Ақиқатты айқындап жариялар,
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса, бүлк етіп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар, – деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай ауылына ақыл айтар, өскеніне демеу болар, адасқанын жолына салар қазыналы қарттардың азайып бара жатқандығы қай-қайсысымызды болмасын ойға шомылдырары анық. Олардың жүріп өткен тауқымет жолы ұрпаққа үлгі, істеген еңбегі болашаққа өнеге, берген батасы сарқылмас қазына. Қарттарымыздың әрбір айтқан сөзінде жанға азық болар қазына, ой түйер мағына бар екендігін де кейде ескермей қаламыз.
Арсыз күлкің тиылмас, жылауың да,
Айтысың да басылмас, ылаңың да.
Араздасып ағайын кетер еді,
Бір қария болмаса бір ауылда,– дегендей әр ауылдың ақылшысы, дариясы, жол сілтер көсемі болмаса ел жетім.
Жүгіріп шығар төбе көп,
Асу бермес шың қиын.
Қартайған шал елде көп,
Ақсақал болу тым қиын.
Шынында қарттыққа жету де сан соқпақтан өтіп, қиындықпен бетпе-бет келіп, өмірдің ауыртпалығына шыдап, артыңда ғибратты даңғыл жол қалдыруымен құнды.
Қариялар – халық қазынасы, «ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп бекер айтылмаған. Адамшылықтың осы бір жүгін қасиетпен, нақтылы іспен, ақыл-парасатпен көтеріп келе жатқанын қала ардагерлері де дәлелдеп отыр.
Ардагерлердің өміршеңдігін ескерген еліміз де, оларға деген ілтипатын, қамқорлығын аяған емес. Осы мақсатта қайда болмасын ардагерлер жоғары бағаланып, әр ұйымда есепке алынып, олардың күнделікті өміріне аса қатты мән берілуде.
Қызылорда қалалық Ардагерлер кеңесі де өз жұмысын осы бағытта жүргізуде. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шакизат Туребаевтың айтуынша, қала бойынша 35 мыңға жуық зейнеткер болса, оның 20400-і есепке алынып, 265 ұйым құрылған.
Қалалық ардагерлер кеңесі де жылдық жұмыс жоспарын жасап, 3 рет алқа мәжілісі өткізілген.
– Жоспарға сай басты мақсат – қала бойынша ардагерлерді есепке алып отыру, бұл бойынша әрбір ұйымға тапсырма берілген. Жаңадан ұйымдар ашу да негізгі жұмыстың бірі. Осыған орай биыл жаңадан 7 ұйым ашып, оған 395 ардагерді тіркедік. Бір атаумен аталып бірнеше ұйым біріктіріліп, жеке мекеме болып кеткен ұйыммен қайта жұмыс жүргізіліп, есебі нақтыланды.
Мәселен, «Семей сынақ полигоны», «Халық шаруашылығын дамыту және мәдениет продюсерлік орталығы» мекемелерінен келген 79 ардагер нақтылы ұйымға кіргізілді. Мұндай жұмысты күн сайын жүргізіп отырмыз.
Ұйымда 10 адамнан тұратын алқа мүшелері, 6 адамнан құралған әжелер алқасы бар. Олар Ардагерлер кеңесінде өтетін іс-шаралар мен келелі мәселеге қатысты шаруаны кеңесіп, шешіп отырады, – дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді дана халық. Сол айтқандай қарттар – асыл қазынамыз. Қалалық ардагерлер кеңесінде қарттарды құрметтеу жақсы жолға қойылған. Соның дәлелі биыл мерейлі жасқа толған 60-қа жуық ардагерге сый-сияпат пен құттықтаулар ұйымдастырылған.Үйде жатып қалған қариялар да назардан тыс қалмаған. Елге ақылшы, қоғамға өнеге көрсетіп отырған қарттардың уақытының тиімді өтуі үшін жайлы демалыс ұйымдастыру назардан тыс қалмаған.
Мәселен, наурыз айында «Әже өнегесі ұрпаққа мұра» атты «Аялы әже» форумы аясында әжелер арасында байқау өткізілген. Оған әр салада еңбек еткен 10 ардагер ана қатысып, өз өнерін ортаға салған. Түрлі шараларды үйлестіріп отыру үшін наурыз айынан бастап Қалалық ардагерлер кеңесі жанынан құрамы 6 адамнан тұратын «Әжелер алқасы» құрылған.
Жеңістің 80 жылдығы – бұл өткенге тағзым етіп, бейбітшіліктің қадірін түсінетін маңызды күн. Осындай салтанатты сәтті аға ұрпақпен ұлықтау мақсатында «Ақ Отау» мейрамханасында тыл ардагерлеріне ас беріліп, 130 ардагерге бағалы сыйлық тапсырылған. Сонымен қатар мамыр айында «Ардагерлер жеңіс әнін шырқайды» атты патриоттық ән байқауы болып өтіп, 19 ардагер қатысып, бақ сынаған. Жеңімпаз ардагерлер Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықпен марапатталған.
Маусым айында да спорт пен сергектікті бойға сіңірген ардагерлер бильярдтан сайыс өткізіп, оған білім, денсаулық, ішкі істер, ауыл шаруашылығы, мұнай, темір жол, орман, аң, балық шаруашылығы және өзге саладан 27 ардагер жарысқа түскен. Қызылорда қаласының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің бағалауымен бас жүлдені Ұлттық саралау саласы ардагері Мұхан Әмірғалиев, I орын ПетроҚазақстан компаниясынан Алмас Бекеновке, II орын Белкөл кентінен Шәмшат Ахметовке, Қазақтелекомнан Шакизада Жұбаниязовқа, III орынды Ішкі істер бөлімінен Леонид Пакке, мұнай саласынан Жарылқасын Бекназаровқа, Наурыз ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Мусаевқа, ішкі істер бөлімінен Рашид Жүсіпов секілді бір топ ардагерге берілді. Қатысушы ардагерлерге бағалы сыйлық пен кубок тапсырылған. Мұның өзі салауатты өмірді серік еткен ардагерлерге жаңа құлшыныс пен сергектік сыйлаған.
Ардагерлерді киелі орындарға апарып, серуендетуді де дәстүрге айналдырған. Ардагерлер кеңесі маусым айында 42 кісіні Оқшы ата, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи, Арыстанбаб кесенелеріне бабалар басына зират етуге жіберген. Олар сапар барысында Арыстанбаб кесенесін аралап, қазақтың біртуар азаматы Өзбекәлі Жәнібековтің басына барып зират етіп,құран бағыштаған. Мұнан соң ардагерлер Түркістанда «Керуен» сарайын тамашалап, Түркістанның жаңа келбетімен танысқан. Қызылорда қалалық Ішкі істер саласының ардагері Қ.Наурызбаев өзінің әсерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірген.
– Бүгінгі сапарымда қасиетті және тарихи киелі мекендермен жақынырақ танысып, рухани азық алдым. Өсиет пен қасиет тұнған зиялы қауыммен бірге болу, керемет кездесу, жүздесу мен үшін жақсы демалыс болды. 42 ардагердің басын қосып, бізге әсем ән мен көтеріңкі көңіл күй сыйлаған қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастырушыларына алғысым шексіз, – деді ардагер.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шакизат Туребаевтың айтуынша, ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен 12 қыркүйек күні де 47 ардагер Байқоңыр, Қорқыт ата, Марал баба бағыты бойынша саяхаттап қайтқан. Сапар барысында Марал бабаның басына құран бағыштап, зират еткен. Марал ишан қорымының шырақшысы Бекболат Марал ардагерлерге баба мен баласы Қалқай ишан және маңындағы 24 ишан жайлы тарихи мағлұмат берген. Мұнан соң ардагерлерді Байқоңыр қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Іскендір Көпешбайұлы Шубников атындағы паркке орналасқан ғарыш айлағының тарихи орындарымен таныстырған. Мұнан әрі қарттар Қорқыт ата кесенесіне аялдап, тарихи музейді аралап, қобыз үнін тыңдап, баба әруағына құран бағыштаған.
Шынында қазыналы қарттар риза болып, олардың ақ батасын алсақ, әлемде бейбітшілік салтанат құрса, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, қамбамыз дәнге, көңіліміз әнге толса міне, кейінгі ұрпақ үшін шын бақыт осы!
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!