Бейсенбі, 26 желтоқсан, 12:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қаржылық сауат: нені біліп,
қалай қам жасау керек?

08.06.2024

497 0

Сурет:atr.kz

Тұрақты табыстан айырылу, денсаулықтың нашарлауы, инфляция және экономикалық тұрақсыздық – кез келген адам кезігуі мүмкін тәуекелдер. Жағдай әбігерге салмау үшін бірнеше ережені білу жеткілікті. Бүгін қаржыны сақтау және табысты молайтудың бірпнеше әдісімен бөлісудің сәті туды.

Кәсіпкерге
керек кеңес

Әрбір кәсіпкер саладағы қиындық пен тәуекелді ерте тануды қалайтыны анық. Себебі алдын ала болжанған кедергіні жеңу оңай, сараланған биікті еңсеру жеңіл. Содан жас кәсіпкердің көбі тәжірибелі әріптестерінен ақыл-кеңес сұрап, жол нұсқауын қолқалайтынын білеміз. Табысты азаматтар да өздерінің жеңіс жолы туралы кітап әзірлеп, үздіктер қатарында болудың құпиясын ашып жатады. Осы орайда ғаламтор мен жеке даму кітабында жиі айтылатын кеңесті кәсіпкерлер назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Алғашқы ақыл – сапа деңгейін сақтау. Байқасаңыз, Рим империясы тұсында салынған Колизей бүгінге дейін сау жетті. Ғимаратқа қолданылған құрылыс материалдары кез келген бетоннан берік, әсемдігі небір нысаннан көркем. Мұның сыры сапада жатыр. Яғни алдымен табыс пен пайданы ойламай, сапаға көңіл бөлсеңіз, қалғаны өзі-ақ келеді деген сөз.
Өз ісіңізді жаңылмай табыңыз. Ең маңызды да мәнді кеңес осы болмақ. Көптеген кәсіпкердің жеңіліс тауып, күйреуінің бір белгісі дұрыс кәсіпті таңдамауында жатыр. Таңдаудан жаңылмау үшін кәсіп түрінің өміршеңдігі мен салған қаржының қайтарым жолын екшеген абзал. Мысалы, барлық ақшаны жаңа жылдық тауарларға салу ең ұтымсыз тәсіл. Оның орнына күнделікті тұтынатын немесе жыл бойы қолданыста болатын өнімді саудалау анағұрлым жеңіл.
Келесі кеңес – тұтынушы талғамын ескеру. Сатып алушысыз ешбір кәсіпті алға сүйрей алмасыңыз анық. Тұтынушының қалауын, оған көрсетілетін қызмет сапасын жақсартпай, пайда табамын деу бекер. Оған қоса бір келген клиенттің қайта оралуы үшін сапалы жұмыс істеу сізді бәсекелестеріңізден ерекшелейтінін ұмытпаңыз. Сол үшін азаматтарға қолайлы орта құру, жеңілдік науқанын ұйымдастыру таптырмас амал болады.
Аздан бастау артық етпейді. Мақсат-мұраттың биік болғаны жақсы-ақ. Алайда «көрпеге қарап көсілу» жөн. Жоспар құрып, мақсатқа жету жолын бөлікке бөлу қажет. Аздан көпке, төменнен жоғарыға көтерілген пайдалы. Қаншама атақты компаниялар да жұмысын аздан бастаған. Мәселен, Amazon компаниясы шағын кітап дүкенінен басталғанын білесіз бе? Кәсіп иесі уақыт өте дүкенін ұлғайтып, жаңа тауарларды сатылымға шығара бастаған. Демек, аздан бастау адастырмайды.
Қызметкер сапасы – шешуші фактор. Өнімді жұмыс үшін ұжымдық ұмтылыс пен қызметкер қабылеті басты рөл ойнайды. Бір қарағанда аса маңызды көрінбегенімен дәл осы қызметкер сапасы кәсіптің алға жылжуына мүмкіндік беріп, ойға алған межені орындауға септесетінін ұмытпаңыз. Егер қызметкеріңіз тұтынушымен дөрекі сөйлесіп, жұмысын адал атқармаса, табыс пен болашақтан құр қалдым дей беріңіз. Сондықтан кәсіптік оқу мен біліктілік арттыру курсына жаныңызға қызметкеріңізді серік етіңіз.

Үнем үнемі
есте болсын

Өзгерістерге тез бейімделу үшін икемді болуы, түрлі тәсілді пайдалану пайда әкеледі. Әрине, ешкім сала мамандықтарын жойған жоқ, бірақ мамандығыңыз көпсалалы болса, әртүрлі дағдыны дамытқан дұрыс. Өзіңізді қорғаудың оңай нұсқасы – қауіпсіздік жастықшасын жасау. Сарапшылар барлық табыстың 10%-дан 20%-ына дейінгі бөлігін үнемдеуді ұсынады. Егер табысыңыздың 80%-ы тұрақты шығындарға кетсе, қалғанының кем дегенде жартысын бөліп, қалған жартысын өзіңізге жұмсаңыз.
Табысты дұрыс бөлуге алты құмыра әдісі көмектеседі. Бірінші құмыра жалпы бюджеттің жартысынан сәл астамын алады – 55%. Бұл ақша коммуналдық төлемдерді төлеуге, азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек және басқа да қажет шығындарды өтеуге арналған. Шығындардың басқа түрлері сияқты соманың ең көп бөлігін, мүмкіндігінше, жеке резерв қорына бөлуге де болады. Бәрі өз мүмкіндігіңізге қарай.
Ең дұрысы, қаржы жастығы 3 айдағы жалақыңыздың сомасына тең болуы керек. Ай сайын 200 мың теңге алатын болсаңыз, жұмыстан босатылған немесе табысыңыздан айырылған жағдайда 600 мың теңге жинақтауыңыз керек. Сіз әрі қарай жүріп, осы сомаға 3 айлық тұрақты шығындарыңызды қоса аласыз. Мысалы, бұл – ай сайынғы 100 мың теңге шығын. Сонда қаржылай қауіпсіздік жастығы 900 мың теңге болады. Бұл қиын кезеңнен өтуге көмектеседі және жаңа жұмыс табу үшін жеткілікті уақыт болады.
Егер қымбат зат сатып алу немесе шетелге сапар жасау мақсаты болса, қаржы жоспарын құру оған да жетуге көмектеседі. Мақсаттың нақты болуы және жинақталуы қажет нақты мөлшерде көрсетілуі маңызды. Жоспары бар шығындар мен кірістер кестесі болған кезде, нақты уақытты сақтау оңайырақ. Бірдеңе дұрыс болмаса да, бәрі бақылауыңызда деген психологиялық сезім тудырады. Күтпеген жағдайларда белгілі бір ақша ағындарын қайда аударуға және ақша үнемдеуге болатынын білесіз.
Сондай-ақ мамандар жеке жұмыс уақытының құнын есептеуді ұсынады. Орташа алғанда, Еңбек кодексіне сәйкес, айына 168 сағаттан аспайды. Оның қолына 168 мың теңге түсті делік, яғни оның жұмыс сағатының құны – 1000 теңге. Мәселен, бір шыны кофе сатып алып, оған ақша табу үшін қанша уақыт жұмсағаныңызды білесіз.
Сарапшының айтуынша, егер сізде әртүрлі валютада депозиттер болса, онда негізгісі ең жоғары өтімді активте болуы керек. Яғни сіз өмір сүретін валютада. Мәселен, теңгедегі депозит 13% делік. Мұндай депозитті 2 жыл бойы ұстай отырып, үстіңгі 26%, ал доллармен тек 2% аласыз. Осылайша, екі жыл бойы теңгемен емес, доллармен депозит сақтасаңыз, қазір сіз 6% жоғалтыңыз. Ал теңгемен ұстаса, доллар айырмасын толтыра алар еді. Иә, теңгедегі барлық жинақты дер кезінде тез алып, кейін долларға айырбастауға болатын алыпсатарлық факті бар.
Дағдылар – инвестиция. Неғұрлым көп білсеңіз тұрақсыздық кезеңінде өзіңізді соғұрлым сенімді сезінесіз. Өзгеретін нарықта қолдануға болатын дағдыларды дамытыңыз. Білімге инвестиция салу әрқашан сұранысқа ие.


Берен ШАҒЫРОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: