана қоймай, бейімділерін ғылымға баулып көрмекші еді. Әрине, мұндай іске мұрындық болған музыкатанушы Ә.Нұғманова, Ә.Байғаскина, Ә.Мұхамбетова, С. Еламанова, С. Райымбергенова сияқты дәріс оқыған ұстаздардың бізден еңбегі қайтты ма, жоқ па, ол жағын айта алмаймын. Игі жұмыстың бәріне сол кездегі халық аспаптары факультетінің деканы М.Каленбаева, кафедра меңгерушісі Ж.Кәрменов, М.Қалауов, А.Алматов, Қ.Ахмедияров, Д.Тұяқбаев, Қ.Байбосынов, Б.Қосбасаровтар мұрындық болды. Арнайы музыкалық дайындықтан өтпеген, халық ара­сындағы дәстүрлі ән-жырды меңгерген бір­неше айтушыға бола кафедра ашылғанына кон­серваторияның кейбір профессорлар құрамы тіпті қарсы еді. Оның үстіне, Құдайдың еркесіміз. Сахнадан төбеміз көрінсе болды, жұрт дүркірете қол соғады, мүйізі қарағайдай ағалар қолдап, қолпаштап, сөзімізді сөйлей жөнеледі. Көзді ашып-жұмғанша түлкі бұлаңмен өте шыққан қайран дәурен, тұтас дәуір-ай десеңші.

– Сыр бойының әдеби-музыкалық мұра­ларын зерттеу арқылы ғылым айдынына шығып, биік толқындарға құлаш сермеу өзің­ді әншілік, жыршылық, күйшілік ортадан, сахна төрінен сәл де болса, алыстатып жіберді деп ойламайсың ба? Ән шырқап, жыр жырлап жүре бергеніңде, бәлкім белгілі әртіс болар ма едің дегенім ғой. Кезінде өзіңді осындай арман қанаттандырмады ма?

– Сөзіңнің жаны бар. Үнемі ой түбінде жүретін кептің бірі – осы. Сөз жоқ, әуелде Алматыға сахнагер болуды көздеп келдік. Бірақ қазір ойлап отырсам, қазақ сахнасы бізсіз де әртіске кенде емес екен. Ұстаздық жолды да қалағаным жоқ. Шәкіртінің бағын байлау арқылы бақытқа қол жеткізетін «ұстазды» түсінбейді екенмін. Амал қанша, табиғатым солай. Зерттеусіз келе жатқан дәстүрлі қазақ өнерінің болашағы үшін бір адам сахнаның салтанатын құрбандыққа шалып, әртістікпен қош айтысу керек болды. Кім біледі, бәлкім сол тұста Тәңір ыдық таңдауын бізге түсірген шығар? Әйтпесе қазақ телевидениесінің әуе толқындары арнайы хабарлар жасап, БАҚ дегеніңіз бұрқырата жазып, дауысымызды Қазақ радиосы таспалап, өнерім жан-жақты насихатталып, концерттік сапарларымыз жиілей бастаған жұлдызды кезеңде, шынымды айтсам, кейін бірыңғай ғылым, білім жолына бет бұра­тынымды білген жоқпын.

Осындай күндердің бірінде әйгілі Қазанғап күйшінің мұрасын індете зерттеген домбырашы, зерттеуші Абдулхамит Райымбергенов мені ай-шайға қаратпай ертіп алып, қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының ғимаратына алып келді. Обалы не керек, Әбекең бізді бірталай жерге дейін сүйреді. Жасыратыны жоқ, біз кейде ерсек те, көбіне сүйретілдік. Қалай десем екен, жаңа айттым ғой, іштей бір түсініксіз, қарсылық болды. Сахнадан гөрі кітапхана жақты, ғылымды төңіректей бердім. Сол кезде консерваторияның қабырғасында жаңадан құрылып, атағы дүрілдеп тұрған фольклорлық-этнографиялық «Мұрагер» ансамблі мені әнші етіп қабылдады. Кейін олар шарықтап, бірыңғай шет мемлекеттерді аралап, дүние жүзін адақтай бастады. Біз ермей қалдық, арман, аңсарым өзге болып шықты. Соған қарағанда, Сыр бойының әдеби-музыкалық мұрасын зерттеу керек дегенді мидың терең қабаттарына мықтап отырғызған болсам керек. Әйтеуір әлгі ойдың шырмауынан шыға алмадық. Неге өйткенім осы күні өзіме де түсініксіз. Әйтпесе, өзің айтқандай, бұл күнде мүйізі қарағайдай әртіс болып жүрер едік, мұртымызды таулап.

– Сонымен, Абдулхамит ағаңыз Опера және балет театрының ғимаратындағы студия­ға алып келді. Ол кезде қазіргідей заманауи дыбыс жазғыш құралдар да, зәулім студиялар да болмаған шығар? Айтпақшы, енді ойыма түсіп отыр, сол кезде Берік Жүсіповтің есімі Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» әнімен танылғаны рас па өзі?

– Рас болғанда қандай, Жалағаш ауданындағы №202 орта мектепте оқитын қара баланы танымал еткен Алтекеңнің «Қара кемпірі». Жалпы мектепте оқып жүргенде мені сахнаға алып шыққан терме емес. Солай, замандас, қара баланың атын шығарған «Қара кемпір». Ал одан кейін шығарған «Қара қыз», «Қара шалына» жолаған жоқпын. Байқап отырған шығарсың, бұл үдеріс сол кездегі тыңдаушы қауымның құлқы Сырдың ескі терме, саздарынан гөрі, заманауи әндерге ауа бастағанын білдіреді. Дәстүр де­генің сол, бір күнде шөжіп, айнымайды, жылдар өте келе, сиыр құйым­­шақтанып, шет-шепірлеп сетіней береді. Кейде бұл үдеріс мүлдем бұйы­ғы жүреді. Әйт­песе, терме­ші кезімдегі бала дауысымды Қы­зыл­орда облыс­тық теле­­радио­комитеті тым ерте, он үш-он төрт жасымда жазып ал­ғанын айттым ғой, ілгергі сөзімде.

…Қош, соны­мен, оқуға түскен жылы өкпеме суық тиіп қатты науқастанып, бір жыл академиялық демалыс алып, әбден емделіп, оқуға қайта қосылған кезім еді. Ол заманда дыбыс жазу жұмысы түнде, жұрт аяғы басылғанда жүргізілетін. Кеңес Одағының тұсында қа­лыптасқан тәртіп солай. Әйтпесе, әлгіндей ғимараттың жертөлесіне орналасқан, кәсіби жабдықталған студияға сырттан артық-ауыс дыбыс түгілі, шыбынның ызыңы да естілмейді. Жүрегі алып ұшып тұрған бозбалада қандай деңгей болсын? Көп нәрсені сезінбей, ақыл безбеніне салмай, тек бергі жағыммен, жеңіл-желпі орындаған терме, саздарды осы күні қайта тыңдаған кезде іштей қынжылатынымды жасырмаймын. Жалпы менің бір түсінгенім, көзім жеткен мүлтіксіз ақиқат – ән, күй, мақам айту деген ақыл, парасат, пайым, деңгей, жас ерекшелігі, өмір тәжірибесі арқылы келеді екен. Жиырма жеті жасында құйрықты жұлдыздай ағып өткен, марқұм Көшеней Рүстембеков күйтабаққа жазған алғашқы термелерін «Тыңдап отырып, ұяламын!» дейді екен ғой.  Көшағаңның осы айтқанына қосылмасқа шарам жоқ. Десек те мұндай граммофонды үлкен күйтабақ шығаруға ол кезде біз секілді студент түгілі, консерваторияда неше жыл дәріс жүргізген, сахна көрген профессорлардың да қолы жете бермейтін…

– Иә, бәлкім бақ деп жүргеніміз осы шығар? Ал қазір қалай, қара домбыраңды қолға алып, әуелететін күндерің көп пе? Бұл күнде репертуарыңды да толық таспалап, жазып тастаған боларсың?

– Тап осы кезде Сыр өңірінің мақам саз­дарына қоса, көптеген ән-күйлерін, одан өзге де ауызекі мұраларын білсек те, соны ретін тауып, таспалап тастауға келгенде кежегеміз кейін тарта беретін болып жүр. Әрине, бұл жақсы әдет емес. Көкірегіңдегі репертуардың «пісіп, жетілуі» деген ұғым бар. Негізі, білетін нәрселерің алдымен әбден күйтіне келіп, жетілуі керек. Бабына келтіремін деп жүріп, шамадан асырып алсаң да дұрыс болмайды. Ұстазым Жәнібек Кәрменов «Көкірегімде пісіп, жетіліп тұрған үш жүз елуге тарта ән бар…» деп отырушы еді, иманды болғыр. Өкінішке қарай, бұл күнде соның отызға жетер-жетпесі ғана таспаланып қалғаны белгілі болып отыр. Негізі, кім-кімнің де репертуары дер кезінде, мезгіл мен кезең, жас пен жыл ерекшелігін сақтай отырып, таңбаланып, таспаға түсіріліп отыруы тиіс. Оның үстіне, бір орындаған мақам, ән, күйдің бірнеше жағдайда жазылған әлденеше нұсқасы болуы міндетті. Кейінгілер зерттеу нысанына айналдырып, салыстырып, салғастырып қарау үшін бүгінгі, жетілген ғылымның қойып отырған басты талап, тілегі – осы. Бұл жағынан сәл ұяттылаумыз, әрине. Жалпы «ақымақтау» кезінде күйеуге тиіп үлгеретін қыздардың бақытты болып кетуге мүмкіндігі молырақ болатыны сияқты, ақылға салған қай нәрсенің де ақыры уайым екен. Бұрынғылар айтқан, «Ақылды ойланамын де­генше, тентек шаруасын бітіреді». Ең дұрысы осы екен. Шынын айту керек, бұл күнде қолға бір мезгіл домбыра ұстай қойсаң, дауысың келсе, домбыраның құлағы, құлақ күйі келіссе, дауысың ілеспей тұрған сияқты бір ілгіш болады да тұрады. Адай Қашаған ақын айтқандай, «Жас сексеннен асып жүр, / Өз тымағым бүгінде, / Ауыр болып басымды, / Зіл болып, құрғыр, басып жүр. / Қолдағы бұлбұл домбыра, / Сағасымен өкпелеп, / Өз алдына көкіп жүр. / Жорғалаған он саусақ, / Қиюласпай ырғағы, / Он тарапқа өтіп жүр» дегеннің кері ғой, сол баяғы. Солай, замандас, кемеріне келген кемел шағымызда білетін, әбден пісіп-жетілген мақам-саздардан әзірге ештеңе таспаламай, таспалап тастаған «кемшін» уақытымызға көңіліміз толмай отырған жайымыз бар.

– Десе де, ақ иректің жүзіндей лыпып тұрған қайран он сегізіңде, жас болмай, бас болып жүріп орындаған күйтабаққа Сыр бойының қандай терме-толғаулары таспаланыпты? Ол кездің дыбыс жазуға деген талабын айттың ғой, соған қарағанда сапасы да өзгеше шығар?

– Жазу жұмысын Ташкенттегі граммофонды күйтабақ зауытының Алматыдағы бөлімшесі жүргізгесін, оның үстіне, дыбыс режиссері марқұм Мақаң болған соң, жаман болмайды ғой, дыбыс сапасында мін жоқ. Бірақ кейінгі шығарушылар кейбір таспаларға музыкалық деңгейлестіру, яғни дауыс пен аспапты теңестіру жұмысын жасауды ұмытып кеткен сияқты. Өкінішке қарай, соның қатарында менің де дауысым бар екен. Амал жоқ, кейін ретін тауып, қайта шығару керек екеніне көзім жетіп отыр. Бастысы он сегіз жастағы дауысым таңбаланған таспаның түпнұсқасы табылды! Жақын күндердің бірінде түпнұсқаны Мұрат Әбуғазы інім қолыма тигізді. Қолға тиген соң репертуарымды тізім­деп, қарап шықтым. Бас-аяғы он бес терме екен: «Құлақ салып, сөз тыңда» (Нұртуған), «Ашпас» (қарасақал Ерімбет), «Бұйратбекке» (Разақ), «Сабыттың термесі» (Сабыт), «Сөз сөйлейін термеден» (Наурызбай), «Кереге, уық тапқанмен…» (Тұрмағамбет), «Ер жігіт» (кете Жүсіп), «Адамдық қасиет» (алтын Сейітжан), «Көшенейге» (Әзірбек), «Нұртуғанның толғауы» (Нұртуған), «Терме» (Нұртуған), «Жақсы адам жатық мінез…» (Тұрмағамбет), «Бастау» (Жиенбай), «Маңырама» (Тасберген), «Терме» (Нұртуған). Жаңағыдай, «байдың қызында да бола беретін» азын-аулақ ақауларын есептемегенде, репертуар жағынан мүлтіксіз деуге болады.

– Бәрекелді, Беке, осыдан отыз алты жыл бұрын таспаға түсіп, қайта оралып, қолыңа тиген баға жетпес өнеріңнің бір белесі – «олжаң» құтты болсын. Берісі Сыр бойының халқы, әрісі күллі қазақ өзіңді ерекше құрмет тұтады.

Сұхбаттасқан Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: