Қала бойынша жыл басынан бері осы уақытқа дейін 97 өрт оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 2 млн 900 000 теңге көлемінде шығын келіп, 2 адам жарақат алған. Өткен жылмен салыстырғанда өрт оқиғасы 30% көбейген. Өрттің шығуына негізінен тұрғындардың қауіпсіздік шараларына салғырт қарауы, тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуі және де балаларды қараусыз қалдыру себеп болады.
Өрт қауіпсіздігінің кепілі – сақтық шаралары. Қарапайым ұқыптылық пен тұрғындардың тұрмыстық мәдениеті тілсіз жаудан аман сақтайды. Осы мақсатта жылу маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігін сақтау және алдын алу үшін қажетті шаралар жасалуда. Бұл жөнінде қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Асхат Тоғызбаев кеңінен тоқталды.
– Жылу беру маусымында қала аумағында орналасқан 38 113 жеке тұрғын үй секторының ауласын араладық. Тұрғындарға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша үгіт-насихат жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 69 видеоролик жарияланса, бұқаралық ақпарат құралдарында 195 мақала жарық көрді. Сондай-ақ қаладағы білім беру нысандарында «Тұрмыстық өрттің себебі мен өрт қауіпсіздік ережелері туралы» және «Көмірқышқыл газынан сақтан», «Балаларды бақылаусыз қалдырма» тақырыптарында сабақ өткізілді, – деді Асхат Тоғызбаев.
Өрт қауіпсіздігін сақтаудағы маңызды шаралардың бірі – тұрғындарды ақпараттандыру. Осы ретте қаламызда алғаш рет «Love» радиомен келісім-шарт жасалып, жеке және жолаушылар тасымалдайтын автокөліктердің дауыс құрылғылары арқылы өрт қауіпсіздігі жөнінде хабарламалар тұрақты түрде оқылуда. Осы арқылы тұрғындарға қауіпсіздікті сақтау туралы пайдалы ақпарат берілді. Өрт қауіпсіздігі туралы ақпараттандыру шаралары жүйелі түрде жүргізіліп, халыққа өрт қауіпсіздігі туралы кеңінен түсінік берілді.
– Төтенше жағдайлар басқармасы және «ҚазАймақГаз» АҚ қызметкерлерімен бірлесіп газ жабдықтарын пайдалану және орнату кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Соның аясында 67 әлеуметтік жағдайы төмен тұрғын үйлерге датчик орнатылды. Жылу беру маусымы кезінде өрт қаупі жоғары болады. Осы уақытта тұрғындардың әртүрлі жылыту құралдарын дұрыс пайдаланбауынан қауіп арта түседі. Сол себепті жағдайдың алдын алу үшін үйлерді аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Басты мақсатымыз – қайғылы оқиғаларды болдырмау. Қауіпсіздікті сақтауға жауапкершілікпен қарауға шақырамыз, – деді Асхат Тоғызбаев.
Өрт қауіпсіздігінің кепілі – адамның өзі. Қарапайым ұқыптылық пен тұрғындардың тұрмыстық мәдениеті тосыннан болатын көптеген өрттен аман сақтайды. Қазіргі таңда елімізде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамаудың салдарынан қайғылы оқиға саны азаймай тұр. Сондықтан да жылу маусымы кезінде өрт қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамаған жөн.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!