2026 жыл сырбойылықтар үшін тарихи оқиғамен басталды. Ұлттық құрылтайдың V отырысы алғашқы ел астанасы болған Сыр өңірінің орталығында өтті. Алқалы жиынға ат терлетіп келген қонақтардың ең алдымен Сырдың бас шаһарының жаңа келбетіне риза болып, таңданысын жасыра алмағаны бұған дейін жазылды. Шынында, бүгінгі қала тынысы бұрынғыға ұқсамайды. Уақыт талабына сай жаңарған, жасарған қаланың қарбаласқа толы тіршілігінде жетістік те, әлі шешімін күткен мәселе де аз емес. Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдеріне брифинг беріп, өткен жылы қалада атқарылған жұмыстар, алдағы жоспарлар туралы айтты.
Шаһар басшысы ең алдымен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыр өңіріндегі атқарылған жұмысқа оң бағасын бергенін атап айтып, Президенттің қолдауымен биыл өңірде жүзеге асатын жобалар жайын да атап өтті.
– Жыл басы айтулы оқиғалармен бастау алды. Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. Бір ғасыр бұрын елдік тағдыр таразыға түскен қастерлі мекенде кемел келешекке қатысты терең ойлар тоғысты. Осылайша Қызылорда тағы бір мәрте тарихи маңызы бар шешімдер қабылданатын орта екенін дәлелдеді. Алқалы жиында Президентіміз соңғы жылдардағы облыстың даму қарқынына, жүзеге асқан жүйелі жұмыстарға, Нұрлыбек Машбекұлының табанды әрі белсенді еңбегіне жоғары бағасын берген еді. Жаңа жылу электр орталығының іске қосылуы, халықтың сапалы ауызсумен қамтамасыз етілуі, тұрғындардың «көгілдір отынға» қол жеткізуі, автожол сапасының жақсаруы және логистика инфрақұрылымының жаңғыртылуын айрықша атап өтті.
Арал мәселесін де назардан тыс қалдырмай, дарияның басындағы елдермен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалғанын жеткізді.
Биыл жаңа Драма театр мен Президенттік кітапхана ғимаратының салынатынын айтты. Бұл бастамалар өңірдің рухани және әлеуметтік дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.Тиімділігі зор жобаның тағы бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің «Қызылорда–Ақтөбе» бағытындағы жол төрт жолақтыға кеңейтіледі. Оған қоса, «Бейнеу – Сексеуіл» бағытындағы жолдың құрылыс жұмыстары қолға алынады. Көптен күткен бұл жобалар өңір экономикасына қуат беріп, транзиттік әлеуетті күшейтетіні анық.
Осылайша Мемлекет басшысының қолдауымен ұлт болашағын айқындайтын ең маңызды шаруалардың жүзеге асуына жол ашылды. Аталған жетістіктер алдағы күннің айқын бағыты және бекем бірлігіміздің берекесі болып тарихта қалады.
Ерекше атап өту керек, Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мен Сыр елі жұртшылығының бойынан туған жерге деген сүйіспеншілікті, қамқорлық пен жанашырлықты, нағыз отаншылдықты көремін», «Сыр бойы нағыз еңбек адамдарының мекені» деп дәріптеп, жерлестеріміздің рухы мен аймақ мәртебесін асырды. Айтылған әрбір сөз жігерімізді жанып, жауапкершілікті арттырып, ертеңгі күнге сенімді күшейтті, – деді қала әкімі.
Қала бюджеті және инвестиция
Брифингте қала бюджетінің жыл сайын артып келе жатқаны айтылды. Сандарды сөйлетсек, 2025 жылдың басында 73 млрд 100 млн теңгемен бекіген қала бюджеті жыл соңында 154 млрд 200 млн теңгеге жетті. Көрсеткіш 210,9 пайызды құрады. Бұл қаржы қаладағы өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.
Ал биылғы бюджет 94 млрд 200 млн теңге болып бекітілген. Қазіргі таңда оның көлемі 140 млрд 460 млн теңгеге жетіп отыр. Қаланың түсімдері 147 млрд 661 млн теңгеге (2024 жылы 114 млрд 490 млн теңгеге) орындалып, 128,9 пайызға ұлғайды. Оның ішінде өз кірістеріміз 44 млрд 814 млн теңге (2024 жылы 37 млрд. 892 млн. теңге) немесе 118,3 пайызға артығымен орындалды. Қаламыздың негізгі капиталына салынған инвестиция 369 млрд 412 млн теңгені құрап, 118,5 пайызға артты (облыстағы үлесі – 47,7%). Құрылыс жұмыстарының көлемі 182 млрд 276 млн теңгеге жетіп, 111,3 пайызға өсті (облыстағы үлесі – 49,8%). Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнім көлемі 17 млрд 76 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 100,8 пайыз болды. Бөлшек сауда көлемі 499 млрд 724 млн теңгені құрап, 102,6 пайызға көтерілді (облыстағы үлесі – 86,1%).
Қоныс той көп тойланатын қала
Кейінгі жылдары облыс орталығында қоныс той көбейді. Бұл халықты баспанамен қамту жұмысы жүйелі жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
– Халықты баспанамен қамтуда республикада алдыңғы орындамыз. Яғни өткен жылы көпқабатты тұрғын үйлерді салу мен сатып алу үшін 35 млрд 812 млн теңге жұмсалып, 1890 отбасыға пәтер кілттері табысталды. Биыл кезекте тұрған отбасыларға пәтер сатып алу үшін облыстық бюджеттен 39 млрд 474 млн теңге бөлініп отыр, – дейді шаһар басшысы.
Жол жөндеу жалғасады
Жол жөндеу жұмыстары айтылса, елдің елең ете қалатыны белгілі. «Биыл қандай көшелер жөнделеді?» деген сұрақ қай кезде де өзекті екені даусыз. Биыл қалалықтар үшін жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда жақсы жаңалық көп. Шет аймақтағылар үшін де. Брифингте атап айтылғандай, биыл 1 млрд 600 млн теңгеге С.Торайғыров көшесінен Қызылорда-Құмкөл автожолына дейінгі Сағымбаев көшесі қайта жаңғыртылады. Себебі жаңа көпір мен қайта жаңғыртылатын Сағымбаев көшесі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі мен Астана қаласынан келетін жолды түйістіретін үлкен қақпа болады.
– Өткен жылы аймақ басшысының тікелей қолдауымен жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға 30 млрд теңге қаралды. Бұл қаражатпен 79 көшеге жол құрылыстары салынып, қайта жаңғыртылды. Күрделі және орташа жол жөндеуден өтті. Негізгі көшелердің бірі – Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылын жаңғырту екі кезең бойынша жүргізіліп, пайдалануға берілді. Аспалы көпірден бастап Сағымбаев көшесіне дейінгі аралықтағы жол қайта жаңғыртылып, кеңейтілді. Күнделікті тіршіліктің тынымсыз қозғалысы үшін көпірдің маңызы зор. Сол себепті оған аса мән беріледі. Сондықтан біз аспалы көпір аталып кеткен Шиелі бағытындағы автомобиль көпірін де қайта жаңғырттық. Қала мен Тасбөгет кентін байланыстыратын «Қызылжарма» каналының үстінен өтетін автожол көпірін салып, іске қостық. Одан бөлек, Әуежай жолындағы үш көпір қайта жаңғыртылып, кеңейтілді (Шіркейлі, Сыздық, Жаңадария). Қызылөзек ауылдық округіндегі «Қожақ» көпірі жаңаланды. Қазіргі таңда Жанқожа батыр көшесі бойымен өтетін теміржол асты өткелінің құрылысы жүруде. Осы орайда айта кеткен жөн, қала орталықтарына ғана емес, кенттер мен ауылдардағы, шет аймақтардағы жолдарға басымдық берілді. Нақтыласам, қала көшелерін күтіп-ұстау жұмыстары аясында «Бәйтерек», «Шанхай», «Титов», «КБИ», «Саяхат» тұрғын аудандарындағы 35 көшеге асфальт, «Эдельвейс» пен «Ягодка» саяжайларындағы 20-ға жуық көшесіне тас төселді. Сондай-ақ көпқабатты үйлердің аулаішілік жолдары жаңартылды (Ақмешіт, 3 ірілендірілген квартал, Астана-1,2, Арай-3, Тоқмағамбетов №3 үй). «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы ұзындығы 4 шақырымды құрайтын 7 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды, – деді Нұржан Ахатов.
Брифингте биыл да бұл жұмыстар жалғасын табатыны атап айтылды. Яғни, 975 млн 900 мың теңгеге «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы оңтүстік магистралды каналы арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталады. 1 млрд 600 млн теңгеге С.Торайғыров көшесінен Қызылорда-Құмкөл автожолына дейінгі Сағымбаев көшесі қайта жаңғыртылады. Жаңа көпір мен қайта жаңғыртылатын Сағымбаев көшесі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі мен Астана қаласынан келетін жолды түйістіретін үлкен қақпа болады.
Сондай-ақ құны 2 млрд 600 млн теңгеге қаладағы 8 автомобиль жолы күрделі жөндеуден өтеді. Жөнделетін көшелер қатарында Ж.Шанин көшесі Сағымбаев көшесінен Қызылорда-Жезқазған трассасына дейін, Б.Момышұлы көшесі 2-ші Қаржаубаев көшесінен Әл-Фараби көшесіне дейін, Б.Асқар көшесі А.Тоқмағанбетов көшесінен Айтбаев көшесіне дейін, Жақаев көшесі, Сарқырама көшесі, Ақмырза ахун тұйығы, С.Романов көшесі, Ыдырысов көшесі бар.
– Жоспардағы ірі жобаларымыздың тағы бірі – биыл Н.Назарбаев даңғылын Б. Баймаханов көшесінен бастап Тасбөгет кентіне дейінгі аралығын қайта жаңғыртып, күрделі жөндеуден өткіземіз. Бұл жұмыстардың қатарына Тасбөгет кентіндегі А.Иманов, Бозғұл-1, Наурыз және Ш.Есенов көшелері еніп отыр.
Сондай-ақ Б.Баймаханов пен А.Шәменов көшесінің аралығына дейінгі А.Спанов көшесін де қайта жаңғыртамыз. Дәл осы ізбен Назарбаев даңғылы арқылы қала мен Тасбөгет кентін жалғайтын «Қызылжарма» каналының автомобиль көпірін қайта жаңғырту жоспарымызда бар. Бұл алдағы уақыт еншісінде. Сонымен қатар Тәуелсіздікке – 25 жыл даңғылын Қ.Маханбетов көшесімен жалғап, Марал Ишан көшесін кіреберіс қақпаға дейінгі аралығы да қайта жаңғыртуға жатқызылды. Бұл жобалар мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алуға ұсынылған. Аймақ басшысының қолдауымен аталған жобаларды қаржыландыру нақтыланды. Сонымен қатар 2 млрд 659 млн теңгеге кент және ауылдық округтердің 29 көшесіне қайта жаңғырту, орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – дейді шаһар басшысы.
Қызылөзекке «көгілдір отын» барады
Брифингте қалада «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыс атқарылып жатқаны атап айтылды. Бағдарлама аясында құны 5 млрд 526 млн теңгені құрайтын 14 жоба жүзеге асқан. Мұндай жобалар биыл да жалғасады екен. Биыл Ақжарма ауылдық округіне қарасты Талдыарал елді мекеніне қосымша скважина орнатуға 624 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ Биологиялық тазарту станциясын жаңғырту мен автоматтандыру жұмысын аяқтауға 1 млрд 264 млн теңге қаралған. Одан бөлек, 697 млн теңгеге қаладағы су құбыры желілерінің құрылысы жүргізілмек. Қалаға қарасты ауылдарды «көгілдір отынмен» қамту жұмысы да жалғасын табатыны айтылды. Биыл қызылөзектіктер от жағудан құтылады десек, артық айтқандық емес.
– Тұрғындарды «көгілдір отынмен» қамту – басты міндетіміз. Бұл тұрғыда газ желісі жетпеген елдімекендерге және қала аумағында қалып қойған аумақтарға көгілдір отын тартуға 3 млрд 500 млн теңге бағытталды. Шаһарға іргелес жатқан «Сабалақ» елді мекені газға қосылып, тұрғындар игілігін көре бастады. Ендігі меже – Қызылөзек (3 елді мекенінде) ауылдық округіне газ құбырын тарту. Ол үшін 1 млрд 800 млн теңгеге жоба әзірленді. Қосымша айта кеткеніміз жөн, бүгінгі таңда жаңа бас жоспар бекітілуде. Онда қала жанындағы саяжайлар толығымен қамтылады. Біз басты құжатқа сүйене отырып, Эдельвейс, Еңбек, Орбита секілді саяжайларға да газ желісін жүргізуді жоспарлап отырмыз, – дейді қала әкімі Н.Ахатов.
Ауылға серпін берген бағдарлама
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауылдардың көп мәселесін шешуге ықпал етті. Брифингте атап айтылғандай, өткен жылы бағдарлама жобасы аясында жалпы құны 2 млрд 321 млн теңгеге қалаға қарасты 6 елді мекендегі (Ақсуат, Досан, Қызылжарма, Қараөзек, Айнакөл ауылдарында және Қараөзек бекетінде) жаңа қоныстанған аумақтарға электр желілері тартылып, тозығы жеткендері қайта жаңғыртылған. Нәтижесінде шет аймақтар мен шаһардың өзінде қыруар шаруа атқарылып, электр желілерінің тозу деңгейі 57 пайызға төмендеген. Биыл да бұл жұмысты жалғастыру үшін облыстық бюджеттен 2 млрд 268 млн теңге бөлінген.
Көркейген қала келбеті
Қала келбетіне көрік қосқан жаңарған үйлердің жайы да үлкен жұмыстың нәтижесі. Бұл мақсатта облыстық бюджет есебінен 1 млрд теңгеге 20 көпқабатты үйдің қасбеті жаңаланды.Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 20 көпқабатты үйдің аулалары абаттандырылды. Бұл жұмыстарға қалалық бюджет есебінен 1 млрд 300 млн теңге қаралған.
Қос базар жаңарады
Қалалықтарға «Жаңа базар» мен «Ескі базар» жақсы таныс. Тіпті ауылдағылар да алдымен қос базарға келетіні белгілі. Алайда уақыт талабы базарларды да айналып өтпеді. Брифингте қаладағы қос базардың жаңғыртудан өтіп жатқаны атап айтылды. Жалпы, қалада кәсіпті дамытуға жасалып жатқан мүмкіндік те аз емес.
– Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы аясында 46 жобаға 359 млн 500 мың теңге несие берілді. «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы өнеркәсіп саласының 20 жобасы қолдау тауып, 627 млн теңгеге қол жеткізді. Екінші деңгейлі банктер арқылы 86 кәсіпкер 4 млрд 600 млн теңге жеңілдетілген несие алып, нәтижесінде қала кәсіпкерлерінің саны 35 мыңнан, ондағы жұмыспен қамтылғандар 63 мыңнан асты. Шағын және орта кәсіпкерлікпен 374 млрд 752 млн теңгеге өнім өндірілді. Құны 240 млрд теңгенің 16 жаңа инвестициялық жобасы іске асты. Біз бұл жобалармен қатар, қаладағы «Жаңа» және «Ескі базар» аталып кеткен қос сауда орталығын жаңғыртудан өткізудеміз, – деді қала әкімі.
Білімге қамқорлық көптік етпейді
«Келешек мектептері» жобасы аясында облыс орталығының өзінде 5 мектеп пайдалануға берілген. Жеткіншектердің сапалы білім алып, өнерлі, білімді болуына барлық жағдай жасалуда.
– Білімге салынған инвестиция – болашақ негізі. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» жобасы аясында қаламызда 5 мектеп салынды. Тәулігіне 3 мың оқушы қабылдап, қосымша білім беретін мүмкіндіктер қарастырылған «Сыр жұлдыздары» академиясы бой көтерді. Физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты ел игілігіне табысталды. Құны 4 млрд 800 млн теңгеге музыкалық колледжінің салынуы өңір өнерін өркендетуге кең тыныс ашты. Кәсіптік білім беру және жұмысшы мамандықтарының кәсіби шеберлігін шыңдайтын «Құзіреттілік орталығының» құрылысы жүруде. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің заманауи жаңа ғимаратының пайдалануға берілуі мәдениет пен тарихқа көрсетілген құрметтің белгісі, – дейді қала әкімі.
Құрылысы қарқынды Қызылорда
Құрылысы қарқын алған бас шаһарда ел игілігіне пайдалануға берілген нысандар аз емес. Соны бірі – 11 мың орындық жана стадионның пайдалануға берілуі. Күн сайын зәулім ғимараттар жарыса бой көтеруде.
– Президентіміздің қолдауымен қаламызда 26 млрд 500 млн теңгеге 11 мың орындық жаңа стадион пайдалануға берілді. Сыр халқы асыға күткен стадион өткен жылы футболдан Қазақстан кубогының финалдық ойынымен ашылды. Қазіргі таңда осы іргелі нысанның жалғасы есебінде аумағы 25 мың шаршы метрді құрайтын, құны 20 млрд 500 млн теңге болатын көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүруде. Кешенде олимпиадалық спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары, жүзу бассейні, халықаралық жарыстарды өткізуге арналған 2500 орындық зал қарастырылған. Осындай құрылыстардың ізін жаңғыртып, құны 36 млрд 400 млн теңгеге 300 орындық көпбейінді аурухана орталығы бой көтеруде.
Облыс орталығында 48 млрд 500 млн теңгеге 200 орындық перинаталдық орталық пен 14 млрд 780 млн теңгеге 500 орындық емхана құрылыстары басталады. Бұдан бөлек, 10 млрд теңгеге 400 орындық емхананың іргетасы қаланады. Өткен жылы Ассамблеяның 30 жылдығы аясында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының» қолдауымен құны 3 млрд 800 млн теңгені құрайтын жаңадан «Достық үйі» салынды. Тағы бір ірі құрылыстың бірі Президент саябағына қарама-қарсы беттен «Қайсар-Академиясының» ғимараты салынады, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Өндіріс өркендеп келеді
Бүгінде бас шаһарда өндіріс өркен жайып келеді. Жаңа зауыттардың іске қосылуы өңір әлеуетін арттары түсетіні белгілі. Бір ғана мысал, облыс орталығында нан зауытының ашылуы қала тарихындағы айтарлықтай жағдай.
– Құны 5 млрд теңге болатын толық автоматтандырылған өндіріс орны «Қызылорда Саз-М» серіктестігінің кірпіш зауыты ашылды. Зауыт жылына 90 млн кірпіш шығарып, жергілікті құрылысқа қажетті сұраныстың 90 пайызын қамтамасыз етеді. Бұл өндіріс орындарымен қатар, құны 5 млрд 600 млн теңге болатын «Қызылорда нан» зауыты іске қосылып, нан тоқаш, макарон, кондитерлік өнімдерін шығаруда. Сондай-ақ «Рока групп» компаниясымен жылына 500 мың бұйымға дейін санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын жоғары технологиялық зауыт салу жөнінде Үкімет басшысының алдында келісімге қол қойылды. Еліміздегі бұл бағыттағы алғашқы зауыттың құны 44 млрд теңгеден асады. 300-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарлануда. Мемлекет басшысының қолдауымен «Акса Энерджи» түрік компаниясының инвестициясымен, құны 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығы салынды, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ қаладағы көп қабатты үйлердің ыстық сумен қамтылуы да тұрғындардан көптен бергі арманы. Шаһардағы 623 көпқабатты тұрғын үй ыстық суға қосылуға мүмкіндік алды. Жоба құны – 26 млрд 200 млн теңге.
Тазалықтан көш басында
Бүгінде Қызылорда туралы «қала тазармайды» деген қасаң пікір өзгерді. Қазір Қызылорда қаласы тазалық жөнінен көш басында. «Ең таза қала» саналатын Қызылорда қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүйелі жұмыс жүруде.
– Өткен жылы қалалық мәдени және демалыс паркін қайтадан жаңғыртып, салтанатты түрде халық игілігіне табыстадық. Игі іс – «Қорқыт ата» скверінде жалғасып, саябақ қайта түледі. «Президент саябағында» да күрделі жаңғырту жүргізілді. Мұндағы құрылыстар әлі де жалғасуда. Жоспар бойынша аталған аумақтағы нысандарды көктем шыға ел игілігіне табыстаймыз. Айта кету керек, саябақ ішінде жылдың 4 мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері бой көтеруде. Оған қоса, Ботаникалық білім беру орталығының ғимараты салынуда. Алдағы күндері Президент саябағы мен Астана шағын ауданын байланыстыратын Сырдария өзені үстінен жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталады. Ерекше атап өту қажет, Президент саябағында инвестор қаражаты есебінен бес жұлдызды қонақ үйдің құрылысы жүруде. Биыл құны 4 млрд теңге болатын Қызылжарма каналының бойын серуендеуге қолайлы етіп абаттандырып, науа құрылысын жүргіземіз. Өткен жыл соңында қаланың және оған қарасты кенттер мен ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған 109 жоба әзірленген еді. Бұл жобаларды қаржыландыру үшін республикалық және облыстық бюджеттерге 112 млрд 867 млн теңгенің өтінімі ұсынылды. Егер осы жобалар толықтай қаржыландырылғанда мақсатты жоспарларымызды жүзеге асырамыз, – деді қала әкімі.
Брифинг барысында қала әкімі БАҚ өкілдері қойған сұраққа жауап берді.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!