Сейсенбі, 11 ақпан, 17:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№11,2124
11.02.2025
PDF мұрағаты

«Қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесу керек»

11.02.2025

30 0

Бұл – Мемлекет басшысының сөзі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуде банктерге жауапкершілік жүгін артты. Мемлекет бұған дейін банктерге көмектесіп келсе, енді банктердің де ел экономикасын нығайтуға өз үлестерін қосуы тиіс. Сондай-ақ азаматтардың қарызға белшесінен батуы  өзекті мәселе екенін атап айтты.

– Үкімет кредит мөлшерлемесін субсидиялау арқылы банк қаржысын тарту туралы бастама көтерді. Қаржы секторы осы міндетті орындауға белсенді қатысуға тиіс. Үкімет Кепілдік қорын құру мәселесін пысықтап жатыр. Бұдан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан «ұзақ мерзімге берілетін» қаржы тартылады. Бұл – жеткіліксіз. Нақты секторды кредиттеу көлемін арттыру үшін басқа да ұсыныстар қажет. Мен Үкімет отырысында Ұлттық қор ел экономикасының бір бөлшегі екенін айттым. Кейбір шолушылар, қоғам қайраткерлері Үкіметтің Ұлттық қордан жиі әрі көп қаржы алатынын айтады. Бұл – қалыптасқан ахуалға байланысты қабылданған шешім. Осыған бола «дағдарысқа тап болдық» деп байбалам салатындай себеп көріп тұрған жоқпын. Қорды не үшін құрдық?

Қор қаржысы мемлекеттік маңызы бар міндеттерден өзге мақсатқа жұмсалып жатса бір жөн. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, банктер бизнеске көмектесіп, эко­номиканың дамуына қаржы салу­ға тиіс. Дегенмен реттеушілік шара­лардың қатаңдағанына қара­мастан, тұтынушылық несие кө­лемі бұрынғыдай өсіп келеді. Былтыр аталған көрсеткіш 33 пайызға ұлғайды. Ал проблемалық борышкерлердің саны 1,5 миллион адамнан асты. Қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесу керек. Бұл – аса өзекті саяси мәселе. Сонымен қатар қаржылық сауатты арттыру, әсіресе өскелең ұрпақтың осы бағыттағы білімін жетілдіру маңызды. Осы ретте банктер проблемалық займдарды қайта қаржыландыру жұмыстарын күшейтіп, борышкерлердің санын өсіруге жол бермегені жөн. Аза­маттарға алаяқтық жолмен рәсім­делген кредиттерге айрықша мән беру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Бірінші кредиттік бюросының 2025 жылдың 1 қаңтардағы мәліметі бойынша жеке тұлғалардың банкке берешегі 24 трлн теңгеден асып, азаматтардың қарызы 22,9 пайызға артқан. Ел негізінен қандай мақсатта қарыз алады дегенге келсек. Оқуға, үй жөндеуге ақшалай немесе тұр­мыстық техниканы бөліп төлеуге кепілсіз несие алғандардың саны 8 миллионнан асқан. Оның өсімі 23 пайызға жетіп, 12 трлн теңгеге жақындаған. Үй аламын дегендердің қарызы бір жылда 14 пайызға өсіп, 6,7 трлн теңгеге жеткен.

"Қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесу керек"

Бір айта кетерлігі, несиеге көлік мінгендер қатары арта түскен: 559 мыңнан аса адам несиеге көлік алған. Жалпы берешектің 45 пайыз үлесі несие алып, темір тұлпар мінгендерге тиесілі. Яғни көлік алу үшін 3,6 трлн теңге несие алған. Бір сөзбен айтқанда, халықтың банкке қарызы жыл артқан сайын өсе түсуде. Тағы да сандар­ды сөйлет­сек: қазақстандықтардың банк­терге қарызы – 24 трлн теңге. Бір жылда жалпы қарыз сомасы – 22,9 пайыз, тұтынушы несиесі – 22,9 пайыз, ипотекалық қарыз алушылар – 14,1 пайызға өскен, ал автонесие бойын­ша берешек – 44,8 пайыз.

"Қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесу керек"

«Қарыз күліп келіп, жылап қайта­ды» дегендей, қаржыдан қы­сылғанда банкке барып, тіпті банк­ке бармай-ақ, смартфон арқы­лы несие алу оңай. Банктерді қамқоршысындай көріп, несие бер­геніне қуанып, оның пайызын да есептемейтін қазақ бүгінде қарыздан-қарызға өмір сүруде. Қазір несие аларда кіріс пен шығысты есептеп, тапқан табысқа сай өмір сүру­ден алыстап қалғандаймыз. «Көрпеңе қарай көсіл» деген де қазақ. Бүгін де бұл ұстаным да ұмыт қалып бара жатқандай…

Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: