Сенбі, 09 тамыз, 14:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№59,2172
09.08.2025
PDF мұрағаты

Қарқынды құрылыс – ел экономикасының көрінісі

09.08.2025

48 0

Қызылорда қарқынды құрылыс алаңына айналды. Сырдарияның сол жағалауы көз алдымызда үлкен қалаға айналып келеді. Заманауи тұрғын үйлер бой көтеріп, әлеуметтік нысандар да қала келбетіне көрік қосып тұр. Тамыздың екінші жексенбісі – құрылысшылар күні. Осы ретте біз Қызылорда қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айдын Әнуармен сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Айдын Серікұлы, әңгіменің әлқиссасын баспана мәселесінен бастасақ… Қазіргі таңда өңірдегі құрылыс қарқынына қарап қуанып отырамыз. Баспанасы бас ауруына айналған қанша халықтың қуанышы бар ғой…

– Әрине, тұрғын үй құрылысы жөнінен біздің өңір алдыңғы қатарда келеді. Тұрғын үй құрылысын салу бағдарламасы бойынша 2 886,4 млн теңге бір ғана сол жағалаудағы №2 ықшам ауданында 40 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға бөлінді. Жоба құны 8 млрд 649,1 млн теңге тұрады. Жалпы ауданы – 28 905 шаршы метр. Ал 2024 жылы 5 млрд 762,5 млн теңге бөлінген. Жоспар негізінде 2 471 млн теңге толық игерілді.

– Тұрғын үй құрылысы бағытында тағы бір сұрақ. Пәтер беруде осал топтар мен апатты үй иелерінің мәселесі бірінші кезекте қаралады. Солай емес пе?

– Оныңыз рас. Кезекте тұрған көпбалалы және осал топтағы азаматтарға пәтер сатып алуға 30 516,939 млн теңге, апатты деп танылған тұрғын үйде тұрып жатқан азаматтарға 135 пәтер сатып алуға облыстық бюджеттен  1 672,704 млн теңге, республикалық бюджеттің 3 827,945 млн теңге, облыстың бюджеттің ішкі көздерінің қаражатынан берілетін кредиттер есебінен 25 016,2 млн теңге бөлінді. Бүгінгі күнге осал топ санатындағы кезекте тұрған отбасыларға 136 пәтер сатып алынды. Жоспар бойынша республика қазынасынан 1 672,5 млн теңге және облыстың қаржы қазанынан 592,7 млн теңге қаржы толық игерілді.

– Жаңа шағын аудандардың қалыптасқаны жақсы. Қала аумағы да, қалаға қарасты кенттер мен ауылдардың да ауқымы кеңейіп жатыр. Бұл жерде инфрақұрылым бағытында мәселе жоқ па?

– Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасына 6 328,5 млн теңге қаржы, оның ішінде республикалық бюджеттен 460 млн теңге «Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жақ жағалау бөлігінде коммерциялық үй жайлары бар 12 қабатты 66 тұрғын үй салу (4 үй) салу, электрмен жабдықтау» жобасына бөлінді. Алайда бұл жоба толықтай 2024 жылы іске асырылғандықтан бұл жобаға бөлінген қаржыны биыл жүргізілетін жобаларға бағыттауға тиісті жұмыс атқарылады. Ұлттық қор есебінен 732,1 млн теңге Жезқазған тас жолының бойындағы 150 гектер жерге инженерлік желілер құрылысына бағытталды. Бұл жобаны аймаққа беделді «Қыран» мекемесі жүзеге асырады. Жоба құны келісім шарт негізінде 1 245,1 млн теңге болады.

Сонымен қатар Сырдария өзенінің сол жағалауындағы №5 тұрғын кварталының инженерлік инфрақұрылымының құрылысы, бас жоспар және телефон желілері және Қызылорда қаласы, Сол жағалау шағын ауданы, 180 А, 180 Б, 180 В, 180 Г, 180 Д корпусы мекенжайы бойынша көпқабатты тұрғын үйлерді абаттандыруға да қаражат қаралды. Бас жоспар жүргізуге 214,9 млн теңге бөлінді. Сол жағалаудағы 7 қабатты 84 пәтерлі тұрғын үйлерге инженерлік желілер салу, Ақсуат ауылдық округіне қарасты жаңа қоныс аумағының инженерлік инфрақұрылымы, электр желісін жүргізуге де қаражат бөлініп, шет аймақ та назардан тыс қалған жоқ.

 «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы көп ауылға  мүмкіндік болды.  Бағдарлама аясында көп ауыл жыртығын жа­мап, бүтінделіп қалғандай. Ауыл­дарда биыл қандай жұмыс ат­қарылады?

– Иә, қазір де бұл бағытта қыруар жұмыс бар. Жоба шеңберінде 2 282,1 млн теңге бөлінді. Биыл жоба аясында Қызылжарма ауылында 67 көшеге электр желілерінің құрылысы, Ақсуат ауылдық округіне қарасты жаңа қоныс аумағының электр желісін жалғастыруға, Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Досан елді мекеніңдегі жаңа қоныс аумағына электр желісі жобасын жалғастыру, Қызылжарма ауылында электр желілерінің құрылысын аяқтауға, Қызылөзек ауылдық округіне қарасты Қараөзек ауылы, Қараөзек бекеті, Айнакөл ауылдарына электр тарату желілерін қайта жаңғырту жобасын жалғастыруға көңіл бөлінді.

– Қала іргесіндегі елді мекендердің жаңа қоныстарында ауызсу мәселесі әлі де бар екені анық. Құрылыс саласындағы бұл бағыт елге нағыз керектің өзі. Мән беріліп жатыр ма?

– Осы ретте айта кеткен жөн, «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы жұмыс істейді. Биыл бұл бағытта 9 116,9 млн теңге бөлінді. Қандай жұмыстар орындалады десеңіз, айтайын, әуелі Қызылорда қаласында ағын суларды тазарту қуаты тәулігіне 70 мың текше метр биологиялық тазарту станциясын жаңарту және автоматтандыру бағытындағы істі жалғастыруға мүмкіндік туды. Сондай-ақ 2023 жылы басталған «Қызылорда қаласының кәріздік сорғы станцияларын реконструкциялау және жаңғырту. «Рабочая» көшесінің бойындағы 3 агрегатқа арналған №13 «Гагарин» КСС» жобасын жалғастыруға, Қызылорда қаласында Камалов көшесі бойымен Н.Шәменұлы көшесінен Көкенов көшесіне дейін су құбыры желісін қайта жаңартуға, Қызылорда қаласында Ге Бон У көшесі бойымен Қазақстан көшесінен Ш.Айманов көшесіне дейін, Ремонтников (Киселев) көшесі бойымен Қазақстан көшесінен Ш.Айманов көшесіне дейін, Путейцев көшесі бойымен Қазақстан көшесінен Жанқожа батыр көшесіне дейін су құбыры желісін қайта жаңартуға, Қызылорда қаласында К.Байсейітова көшесімен, «Сейхун» институты, «Евразия» спорт кешені, Есенов көшесі, Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионнан №5 КНС-ке дейінгі өздігінен ағатын кәріз желісін қайта жаңғырту, Қызылорда қаласында Ыдырысов көшесі, Журба көшесінен Ыдырысов тұйығына дейінгі су жүйелерін қайта жаңғыртуға, Қызылжарма ауылдық округінде жалпы қуаттылығы 1440 текше метр болатын 3 дана ұңғыма бұрғылауға және Белкөл кентінде су құбыры, қысымды кәріз желілерінің құрылысын жүргізу жұмыстары осы бағдарлама аясында реттеледі. Мұнан басқа да сан түрлі атқарылған шаруа бар. Қаланың шет аймағындағы Жас Алаш, Өнеге, Тұмарөткел көшелері мен Сабалақ елді мекенінде де жобаларымыз жетерлік.

– Әрине, сапалы, таза ауызсу тұтыну осындай жақсы жұмыстардың жемісті нәтижесі екені анық. Қала әкімінің есепті кездесуінде де «көгілдір отын» мәселесі, қаланың кейбір бөліктері табиғи газға қосылмағаны айтылып еді. Бұл тақырыпқа байланысты не айтар едіңіз?

– «Газ тасымалдау жүйесін дамыту» бағдарламасы шеңберінде Ұлттық қор есебінен 200 млн теңге қаражат Сабалақ елді мекеніне орамішілік газ желісі мен ШГРП құрылысына, 1-ші іске қосу кешенін жүргізуге бөлінген еді. Қазір бұл қаражат толық игерілді. Мұнан бөлек те Қызылорда қаласында орамішілік газ құбырлары желісін салу жобасын аяқтауға 331,8 млн теңге бөлініп, оның 288,0 млн теңгесі жоспар бойынша игерілді.

Осы жерде айта кетейік, біздің тарапымыздан кәсіпкерлерді қолдау бағытында көп жұмыс бар. Мәселен, «Кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде индустриялық инфрақұрылымды дамыту» бағдарламасымен «Қызылорда қаласы, Сол жағалау шағын ауданы, 188Б құрылыс мекенжайында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған қоймалары және шағын өнеркәсіптік парктері бар коммуналдық базар құрылысы. Сыртқы желілері» жобасына 178,6 млн теңге бөлінді. Бүгінде құрылысы аяқталуға жақын.

– Байқап отырсақ, әрбір құрылыс жұмысына қыруар қаржы бөлініп отыр. Бұл, әрине, алдымен, мемлекеттің қолдауы. Біздің өңірдегі құрылысқа қандай баға берер едіңіз?

– Жоғарыда алғашқы сұрағыңыздан бастап, әрбір жобаның қаражатына тоқталдым. Өйткені онда үлкен мән бар. Біздің аймақтың қарқынды құрылыс алаңына айналуы аймақтың экономикасын көрсетеді. Біз бұл бағытта алдыңғы қатарда келеміз.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Дәулет Қырдан

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: