Дүйсенбі, 25 тамыз, 11:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№63,2176
23.08.2025
PDF мұрағаты

«Қарамай дауылға да жауынға да» немесе жасыл қала жасау бейнеті

23.08.2025

33 0

Бүгінде  қала келбеті жаңа кейіпке еніп қана қоймай, күн өткен сайын көркейіп, тазалығы мен әсемдігі де қатар көзге түсуде. Соңғы жылдары қолға алынған жүйелі жұмыстың нәтижесінде Қызылорда «Таза қала» республикалық жобасының алдыңғы шебінен көрініп, көш бастап тұр. Қала әкімдігі тарапынан абаттандыру жұмысы басты назарға алынып,  тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Әсіресе, көгалдандыру шаралары қаланың көркін кіргізіп, тұрғындардың көңілін сергітуде. Сондай-ақ қала көшелерінде тұрғындарға қауіп төндіретін қураған ағаштарды кесу, олардың орнына тал егу, саябақтар мен аллеяларды жаңарту қарқынды жүргізілуде. Осы орайда, қалалық  қоғамдық даму бөлімі ұйымдастырған баспасөз туры аясында қалада атқарылып жатқан жұмыстың жай-жапсарына куә болдық.

Қызылорданың табиғаты бәрімізге мәлім. Топырақтың тұздылығы, су тапшылығы – өзекті мәселелердің бірі. Соған қарамастан, жыл сайын 15 мың түп ағаш отырғызу, 500 мыңнан астам гүл егу, 10 гектардан астам аумаққа көгал төсеу жоспарланыпты. Бұл қала келбетін көркейтіп қана қоймай,  экологияға оң әсерін тигізуде. Ең маңыздысы, жасыл желектерге компания кепілдік береді. Қурап қалған жағдайда, оның орнына компания есебінен жаңасы отырғызылады. Сонымен қатар жасыл желектерді күтудің заманауи әдісі – автоматты суару жүйесі іске қосылуда. Бұл жүйе арқылы жыл сайын 40 шақырымнан астам құбыр жүргізіліп, суды үнемдеп пайдалану көзделген.

Агроном Нұрмахан Жұмағұловтың айтуынша, Қызылорданың климаты жасыл желек өсіруге қолайлы емес. Алайда мамандар тыңайтқыштар қолданып, топырақты қопсытып, арнайы дәрілер арқылы зиянкестермен күрес жүргізудің нәтижесінде мәселенің шешімін тауып отыр.

–   Қаланы көгалдандыру – басты міндетіміз. Жыл басынан бері 20 мыңнан аса ағаш отырғызылды. Қазір қысқы маусымға дайындық жүріп жатыр. Ағаштарға тыңайтқыштар беріліп, топырақ қайта қопсытылуда. Қайта жаңғыртудан өткен  «Президент саябағындағы» ағаштарға құрылыс кезінде зиян тимеу үшін  Бейбарыс Сұлтан көшесіне көшірілді. Қазіргі таңда 250-ге жуық жұмысшы тынбай еңбек етуде. Басты мақсат – Қызылорданы жасыл қалаға айналдыру, – дейді агроном Нұрмахан Жұмағылов.

Жасыл желек қалаға сән беріп қана қоймай, кей жағдайда қауіп тудыруы да мүмкін. Соңғы жылдары тұрғындар тарапынан электр сымдарына тиіп тұрған немесе құлау қаупі бар ағаштарды кесу жөнінде көптеген өтініш түскен. Бұл ретте арнайы бригадалар тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жұмыс істейді.

– Бір күнде кем дегенде 5-6 өтініш түседі. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін тыңбай жұмыс істейміз. Сондай-ақ ағаштарды кесу барысында барлық қауіпсіздік шаралары сақталған. Мәселен, арнайы бас киім, қолғап, көзілдірік, қорғаныш киімін кию – басты талап. Бұл шыдамдылық пен тиянақтылықты қажет ететін жұмыс. Ең бастысы, тұрғындардың қауіпсіздігі, – дейді тал кесуші Бағдат Арыстанұлы.

Көгалдандыру тек ағаш отырғызумен шектелмейді. Қала көшелері де гүлдермен көмкерілуде. Мәселен, Назарбаев көшесінің бойына жылына 200 мыңнан астам гүл отырғызу жоспарланған.

– Басты мақсат – Қызылорда тұрғындары үшін жайлы әрі экологиялық таза орта қалыптастыру. Қаланы жасыл желекке орап, қала көшелері мен  саябақтарды абаттандыру күнделікті міндетіміз, – дейді «KazStroyCapital LTD Kyzylorda» ЖШС директоры Дастан Бақытбекұлы.

Қызылорда бүгінде жасыл желекке оранған қалаға айналып келеді. Бұл тек әкімдік пен мердігер мекемелердің еңбегі емес, қала тұрғындарының да ортақ ісі. Әрбір тұрғын өз ауласын көгалдандырып, ағаш отырғызуға үлес қоса білсе, Сырдың бас шаһары болашақта нағыз экологиялық таза әрі жайлы қалаға айналары анық.

                                                                                    Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: