Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 12:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
Біз сын сағатта жұрт болып жұмылдық

27.04.2024

960 0

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясын өткізді. Жиынға Парламент Сенатына ҚХА қатарынан сайланған депутаттар, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, Ассамблеяның еріктілері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы Ұйымның өңірлердегі делегаттары қатысты.

Алтай мен Атырау арасындағы ұланғайыр атырап төрінде бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бас қосқан жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз басын табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен өңірлердегі атқарылып жатқан жұмыспен бастады. Ел басына күн туып, жағдай қиындаған сәтте Қазақстан халқы Ассамблеясы да іске білек сыбана кіріскеніне ерекше тоқталды.
Президенттің айтуынша, еліміз осындай сындарлы шақта стратегиялық мақсат-міндеттерінен айнымайды. Аз уақыт ішінде жүргізілген саяси реформалар нәтижесінде жұмыс істей бастаған жаңа жүйе адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға бағытталмақ. Әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидалары басты назарға алынып, елдің әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономикалық үлгіде жұмыс істейтінін жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы сессияның атауындағы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіретінін, бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала беретінін айтты.
– Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүр. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ. Бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілдері бір кісідей жұмылды. Отандастарымыз зардап шеккен жандарға жаппай қол ұшын созды. Бір-біріне шынайы жанашыр болды. Мен қарғын сумен күресуге зор үлес қосқан нағыз отаншыл азаматтарға шексіз ризамын.
Біз сын сағатта жұрт болып жұмылдық. Үкімет, мемлекеттік органдар, құзырлы мекемелер және еріктілер бірлесе жұмыс істеді. Соның арқасында 119 мыңнан астам адам дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 45 мыңға жуығы – балалар. Ең бастысы, біз адам өмірін барынша сақтап қалдық, – деді Мемлекет басшысы.
Қиындықта қалған елге жан-жақты көмек беру үшін Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылып, «Жүректен – жүрекке» деген ауқымды акция жүргізілуде. Апат аймақтарына 1500 тоннадан астам азық-түлік және ең қажетті тауарлар жолданды. Оның жалпы сомасы шамамен 770 миллион теңгеге жеткен. Президент осы ретте этномәдени бірлестіктерге арнайы алғыс айтты.
– Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды. Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты. Мұның бәрі – өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өзекті міндеттерді атап өтті. Ол ең бірінші Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет деп санайды. Сонымен қатар бүгінде жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына тоқталды. Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты.
Сонымен қатар Президент Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту мәселесіне арнайы тоқталып, ұйымның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек екенін атап өтті.
Жиында Ассамблея жетекшілеріне мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысу, этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау және мұндай оқиғалардың алдын алуға баса мән беру, Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту міндеттері жүктелді.
– Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының мамандары этномедиацияға қатысты жұмысты қолға алды. Оның ауқымын кеңейтіп, бұл тәжірибені Ассамблеяның барлық ұйымдарына тарату қажет.
Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту керек. Ең алдымен Ақсақалдар кеңесі және Аналар кеңесі сияқты тиімді құрылымдарды дамыта түскен абзал. Министрліктер және әкімдіктер олардың қызметіне қолдау көрсетуі қажет. Арнайы гранттар бөліп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар беруі керек, – деді Президент.
Дүйім ел көз тастап, құлақ түрген айтулы жиында ұлттық тақырыптар да мінберге көтерілді. Ұлттың жаны саналатын тіл мәселесіне де ерекше басымдық берген Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың көкейіндегі сауалды дөп басты.
– Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Қазақстанда да солай. Біз осы аса шетін мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажет. Бірақ бұл біздің мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударатынымызды жоққа шығармайды. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің дамуына айрықша назар аударуға ықпал етеді.
Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз. Бүгін біз өз бетінше қазақ тілін жетік меңгеріп, оны қоғамда кеңінен насихаттап жүрген азаматтарды марапаттаймыз. Бұл өте пайдалы әрі саяси тұрғыдан маңызды жұмыс деп ойлаймын. Мемлекет олардың түрлі жетістіктеріне, соның ішінде саяси сипаттағы табыстарына да назар аударады және оларды барынша қолдайды.
Қазақстан – қазақ тілі мемлекеттік тіл саналатын көптілді ел, болашақта да солай бола береді. Бұл – біз үшін орасан зор басымдық, – деді Мемлекет басшысы бағытымызды айшықтап.
Бүгінде баспана мәселесі бас ауруына айналғандар жетерлік. Егемендік тізгінімізді өз қолымызға алсақ та, бәзбіреудің босағасынан сығалап, пәтер жалдап жүргендер қаншама?! Тіпті көпбалалы отбасылар да бар бұл қатарда. Сондықтан баспана мәселесіне келгенде сергек болу жайы да айтылды. Айтпақшы, дамыған елдерде кешегі су тасқыны тәрізді апаттан келген шығындардың көп бөлігін сақтандыру компаниялары өтейді. Мұндай мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың мүлкін сақтандыруды дағды ету де осы жиынның төрінде айтылды.
– Әрине, ол үшін экономика мен қаржы жүйесін одан әрі дамытып, қоғамда тиісті мәдениет қалыптастыру керек. Үкімет бұл мәселемен айналысуы керек деп санаймын.
Халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің басты міндеті болып қала береді. Әділетті Қазақстанды құру тұжырымдамасы – құр сөз емес, нақты жүзеге асырылып жатқан шаруа. Ол үшін нақты шаралар қабылданып, жаңа мүмкіндіктерге ұдайы жол ашылып жатыр. Мысалы, менің Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы 4 инфрақұрылымдық бастамамның аясында 1 мамырдан бастап «Наурыз» атты жаңа ипотека бағдарламасы іске қосылады. Оны іске асыруға 8 жыл ішінде 1,7 триллион теңге жұмсалады. Соның нәтижесінде 70 мыңға жуық отбасы баспаналы болады, – деді Ұлттық құрылтайда көтерілген әрбір мәселе мен бастаманың аяқсыз қалмайтынын байқатқан Президент.
«Аузы күйген үрлеп ішеді» дейді дана халқымыз. Алдағы уақытта орналасқан жердің қауіпсіздігі тұрғын үй салудағы баса назар аударарлық жағдайға айнала бермек. Өйткені қауіпті аймақтарға баспана салып, бүгінде сан соғып қалып жатқандар бар. Алдағы уақытта да табиғат тағы тосын мінез танытса, біз сақадай сай тұруымыз керек. Бұл – Президенттің тапсырмасы. Мемлекет басшысы бұл ұстаным әркез алда тұру керегін жеткізді.
– Алапат тасқынның кесірінен мыңдаған адам мал-мүлкінен айырылып, табыссыз қалды. Сондықтан мемлекет азаматтарды қолдау үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. Зардап шеккен әр шаңыраққа бір реттік көмек беріледі. Бұдан бөлек, шығынды санағаннан кейін жойылған немесе зақымдалған мүлік үшін де өтемақы беріледі. Мемлекет бүлінген баспаналарды жөндейді, қирап қалған үйлердің орнына жаңасын салады.
Сонымен бірге өзен жағасына үй салу қауіпті, оны қайтадан су шайып кетуі мүмкін екенін ескерген жөн. Сондықтан құрылыс салатын жерді таңдағанда елді мекеннің гидрологиялық және географиялық ерекшелігін қаперде ұстаған абзал. Әкімдіктер тиісті ереже талаптарын қатаң сақтауға және азаматтарға тұрғылықты жерінен көшуі мүмкін екенін түсіндіруге тиіс. Тұрғындардың өмірі мен мүлкін қауіпті жағдайда қалдыруға болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елді алаңдатқан су тасқыны өмірлік сабақ болғанымен, тигізген зардабы – жүз атанның жүгіндей. Әйткенмен алдағы уақытта да олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекет пен ғылым тонның ішкі бауындай біте қайнасып жұмыс істеу керек. Президент тапсырмасымен Тараздағы Қазақ гидромелиорация-құрылыс институты қайта құрылатын болды. Сондай-ақ Алматыдағы Сейсмология институтының да әлеуеті күшеймек. Климат өзгерістерін зерттеп, тежеуге айрықша назар аударылады. Президент жиында су шаруашылығы саласын басқару жүйесі, оның ішінде «ҚазСуШар», «Нұра топтық су құбыры» сияқты компаниялар да түгел қайта құрылатынын жеткізді.
– Елдегі бөгеттер мен бөгендердің барлығы дерлік өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынған. Заман талабына сай су қоймалары тапшы болғандықтан, биылғы тасқынның зардабы тіпті ауыр болды. Сондықтан Қазақстанның 11 аймағында жаңадан 20 бөген салынады, тағы 15-іне күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда 134 елді мекенді су басу қатері едәуір азаяды.
Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына тасқынның алдын алу және оның салдарын азайту шаралары қосылады. Бұл шаралар халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленеді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің техникалық базасын жаңартамыз. Оның арнайы техникасының, тікұшақтары мен ұшақтарының санын көбейтеміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиында бірқатар азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Дәулет ҚЫРДАН
Суреттер «Аkorda.kz» сайтынан алынды

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: