Сенбі, 01 наурыз, 16:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№16,2129
01.03.2025
PDF мұрағаты

Қазақ еліне алғыс айтамыз

01.03.2025

23 0

Ел тарихындағы айтулы күндердің бірі –  1 Наурыз. «Алғыс айту» күні ретінде атап өтілетін бұл күннің маңызы зор. Бұл күні өзге ұлт өкілдері өз шаңырағына айналған киелі қазақ жеріне, еліне ризашылықтыларын білдіреді. Тағдыр айдап қазақ жеріне келіп, осы елді паналаған түрлі ұлттар мен ұлыс өкілдері қанша жыл өтсе де қазақтың жақсылығын ұмытқан жоқ.

Бүгінде қазақ елін 130-дан астам этнос өкілдері мекен етеді. Ал Сыр өңірінде 35-тен аса өзге ұлт өкілі бар. Олар тағдырдың тар жол, тайғақ кешуінде қазақ жерін паналап, өсіп-өнді. Қазіргі таңда бір шаңырақ астында өмір сүруде. Солардың бірі – Елена Мясцова. Ол Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде тұрады. Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейінің мұғалімі.

– 1 наурыз – Алғыс айту күнінде барлық Қазақстан халқына зор алғысымды айтсам деймін. Осындай бейбіт елде өмір сүріп жатқанымызға ризамын. Менің атам Украинадан көшіп келген. Осында әжеммен танысып, екеуі үйленеді. Осы жақта қалады. Ал ата-анам қазақ елінде дүниеге келген. Мен Тереңөзек кентінде дүниеге келгенмін. Маған қазақтың қонақжайлығы ұнайды. Бір аспанның астында, тату елде өмір сүріп жатқанымызға алғыс білдіремін. Барлық этностар қазақ халқын мейірімділігі, түсіністігі, қамқорлығы мен ықыласы, құрметі үшін қадірлейді. Сондай-ақ әр ұлттың тағдырының бір болуына үлес қосқаны үшін, көпұлтты халықтың бір бөлігіне айналып, өскелең ұрпаққа жеткізетін достық қарым-қатынасы үшін сыйлы болып отыр. Осы елде тұрғандықтан қазақтың барлық дәстүрлерін жатқа білеміз. Ұлттық мерекелерді тойлауға өз үлесімізді қосамыз. Қазақ өте бауырмал, – дейді Елена Мясцова.

Қазақтың дәстүрі мен тарихын, әдебиетін үйреніп, өзгелерге үлгі болып жүрген өзге ұлт өкілінің бірі – Альбина Гадирова. Альбинаның анасы Қармақшы ауданында, әкесі Әзірбайжанда туған. Латвияда танысып бас қосқан. Біраз жыл сол жақта тұрады. Алайда анасына ауа райы жақпай, 1992 жылы Қармақшы ауданына көшіп келеді. Содан бері осы осы елде тұрады. Лезгин қызы Альбина Гадирова қазіргі таңда қаламыздағы Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Қазақ еліне алғыс айтамыз

 – Қазақ халқының барлық мерекесін тойлаймыз. Қазақ халқы әрдайым «көрші ақысы – тәңір ақысы», деген түсінікті ұстанған. Сол себепті көрші елдерге деген сыйластықпен, достық-бауырмалдылықпен қарым-қатынас жасайтыны жақсы әсер беретіні анық. Қазіргі таңда бір тудың астында қаншама ұлт өкілдері, өзге дін өкілдері түсіністікте, татулықта бейбіт елде күн кешудеміз. Осындай бірлігі жарасқан елде тұрып жатқаныма қуанамын. Сол үшін алғыс айтамын, – дейді Альбина Гадирова.

 Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде Альбина қазақы тәрбиеге жақын болып өседі. Қазақ тілін жетік меңгерген. Ата-анасының ұстанымы бойынша қазақ еліне деген құрметін еш ұмытпаған. Тіпті қазақ халқының салт-дәстүрін білуге қызығушылығы, тілге деген жанашырлығы оның осы салада қызмет етуіне септігін тигізді.

 – Ұстаздық жолды таңдауыма мектептегі ұстазым Меруерт Кенжеғұлқызы  өз үлесін қосты. Мені түрлі республикалық олимпиадаларға қатыстырды. Қазақ тіліне деген құрметім жыл өткен сайын арта түсті. Осы бағытта терең  білім алып, шәкірт тәрбиелеуді жөн санадым. Ұстаз беделін шәкірт  көтереді. Әрбір оқушымды мақтан тұтамын.  Осы елде тұрып төрт баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырмын. Арман-мақсаттарым осы елде орындалып, же­тістіктерге жетіп ке­лемін. Сондықтан да дархан пейіл қазақ хал­қына алғысым шексіз. Бүгінгі күн түрлі ұлттардың достықтарының іргесін бекітіп, өзара татуластықты арттыра түседі, – дейді Альбина Гадирова.

Сыр өңірінде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің бір ғана тілегі бар. Олар Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы айнымас достыққа сызат түспесе екен дейді. Өйткені олар үшін ынтымақ, бірлік, келісім – ең басты байлық. Олардың алғыстан басқа айтары жоқ. 

А.БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: