Сейсенбі, 24 ақпан, 01:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№15 (2227)
24.02.2026
PDF мұрағаты

Қазақ даласындағы алаң: Жанқожа көтерілісі

24.02.2026

36 0

XIX ғасырдың орта шені қазақ даласы үшін дегбірсіз, қанды кезең болды. Ресей империясының Сырдарияның төменгі ағысына бекініп, Орта Азия хандықтарына жол ашу стратегиясы жергілікті халықтың ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған ата қонысына үлкен қауіп төндірді. Осы кезеңнің шынайы көрінісін №1 Форт (қазіргі Қазалы) коменданты майор Булатовтың, тілмаш Ахмеровтың және өзге де патша шенеуніктерінің Орынборға жолдаған құпия баянаттарынан көреміз. Бұл құжаттар – азаттық үшін арпалысқан Жанқожа мен Исет батырлардың айбынын паш ететін тарихи жәдігерлер.

1856 жылдың қараша айының соңында №1 Форттың маңында үлкен дүрбелең басталды. Тілмәш Ахмеровтың жеткізген мәліметі бойынша, Әлімұлының шекті руынан шыққан айбынды Жанқожа Нұрмұхамедов Үш-Өткел шатқалында мыңдаған сарбаз жинап, Ресей бекінісіне шешуші соққы беруді жоспарлаған. Бұл жай ғана стихиялы көтеріліс емес, терең ойластырылған әскери стратегия еді.

Жанқожа батырдың басты мақсаты – алдымен патша өкіметіне «сатқындық» жасап, сойылын соғып жүрген жергілікті старшындарды тізе бүктіру немесе оларды өз жағына шығару болды. Батырдың саяси көрегендігі сол, ол Ресейге қарсы тұру үшін Хиуа хандығымен дипломатиялық байланыс орнатты. Құжаттарда Хиуа ханының Жанқожаға қолдау білдіріп, көмекке 2000 сарбаз жіберуге уәде бергені, тіпті өзінен арнайы екі елші аттандырғаны жазылған. Хиуа ханы: «Егер орыс бекінісін алсаңдар, сендерді толық қамқорлығыма аламын», – деп жігерлендірген. Бұл дерек Сыр қазақтарының азаттық қозғалысының аймақтық геосаяси деңгейде қаншалықты маңызды болғанын айғақтайды.

Майор Булатовтың зәресін алған тағы бір тұлға – Есет Көтібаров. 1856 жылғы 9 желтоқсандағы мәліметтер бойынша, Есет батыр Сұлтан Бөрімен және Жанқожамен одақ құрып, Арал бекінісі мен №1 Фортқа екі жақтан шабуыл жасауды көздеген. Есеттің Арал теңізінің арғы бетінен Сырға қарай жылжуы патша әскерін үлкен шығынға ұшыратуы мүмкін еді.

Бұл қауіпке қарсы Булатов шұғыл түрде Урал казактарының отрядын және екі далалық зеңбіректі (полевое орудие) аттандыруға бұйрық береді. Олар көте­рі­ліс­шілерді Қамыстыбас көлінің арғы бетінде неме­се Сапақ құдықтарының маңында күтіп алып, жолын кесуді жоспарлаған. Патша офицерлері Есеттің даладағы жылдамдығы мен халық арасындағы беделінен сескенгені соншалық, оған қарсы артиллерияны қолданудан басқа амал таппаған.

1856 жылдың 19 желтоқсаны. Сырдың мұзы әлі қатпаған, айналаны қою тұман басқан лайсаң шақ. Жанқожа батыр 1,5 мың сарбазымен №1 фортқа небәрі 70 шақырым жерде, өз есімімен аталатын «Жанқожа-қала» маңында шоғырланды. Батырдың әрбір қадамы патша офицерлерін састырды. Форттың стратегиялық шөп қорын өртеп, жаудың логистикасын тас-талқан еткен көтерілісшілердің іс-қимылы – нағыз партизандық соғыстың үлгісі болатын. Патша әскері зеңбіректерін сүйретіп Жанқожаға қарсы аттанғанымен, 15 күнге созылған толассыз жаңбыр мен тұман жерді жібітіп, бекіністің қорғаныс қабілетін төмендеткен.

Осыған қарамастан, Булатов бекіністің бастиондарын нығайтуды, №1 және №2 бастиондар арасындағы орларды тереңдетуді бұйрық етеді. Бекініс ішіндегі казактар мен артиллерияшыларға үнемі жем-шөп жеткізу мәселесі басты назарда болған. Әр атқа тәулігіне 1-ден 3 гарнецке дейін сұлы бөлінген. Бұл далалық соғыстың логистикалық жағынан қаншалықты ауыр болғанын көрсетеді.

1857 жылдың басындағы жазбаларда Түркістан мен Ташкент маңындағы жағдайлар суреттелген. Қоқан ханының бауыры Мулла-бек Ташкентке келіп, орыс бекіністеріне жақын отырған қазақ ауылдарына шабуыл жасау үшін қол жинаған. Букан тауларының маңында болған ірі қақтығыстарда көтерілісшілер Троицк керуенін талқандап, 2000 түйе, 9000 қой және 100 жылқыны алып кеткен.

Бұл тек қарақшылық емес, бұл – империяның сауда жолдарын бақылауына жасалған қарсылық. Көтерілісшілер орыс әскеріне тиесілі жүктер мен бағалы тауарларды (қызыл тауар, темір бұйымдар) тәркілеу арқылы гарнизонды ресурстан айыруды көздеді.

Майор Булатов өз рапортында көтерілістің шынайы себептері қазақтарды өз шаруашылығынан айырып, бекініс салу жұмыстарына тегін және күштеп жегуі, тілмәш Ахмеров сияқты шенеуніктердің халықты қанап, заңсыз пара мен мал жинауы, патша әкімшілігіне арқа сүйеген «жағымпаз» билер мен старшындардың өз руластарына жасаған әлімжеттігі патшалық әкімшіліктің жіберген қателіктері екенін ашық жазды

Дәл осы әлеуметтік әділетсіздік Жанқожа мен Есеттің айналасына мыңдаған адамның топтасуына, халықтың қару алып, атқа қонуына басты себеп болды.

Сыр бойындағы қазақ руларының тек өз бостандығы үшін ғана емес, адамдық ары мен намысы үшін де қалай күрескенін айғақтайды. Жанқожа батырдың айбыны мен Исет батырдың айласы патшалық Ресейдің Орта Азияға басып кіруін ондаған жылға тежеді. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл сарғайған қағаздар — ата-бабамыздың тәуелсіздік жолында ерлігінің мәңгілік куәсі.

А.БАЙМЕНОВА,

Архив құжаттарын пайдалану және жариялау

бөлімінің жоғары санатты палеографы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: