Сейсенбі, 25 наурыз, 16:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№21,2134
23.03.2025
PDF мұрағаты

Қасапшы

23.03.2025

439 0

Ауыздығымен алысып тұрған құнанның тізгінін қолға алды. Қорада байлаулы тұрған жерінен шылбырын артқа қарай лақтырып, екінші қолымен қағып алды да, дереу сүйрелей жөнелді. Тоқсан күнді толтырып, жүз күнге жете уақытта бір орында тапжылмай тұрған жылқы алдыңғы екі аяқты аспанға көтеріп, кісіней жөнелді. Мұндайда қолына шылбырды сирек ұстайтын адам абдырап қалады. Ал күніге бес-алты жылқыны кәлимасын айтып, бауыздап жүрген Насраддин ағаға бұл жай баланың ойынындай ғана нәрсе. Аспанға атылып тұрған Қамбар ата төлінің қай-қайсысын да мысы басып тұр. Онысы қасапшылығында емес, жылқының сырын білетінінде болса керек.

– Алдыңғы аяққа өткізіңдер арқанды…

Тұлпардың тұяғы тиген жерін опырып тастайтындай. Біз әрі-беріден соң теуіп жібере ме деп маңына жуымай жүргенде, бір ашуланып алып, «ой, сендер де…» дейді де өзі іске кірісіп кетеді. Қасындағы көмекшісі Сәкен ондайда жай езу тартады.

Бірде өзім осы тірліктерімнен ұялыңқырап отырғанымда, ол асықпай әңгімесін бастады.

– Жасым алпыстан асты. Қазақ қашан да төрт түлікті пайдасына жаратқан ғой. Мінсе көлік қылған, ішсе сусын еткен, терісін, киім еткен, етін жеп ас-арқау қылған. Бірақ деймін де, кейінгі ұрпаққа қарап, қатты ойланамын. Осы балалар бүгін тауық соя алмайды, ертеңгі күні біз кеткен соң не істейді? – деді қалың ойға түскен Насыр ағам.

Расымен, ойланып қалдым. Қасапшы ағамның мені жанына шақырып алып айтқанына қарағанда, «жай жүрмей, үйреніп ал» дегені… Ал біздің қол қалам мен қағазға үйреніп қалған. Пышақты жатырқап қалатын шығар…

Насыр ағам алпамсадай денесімен пышақты қолға алып, мал терісін сыпырғанда да алдына қара салмайды. Өз кәсібінің шын жүйрігі дерсің. Қимылы қаңбақтай ұшып жүрген бізден ширақ.

– Мәселен, міне, мына жылқының он екі мүшесін он екіге теңдей бөліп, үлестіреміз. Оны біліп отырсың ғой, – деп бастады маңдайдағы терін сүртіп отырып. – Көп адам осыдан қателеседі. Кейде біреуге сүйегі көбірек, еті аз кетеді. Ал тағы бірде керісінше. Қып-қызыл ақшаға сатып алып отырған тұтынушының не жазығы бар? Біз үшін тапсырыс берген әрбір адам бірдей, сондықтан теңдей бөлеміз. Осы тәртіп сақталса, қанеки.

Құдайдың жаратқаны ғой. Малды жығып, бауыздар алдында үнемі байқаймын. Пышақтың түсер орнын көрсетіп тұрып, «міне, мына жерде кәдімгі кертік бар. Бұл – пышақ салатын орын. Осы жерден бауыздасаң, мал қиналмайды» деп бауыздар тұстың бар екенін айтып отырады.

– Обал-сауапты білу керек. Пышағың өткір болсын. Малды қинауға болмайды. Ол да Құдайдың жаратқаны. Әрбір шаңырақта бір адам қолына пышақ ұстап, мал бауыздай алса, қандай ғажап! Қазір қолына балға ұстап, шеге қаға алмайтын балаларды көргенде қатты уайымдаймын. Біз өмір сүру жеңілдеген сайын қиналып еңбек етуді ұмытып бара жатқан тәріздіміз. Дегенмен көрген жерде айта жүремін. Балаларды еңбекке баулу керек. Ал малды сою, оны жіліктеу, етті қақтау дегеніңіз қазақпен біте қайнасып келе жатыр ғой. Біз содан ажырап қалмауымыз керек. Кімге қандай жілік тартуды білмей жатады. Кей жерлерде шекені апарарда тісін қағуды ұмытып кетіп жатқандар да бар. Мұның барлығының түп төркіні тәрбиеде жатыр. Үйде айтылуы керек, – деді қасапшы аға.

Осыдан біраз жыл бұрын Насыр ағамның кіші ұлы Ернұрды мал сою үстінде көрдім. Екінші қасапшы Бұрхан мырзамен бірге жіліктеп жатыр екен. Ол кезде Ернұр әрі кетсе 7-8 сыныптарда оқиды. Қолына балтаны алып, сүйекті жаңғырықтың үстіне қояды да, қасапшының айтқан жерінен тура бір шабады. Иә, бір-ақ рет шабады. Ол бір сүйекке екінші рет балта тигізбейді. Оның осы өнеріне тәнті болғаным бар.

– Талай жігітті тәрбиелеп келе жатырмын. Өзіңнің отбасыңның нәпақасын тапқаннан бөлек, сол кәсібің арқылы біреуге пайда тигізуді ойлау керек. Әрбір әрекетіңнің екіжақты пайдасы болғанда ғана, сен өзіңді қоғамға керек сезінесің. Алдымен бір азаматқа үйретіп, кейін оны өз алдына мал сойып, жіліктей алатын деңгейге жеткізсем, бөлек шығарамын да, екінші бір шәкіртке үйрете бастаймын. Сол арқылы біз қазір бір үлкен ұжымға айналдық. Мен ол үшін қуанамын. Ал Ернұр балама келсек, ол – қазір әскери қызметкер. Бірақ ол қасымда жүргенде ешнәрсеге алаңдамаймын. Кәсіптегі ең мықты көмекшім. Сөзге жоқ, іске мығым, – деді ізбасар тәрбиелеудегі тәжірибесін айтқан ол.

«Алтайдан ауған ел»… Халифа Алтайдың осы бір кітабын оқып па едіңіз?! Сонда көшпенділердің тұрмысы халықты өнерге, қолда барды ұқсатуға баулығанын аңғаруға болады. Киімді де өздері мал терісін өңдеу арқылы дайындап, былғары дайындаудың шебері болып, қара теңіз жағалауындағы бауырлас елге соны үйреткен екен. Түріктер бізден үйренді деген осы…

Бұл арқылы айтпағымыз не? Мал шаруашылығын атакәсіп деп атаймыз. Қазақтың қанында бар өнер мен кәсіптің ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқаны да тарихтан мәлім. Дегенмен сол өнер мен кәсіптен ажырап қалмай, қанымызда бар дағдыны жоғалтып алмасақ, жарасар еді…

– Қазақ – ең көреген халық. Жылдың төрт мезгілін төрт түлікке арнаған ғой. Қазір кейде күніне 4-5 малға дейін соямыз. Орта есепке шаққанда жылдың 365 күнінде бос емеспіз. Соған қарап, шүкір дейміз. Қазақтың дастарханы жиылмасын, төрінде буы бұрқыраған ет тұрса, онда көңіліміз де тоқ, – дейді Насыр аға.

Қоржынына аспаптарын салды да, велосипедке мініп кетіп барады. «Мені келесі үй күтіп отыр. Уақытым тығыз» дегенді де ұмытпады. Бойында бар өнерді өзгеге үйретуге бар күшін салып жүрген ел азаматының әрекетіне риза болып, алыстан қарап қала бердік…

Дәулет ҚЫРДАН,

Сурет  Нұрболат Нұржаубайдың архивінен

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: